фото: ашық дереккөзден алынды
Қазақ киносы – қоғамның айнасы ғана емес, ұлттың рухани тамырына нәр беретін күретамырдың бірі. Экранға шыққан әр туынды – көрерменнің көңіл сүзгісінен өтіп, санада өз орнын табары анық. Бірақ қазір кино кеңістігіндегі қазақ тілінің дәрежесі алаңдатады.
Мақаламызға қозғау салған өзекті мәселе – қазақ тілінің кинодағы ахуалы. Қазіргі фильмдердің басым бөлігінде таза, көркем қазақша диалог сирек ұшырасады. Көп жағдайда кейіпкерлер қазақша-орысша араластырып сөйлейді. Өмірдің шындығы десек те, өнердің миссиясы оған көшірме жасау емес екенін естен шығардық.
Бүгінде таза ана тілімізде шығатын отандық туынды саусақпен санарлық. Тіпті қазір фильмнің бәрі екітілділікті басты негізге алады. «Алло», «Әкеңнің баласы», «Дәстүр», «Ыстық ұя» және тағысын тағы фильмдер 8.0 рейтингімен көпшілікке ұнады. Бірақ осы және аты аталмаған өзге де фильмдердің барлығы қазақ және орыс тілдерінде халыққа жол тартты. Екітілділікке көрерменің де еті үйренді. Үйренгенміз сонша, ана тіліміздегі көркем сөздерді ебедейсіз көре бастадық. Бұл біздің ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарауымыздың белгісі.
Ал айтыңызшы, қай елдің екітілді туындысын көрдіңіз? Көзі ашық, көкірегі ояу жұрт бұл сұрақтың жауабын біледі. Бар болған күннің өзінде олар зиялы және тілі шұбарға айналмаған сапалы өнімді тамашалап жүр. Басты мәселе тек екітілділікте ғана емес, сондай-ақ сауатты әрі сапалы контент ұсынуда, еліміздегі қазақ тілінің мәртебесін көтеру және жасандыжаттанды репликалардан құтылу болып отыр. Сондай-ақ кейбір режиссерлердің өмірдегідей болсын деп, балағат сөздерді шектен тыс қолдануы отқа май құяды. Тіпті балағат сөздердің өзі қазақша емес екені күлкіні келтіреді.

фото: ашық дереккөзден алынды
Кино – тілдің насихатшысы. Ол тек барды көрсету емес, болуға тиіс деңгейді де ұсынуы керек. Бір кездері көрерменнің жүрегін жаулаған туындыларда тілдің шұрайы, сөздің салмағы ерекше еді. «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште», «Жаужүрек мың бала» кинотуындыларындағы әрбір сөз көзіқарақты көрерменнің жүрегіне жетіп, жастарға үлгі бола білетін өнегені дарытты. Солай емес пе? Әр сөйлемнің астарында мағына, әр сөздің бойында жылу жататын. Бүгінде есте қаларлық, салмақты әрі санаға дана ой құятын туындыны сирек кездестіреміз. Таза қазақ тілінде сөйлейтін фильмдер неге сирек? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, сценарий жазатын кәсіби мамандардың аздығы. Қазақ тілінде еркін, заманауи, табиғи диалог құра алатын сценаристер саусақпен санарлық. Екіншіден, нарықтық талаптар. Кейбір продюсерлер кең аудиторияны қамту үшін орыс тілін қосуға мәжбүрміз деп есептейді. Үшіншіден, режиссерлердің өздерінің тілдік талғамы мен ұстанымы. Төртіншіден, жаңашылдыққа ұмтылудан қорқамыз. Егер фильм тек қазақша шықса, кино танымал болмай қалады деген қорынышымыз үстемдік етеді.
Кино – тек көңіл көтеру емес, ол – тәрбие құралы. Әсіресе жастар үшін. Экраннан көргенін өмірде қайталауға бейім буын үшін киноның жауапкершілігі ауыр. Егер фильмде балағат сөз қалыпты норма ретінде көрсетілсе, ол бірте-бірте санаға сіңеді. Тіпті сіңіп те кеткен шығар…
Бүгінгі көрермен кино көргенде тек сюжет қуып қана отырмайды, ол экраннан өз өмірінің бір бөлшегін, өзіне таныс болмысты, табиғи диалогты, шынайы эмоцияны көргісі келеді. Алайда көп жағдайда заманауи қазақ фильмдерінде кейіпкерлердің қолданатын сөздері шынайылықтан алшақ, не екі тілді араластырады, не «кітаптың тілімен» сөйлейді. Мұндайда көрерменнің қалай қабылдары түсінікті. Мүлдем қолданбайтын әдеби сөздерді бүгінде сценарийге қосу әбестік, себебі жасандылық жұртқа жақпайды.
Сонымен қатар кино саласында тіл мамандарының, әдеби редакторлардың жетіспеуі анық байқалады. Әрбір сценарий кәсіби сүзгіден өтпегендіктен, экранға шикі диалогтар жол тартады. Себебі бүгінде сценарист ретінде танылып жүргендердің көбі әзілкеш пен шоумен. Кино өндірісінде тілге жауапты арнайы мамандар жұмыс істеуі тиіс. Осылайша сапалы өнімнің санын арттырамыз. Қалай техникалық топсыз кино түсіру мүмкін болмаса, тілдік редакциясыз да толыққанды туынды жасау қиын болады.
