Қазалы қаласының жастары баспанаға мұқтаж отбасыға тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Қазалы қаласының тұрғыны Мағрипа Лепесова үйі отқа оранып, қысты күні қырауда балаларымен бірге далада қалған болатын. Сол уақытта қала жастары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» көңілі жабырқаған ананың жанынан табылды. Қолдарынан келген көмекті көрсетіп, көпшілікке үндеу жариялады.

Осылайша бас-аяғы 2-3 күннің ішінде жаңа баспанаға жететін қаржы жиналып, үй алынды. Ауысқан ақшасына тұрғын үйге көгілдір отын кіргізіліп, өзге де жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мұқтаж отбасыға тұрғын үй кілтін табыс етуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өз тілектестігін білдіріп, жастарға ризашылығын жеткізді.

– Қазақ халқы ешқашанда жетімін жылатпаған. Әрдайым жабырқаған жандардың жанынан табылып, қол ұшын созған. Игі дәстүрден жаңылмаған біздің жастар да тілсіз жаудың кесірінен үйінен айырылған жалғысбасты анаға баспана алып берді. Сондықтан да бүгінгі игі бастамаларды жүзеге асырып, ел ықыласына бөленген Қазалы қаласының жастарына алғысымызды айтамыз, – деді аудан әкімі.

Қуанышты сәтте аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Нұралы» мешітінің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлы, ағайын-туыстарының атынан Бақберген Кәшімов сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.

Мұнан соң жаңа баспанаға ие болған Мағрипа Лепесова қайырымдылық іске ұйытқы болған барша азаматтарға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!