Фото: wikipedia.org
KAZINFORM – Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тірі болғанда бүгін 85 жасқа толар еді.
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан Маңғыстау облысы Оңды ауылында дүниеге келген. Ол үш жасында, әкесі соғысқа аттанып, сол күйі оралмаған екен. Кекілбайдың өмірден өткенін оның отбасы мен жақындары бірнеше жылдан кейін ғана естіген. Болашақ жазушы анасы Айсәуле Жұмабайқызының тәрбиесінде ержетеді.
Жазушының анасына деген құрметі ерекше болды. Оның ел арасында кең тараған мына бір ауыз сөзі «ата-анам менің қолымда, бағып отырмын, асырап отырмын», деп міндетситін адамдар үшін үлкен ой саларлық, үлгі аларлық дүние еді. Бірде жазушы Әбіш Кекілбаевтан француздың журналисі «сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой» деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «жоқ, менің қолымда анам емес, мен анамның қолында тұрамын» деген екен. Әрбір перзент ата-анасын осылай құрметтеп жоғары көтерсе-ғой.
Әбіш ағамыз бір сұхбатында, бала кезінен әдебиетке құмартса да, әдебиетші боламын деп ойламағанын айтады.
Шетте жатқан Маңғыстауда тудым. Ол кезде Маңғыстаудың шаруашылығы да, экономикасы да артта қалған еді. Жолсыз, көп нәрсені көрмейтін, айда, жылда поштасы бір соғатын жерде туып өстім. Соған байланысты менің ең бірінші арманым – өзім өскен ортада, өзім өскен түбекте жаңару болса екен деп тіледім. Сөйтіп әуелі геолог болуға құмарттым. Өйткені ол кезде геологтар Маңғыстауда көп кезігетін. Мен де соларға еріп, біраз сергелдеңге түстім. Әдебиетті жақсы көрдім, оқыдым, ептеп өлең жазып жүрдім. Бірақ әдебиетші боламын деп армандаған жоқпын, – деген еді марқұм жазушы.
Әбіш Кекілбаев 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас таланттардың басын қосып, шығармашылық орта қалыптастырады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Сол кезден бастап жазушылық қабілетімен көзге түседі.
1962-1965 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Үш жылдай ҚазКСР Мәдениет министрлігінде жұмыс істеп, кейін екі жыл Кеңес армиясының қатарында болады.
Содан соң әр жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, ҚазКСР мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды.
1993-1995 жылдары және 1996-2002 жылдары Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып істеді. 2002 жылдан бастап Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан жоғарғы кеңесіне екі рет, Мәжіліске бір рет баламалы негізде депутат болып сайланды.
Биыл 2024 жылы 27 қыркүйекте Ақтау қаласында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
Әбіш Кекілбаев – біздің халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі. Заңғар қаламгердің шығармашылығы – қазақ рухының асқақ көрінісі. Жазушы кітаптарын оқыған адам халқымыздың жан дүниесін, ойлау жүйесін, әсемдік әлемін тереңірек тани түседі, ұлтымыздың ұлылығын ұғынады. Әбіш әлемі мұхиттай терең, оның сан-салалы мұрасы аса ауқымды, көп қырлы, мол мағыналы, – делінген құттықтауда.
Шынында да, Әбіш Кекілбайұлы – сан қырлы талант иесі. Ол – драматург, ақын, аудармашы, сыншы, көсемсөзші. Проза, поэзия, аударма, драматургия, сын, көсемсөз, шешенсөз жанрлары бойынша қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен олжа салып, өлшеусіз еңбек етті. Сонымен қатар Әбіш Кекілбайұлы – саясат саласында да елеулі еңбек сіңірген қайраткер.
Әбіш Кекілбаевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» деп аталады. Ол 1962 жылы жарық көрді. Ал «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы баспадан шықты.
1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы қалың оқырманға жол тартты. Жазушының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
«Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгер қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді.
2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бес томдық жинағы жарыққа шықты.
Жазушының бірқатар шығармасы әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Г.Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Шыңғыс Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын, Буниннің бірқатар шығармаларын тәржімалауға қатысты.
Академик Серік Қирабаев өзінің «Суреткер» атты мақаласында Әбіш Кекілбайұлының шығармаларында екі үлкен тақырыптық жүйе бар екендігіне тоқталады.
Әбіш шығармаларында екі үлкен тақырыптық жүйе бар. Бірі – аңызда сақталған дала халықтарының рулық және таптық талас-тартыстары да, екіншісі – қарапайым, халық ортасының тіршілігі, оның адамдарын суреттеу талабы. Осы тақырыптарды Әбіш жазушылық тұрғыда қалай игергенін көру үшін оның алғашқы шығармаларынан кейбір хикаяттар мен әңгімелерді еске алу артық емес. Олар сол тұстағы бүкіл Әбіш туындыларының көркемдік деңгейін, олардағы ой мен суреткерліктің белгілерін анық байқатады.
Әбіш суреттеген халық аңыздары жазушының өзі өскен ортада көп айтылып, санаға жатталып қалған шындыққа негізделеді. Ол – жас Әбіштің ойы мен сезіміне сіңген де, кейін жазушылыққа бет бұрған кезде қайта жаңғырып шыққан өмір суреттері. Сөйтіп, жазушы тарихтың, көшпелі тіршіліктің сүреңсіз әдет-ғұрыптары мен салттарын бүгінгі оқырман көз алдында тірілтті. Тарих сабағы жақсылықтан ғана тұрмайтынын, ұрпақты одан безіндіретін, өзін аулақ ұстауға үйрететін ауыр оқиғалар сабағы болатынын көрсетті. Солардың қатарында ел арасы жауласушылығының қатігездігі, дәлелсіз, себепсіз қақтығысқан араздық сезімдері, ар-намыс дегенді жамылып, соны сылтау етіп рушылдықты, бөлінушілікті күйттеген сол заманның ұғым-түсініктері айқын ашылады, – дейді Серік Қирабаев.
Әбіш Кекілбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жазушылықпен бірге мемлекеттік қызметті қатар атқарды. Қаламгер бір сұхбатында өзінің саясатқа келуі өзі суреттеген халық тағдырымен азамат ретінде тікелей айналысуға мүмкіндік бергенін айтады.
Мен өз басым әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені қолымнан әлі қаламым түскен жоқ. Ал саясатқа келетін болсақ, саясат маған ешқашан жат болып көрген жоқ. Менің бүкіл шығармаларымның негізгі тақырыбы біреу-ақ болатын – ол халықтың тағдыры. Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын? – депті.
Теңіздей терең жазушының ел руханиятына сіңірген еңбегін бір мақаланың ішінде толық жеткізу мүмкін емес екендігі бәрімізге белгілі. Елін сүйген ұлы жазушының мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!