Дегенмен мәселенің тек тілмен шектелмейтіні анық. Қазақ киносындағы бүгінгі ең үлкен дағдарыс мазмұн мен форма арасындағы үйлесімнің жоғалуына қатысты. Көрерменге ұсынылатын идея көбіне үстірт, кейіпкерлердің ішкі әлемі толық ашылмайды, ал оқиға желісі бірсарынды, тіпті кейде фильмнің қалай аяқталатынын біліп отырасың. Десе де 2026 жылы жарыққа шыққан «Ғашықпын саған» фильмі таптаурындарды бұзып, көрерменнің жүрегіне жетті. Қос ғашықтың махаббат хикаясы қалай жалғасын табары бәріне қызық болды. Үміт пен қимастықты тоғыстырған бұл көркем туынды жоғары бағаланды. Яғни халық осындай мәнді туындыларды қажет етеді. Бірақ бұл – ауыр еңбек. Ал біз жеңіл әзілге, шаблонды кейіпкерлерге, қайталана беретін сюжетке үйреніп қалғанбыз.
Шаблонды кейіпкер демекші, неліктен еліміздегі киноиндустрия саласының мамандары бай болса – міндетті түрде тәкаппар, кедей болса – шарасыз, қала жастары – жеңілтек, ауыл адамдары аңғал болады деп есептейді? Кино өнерін қарабайыр деңгейге түсіретін осы бір жаттанды сценарийді миымыздан қашан алып тастаймыз? Экрандағы қойылым шынайылықты көрсете білсе екен, себебі қоғам сан алуан, ал адам болмысы күрделі. Кинотуынды сол күрделілікті аша алмаған жағдайда, ол өз миссиясынан айрылады. Кино – өнер.
Одан бөлек, қазақ киносы әлі де жанрлық әртүрлілікке зәру. Комедия мен мелодрамаға иек артқан индустрияда ғылыми-фантастика, детектив, сапалы триллер, тарихи реконструкция секілді бағыттар кенже қалуда. «Қайтадан» фильмі секілді жаңа леп әкелетін сапалы кинокартинаны арттырсақ, бұл бағытта биіктен көрінетінімізге күмән жоқ.
– Қанша уақыттан бері тіл мәселесін қайта-қайта қаузап, киномыз қазақтілді болуы керек деп аһ ұрып жүргенімізбен, оған байланысты мәселелерден әлі күнге дейін толық арыла алмай жүргеніміз рас. Ең алғашқы мәселе – тілдің бұрмалануы. Иә, кей қазақ режиссері түсірген, актерлік құрам түбегейлі қазақтардан тұратын, қазақ локациясында түсірілетін кей фильмде орыс тілі көп қолданылып жатады. Бұл жерде «неге фильм қазақша түсірілмейді?» деген жауыр патриотистік идеядан бұрын біркелкілік пен кәсіпқойлықты негізге алу керек. Не де болса, не ары емес, не бері емес, екітілді жұпыны, аралас-құралас шала дүниеге қарағанда баршаға түсінікті тек қана бір тілде қамтылған кино көрген абзал болар еді. Голливудтағы практика да солай. Кино толық ағылшынша, тек халықаралық коммуникация, диалог кезінде ғана басқа тіл қолданылады. Оның өзінде дубляжбен, кем дегенде субтитр арқылы.
Одан кейінгі мәселе – қазақ киносындағы қазақтілді кейіпкер мен орыстілді кейіпкер таптаурыны. Көптеген қазақ фильмінде, сондай-ақ сериалында элита тобындағы, салмақты кейіпкерлер көбіне орысша сөйлеп жатады. Ал керісінше, төменгі сорттағы, тек аудиторияны күлдіруге арналған сайқымазақ кейіпкерлерді орысшаға шорқақ, бірақ қазақшаға судай етіп көрсетеді. Көпшілік аса мән бермей, қалай бар, солай қабылдап, күлкіге қарқ болуы мүмкін. Алайда мұнда автор тарапынан қандай да бір дискриминация, тіл аясындағы таптаурынға жол беруін байқауға болады, – дейді журналист Айтілес Жайшылық.
Міне, біздің де айтып отырғанымыз осы. Бұдан бөлек, кино сынының әлсіздігі де индустрияның дамуын тежеп отыр. Жоғарыдағы журналистің шынайы пікірі секілді кәсіби сын болмаса, сапа өспейді. Қазір көп жағдайда фильмдерге не шамадан тыс мақтау, не орынсыз даттау басым. Ал нақты талдау, кемшілікті көрсетіп, бағытбағдар беретін сын аз. Кино саласында ашық пікір алаңы қалыптасуы тиіс. Сонда ғана режиссер де, сценарист те, актер де өсуге ұмтылады.
Жалпы қазақтың киноиндустриясы ақсап тұрған жоқ. Талай туынды көрерменге жол тапты. Талайы рекорд орнатты. Бір апта ішінде миллиардтап касса жинап, өз бюджетін, артқан сенімді ақтап шыққан кинокартиналар бар. Алайда атап өткен мәселе кез-келгенінде кездеседі. Қазақ киносының тұғыры биік. Сын айтпай мін түзелмейді демекші, бар мәселені көрсете білу – біздің міндет. Бұл бағыт дамысын десек, ең алдымен сапаға басымдық беру керек. Тіл тазалығы, мазмұн тереңдігі, техникалық шеберлік қатар дамығанда ғана ұлттық кино жаңа деңгейге көтерілмек.

фото: ашық дереккөзден алынды
Мінберде зиялы тұлға сөйлеп тұр. «Армысыздар» деді де, әрі қарай орыс тілінде сапырды. Жиынға 90% қазақ келген. Ұлт ұстазы Ахметтен, ұлт көшбасшысы Әлиханнан ұялдым. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайға қарар бет те жоқ. Бүгінгі киноның көрінісі – қысқаша осылай. Әр ісімізде ұлтжандылық болсыншы.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!