Әлшекей Бектібайұлы 1847 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық аймағындағы өз әкесінің есімімен аталатын «Бектібай сазы» деген елді мекенде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Әлшекей балалық шағы кезінде нағашы атасы Рүстемнің тәрбиесінде болып, одан сыбызғы тартуды үйренеді. Кейін сыбызғыдан домбыраға ауысады. Күй өнеріне құмар болып өседі. Біртіндеп өзі де күй шығара бастайды. Той-думен мен ойын-сауықтың ажары, дастарханның базары болған Әлшекей кемеліне келіп, атағы шыға бастаған кезде өнер жарысына түсе бастайды. Оның « Бөпе қызбен тартыс», «Айша қызбен тартыс» деген күйлері кезінде ел арасында аңыз боп тарайды. Бөпе күйші Әлшекейдің күйшілік өнеріне, өзіндік мәнеріне дән ризашылығын білдірген.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Әлшекейдің Айша қызбен күй тартып, Айша қызды тоқтатқан екен. Әлшекей күй мәнеріне қарай домбыраны ойнатып тартатын болған дейді. Ол домбыраны шертіп отырып, бір қолы пернеде жүрсе, екінші қолымен күй мінезіне сәйкес неше түрлі қимыл жасап та отырады екен. Бірде Жаңақорғанннан келген бір жеңгесі Әлшекейге бұрын естімеген жаңа күй тартып беруін өтініп қоймапты. Сол кезде Әлшекей сәл-пәл ойланынқырап, домбыра құлағын әрі-бері бұрай отырып, бір күйді шерте жөнделеді. Күй қайырмасына келгенде ол сол қолымен домбыра тарта отырып, оң қолын күйдің ырғағымен жанында отырған әлгі жеңгесіне жүгірте бастайды. Біраздан соң бұл сәтті тағы да қайталанады.
Әлшекейдің мұндай өнеріне риза болған дастархан басындағылар күлкіге кенеліпті. Сол жолғы тартқан бұл күйі «Жаяу кербез» аталып кетеді. Әлшекейді көрген кейінгі қарт қариялар оның үш күн, үш түн тартқанда, күй таусылмайтынды және бір күй бір күйіне ұқсамайтын деп дәріптеп отырады екен. Осындай дарын иесі үлкен жылан деп аталатын 1917 жылы Оңтүстік өңіріне, сонан Тәжікстанға қоныс тепкен. Ол жерлерде де өнерден қол үзбей көп көзіне іліккен. Күйші-сазгер Әлшекей Бектібайұлы 1932 жылы 85 жасында Тәжікстанның Душанбе қаласы Шарабай ауданындағы «Жуан» қыстағында дүние салады. Сыр елінің Тәттімбетті атаған Әлшекей 100-ге тарта күй шығарса, кезінде оның 60 күйі елге жайылған, бірақ оның жиырма шақты күйі ғана бізге жетіп үлгерген.
Сонымен Әлшекейдің бізге жеткен күйлері: «Тепең көк», «Аққу кеткен», «Тай шұбар», «Жаяу кербез», «Ақсақ тоқты», «Айрауықтың ащысы», «Тоқтаған», «Толқын», «Ене», «Шерлі», «Терісқақпай», «Бозторғай», «Нар соққан», «Жіп жүгірту», «Қаратау», «Айша қызбен тартыс». Әлшекейдің күйлерін кезінде Әбдіқадыр Әбдіхалықов, Тынысбек Дүйсебеков, Абидын Мұсабаев, Әбілтай Сүлейменов, Үсен Әбшенов, Аман Жаманқұлов, Айсын Райымбеков, Бәден Айсыновтар тартып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған еді. Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов Әлшекейдің 15 шақты күйін магнитті таспаға түсіріп, 1972 жылы Республика Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырады. Күйшінің 10 күйі Бүкілодақтық пластинка фирмасынан күйтабаққа жазылады. Әбдіқадыр Әбдіхалықов пен Тынысбек Дүйсебековтың орындауында Әлшекейдің біраз күйлерін журналист-оператор Тұмарбай Жәненов бейне таспаға түсірген еді.
Сөз соңында айтарымыз, Әлшекейдей күйшінің күйшілігі, орындау шеберлігі, оның талантты, 100-ге тарта күйінің шығу тарихымен өмірі жайлы әлі де талай зерттеуге, зерделеуге, қажет болса ғылыми еңбекке өзек болатынына шүбә жоқ.

Гүлнар АБДИШЕВА,
Әлшекей атындағы өнер мектебінің,
домбыра сыныбының мұғалімі,
домбыра бөлімінің жетекшісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!