Зымыраған сағат тілінің шексіз тықылдап соғуына мән бермеген біз уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Енді міне, алдымызда 1 – қазан қарттар күні мерекесі жақындап қалды.
Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін. Саналы ғұмырын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын қарттарымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Менің Анам текті тұқымнан шыққан. Руы – Он екі ата Байұлының Алтын Мәметек руы. Оның жетінші атасы – тарихта аты мәлім Сәлтеке би Мәметекұлы. ХІХ ғасырдың басындағы деректер бойынша, Сәлтеке бидің ұрпақтары Туған би мен Барқы батыр алтын руының бес мың шаңырағын басқарып, Троицк мен Бұқара арасында сауда жүргізген. Барқы есімі алтын руына ұран болған. Барқының баласы Науша батыр болса, Наушадан тарайтын Байназар би Сыр елінде «шешендіктің дүлдүлі» атанған, еліне аты мәшһүр, айтулы би болған.
Байназардан – Тобжан, Көпірбай, Көпешбай туған. Байназардың үлкен ұлы Тобжан да Сыр елінің үш жүздің айтулы биі болған, оның аты «Қазақ энциклопедиясына» енгізілген. Міне сол Көпешбайдан – Әубәкір, Әубәкірден менің анам тараған, Мәрия Әубәкірқызы.
Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен қарттарымызға құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес – қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Сондықтан мен де текті ұрпақтың ізі анамды халықаралық Қарттар күнімен құттықтаймын.Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Кім де кімнің үйінде қартайып отырған ата-анасы, қымбатты «қонағы» болса, ол – үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын.
Бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа ұлан-байтақ даланы, құс ұшырса қанаты талатын қазыналы жердің,ақыл парасат, ойлы да арлы адамгершілік қасиеттері арқасында ғана мұра етіп қалдырған. Олардың өнегесін ұлағат тұтқан ұрпақтары да өмір көшінде бабалар арманын жалғастырып келеді. Болашағымыз деп өткен жетістіктеріміздің алтын қазығы қариялар ортамыздың берекесін арттырып, аман есен жүріңіздер!
Анар Қуанышбаева
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!