Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Т. Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде ұлттық тарихымызда есімі алтын әріппен жазылып қалған, бар жоғы 40 жыл ғана өмірінде мемлекеттік дәрежедегі сан-салалы қызметімен бірге мәдениет, өнер саласының талантты ұйымдастырушысы, зерттеушісі бола білген, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени асыл мұраларымыздың сақталуына тынбай еңбек еткен бірегей тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлт рухын ту еткен тау тұлға» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты халқы үшін туған қайратты ердің өнегелі өмір жолымен, қызметімен таныстыру, жастарға патриоттық рух беру, адамгершілікке тәрбиелеу, жас оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, рухани және мәдени құндылықтарға деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.
Іс-шараға «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлері, С. Лапин атындағы №261 мектептің ұстаздары, оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Жұмабекқызы Т. Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ал қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Батырбеков Әзиз Жұмаділдаұлы ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист, ұлттың кемел келешегі үшін аянбай қызмет еткен қайраткер тұлғаның ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы жайлы ой өрбітті. Сонымен қатар жас оқырмандар Н. Қанибек, Қ. Барысбай, Ә. Ізбасар, Н. Зейнулла қазақ өнері мен әдебиетінің кең қанат жаюына қыруар тер төккен Алаш ардақтысы Т. Жүргеновтің монологін, Ә. Рахымбекұлының, А. Рахметовтің, Ж. Әбдірейімұлының арнау өлеңдерін оқыды және С. Жаппасбай мен Н. Зейнулла халық әні «Ақ толғайды» нақышына келтіре орындап, кеш ажарын ашты. Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік және қаламгерлік тұлғасы жайлы кең көлемді «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жасалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!