Философия – болмыс, таным, метафизика, ақыл-ой және құндылықтар мәселесін зерттейтін, ғасырлар бойы рухани болмыс пен дүниетанымды халық санасына сіңірген ғылым. Әр ұлттың философиясында өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақ даласынан батыс елдерінің Аристотель, Иммануил Кант немесе Фома Аквинский секілді трактат жазған ойшылдар шықпады. Бірақ бұл қазақ философтарының күрделі мәселелерді қозғап, елдің тұрмыс тіршілігі, әл-ауқаты мен құндылықтарын бізге мұра етіп қалдыруына кедергі болмады.

Қазақ философиясының басты ерекшелігі – даралықты таныту стилі. Ежелгі грек философтары пайымын шәкірттері арқылы жеткізіп, жазба еңбектер қалдырса, қазақ даласында философиялық ойлар өлең, жыр-толғаулар, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы көрініс тапты. Бұл жазба мәдениетінен бұрын дамыған ауызша дәстүрдің ықпалы еді. Осылайша, халықтың мұң-мұқтажы, арман-тілегі, өмірлік қағидалары мен құндылықтары көркем түрде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Ата-әжелеріміздің балаға кішкентай кезінен халық даналығын жатқа айтқызып, тәрбиелі мәні бар ертегілерді баяндауы осыдан болар.

Қазақ философиясының төл тарихындағы бастау тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Ол Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың кеңесшісі, жырау әрі философ. Оның есімі халық жадында «Жерұйықпен» байланысты. Оның мәні тек шөбі шүйгін, суы балдай мекенді іздеу ғана емес, сонымен бірге халқы үшін бақытты, қауіпсіз, әділетті қоғам мен мемлекет құру идеясы еді. Асан қайғының басты мұраты – ел бірлігін сақтап, халықты «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманға жеткізу. Оның атына «қайғы» сөзінің жалғануы да елінің болашағын ойлап, үнемі толғаныста жүргенінен болар.

Философия туралы сөз қозғалса, Шәкәрім Құдайбердіұлын атамай кетуге болмайды. Иә, ол Абайдың ілімін жалғастырушы, бірақ қазақ философия дегенде ең алдымен қара сөздер емес, Шәкәрімнің еңбектері келеді. Себебі оның толғаулары басқа ақын-жазушыларға қарағанда терең. Ол өмір сүрген қилы заманда ұлттың рухани байлығын сақтап, адамдардың қараңғыдан алшақ болып, өз намысын жоғары қоюы маңызды болды. Шәкәрім философиясының өзегі – ар-ождан ілімі. Ол «Үш анық» атты еңбегінде адам, ақыл мен сананың түкпір-түкпіріне үңіледі. Ойшыл үшін адам өмірінің мәні – арды сақтап, адал еңбек етіп, өкінішсіз өмірге ұмтылу.

«Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар,

Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», – деген жолдары мұның айқын көрінісі. Шәкәрім ар-ұятты адамның бағыт-бағдары деп санап, оны барлық игіліктің бастауы деп білген.

Бұл ретте қазақтың данасы Абай Құнанбайұлының философиялық мұрасы ерекше орын алады. Оның «Қара сөздері» – тек көркем шығарма ғана емес, ұлттың болмысын, мінезін, кемшілігі мен артықшылығын терең талдайтын туынды. Абайдың «толық адам» ілімі – адамды кемелденуге шақыратын гуманистік концепция. «Толық адам» болу үшін ғылым, рақым және әділеттілік сияқты қасиеттерді бойға сіңіруі қажет. Бұл концепцияның негiзгi қасиетi – фәни өмірге байланбай, оның аяқ тұсайтын ықпалынан шығуында.

Қазақ философиясы – негізінен аксиологияға, яғни құндылықтарға бағытталған. Адамгершілік, имандылық, әділдік, рақымшылық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты ұғымдар қазақ ойшылдарының шығармасында үнемі негізгі тақырып ретінде қарастырылады. Өмір шындығын іздеймін деп біз шетел жазушы-философтарының ой-толғауларына жүгінеміз. Олардың айтқан ақылын санамызға құйып аламыз. Бірақ өзіміздің Абай, Шәкәрім, Асан қайғы секілді ойшылдарымыз бен билеріміздің ұлттық болмысқа негізделген еңбектері бар кезде, өзгені артық көрудің қажеті жоқ. Сондықтан ілімге алғаш ұмтылып, арзан құлық пен күлкіні қызық көрмей, ақыл, ғылым, ар, мінезбен озайық!

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!