Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев өз құттықтауында Жеңіс күнінің ел тарихында айрықша орын алатын мереке екенін атап өтті. 

“Қымбатты отандастар! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам. Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді”, – делінген құттықтауда. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерге лайықты құрмет көрсету “перзенттік борыш” екенін атап өтті. 

“Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ардагерлеріміз аман болсын! Жеңіс күні құтты болсын!” – дейді Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!