Алматы облысының Кербұлақ ауданында ерте темір дәуірінде өмір сүрген сақтардың ірі жерлеу орындары бар екенін білесіз бе? Бесшатыр қорымынан «Жетісу пирамидасы» деп аталатын ең үлкен қорған табылған. Оның биіктігі 17 метрге дейін жетіп, диаметрі 100 метрге жуық аумақты алып жатыр.
Бесшатыр қорғандары лабиринттерден тұратын жерасты шұңқырларымен ерекшеленеді. Олардың бірі сақ билеушілерінің қабіріне апарады. Бұл құрылыс түрі – сақ тайпаларының инженерлік білімі мен мәдени дәстүрлерінің жоғары деңгейде болғаны жайлы түсінік береді. Бесшатыр қорғандары маңызды археологиялық ескерткіш болып қана қоймай, ежелгі сақ халықтарының өмірі мен әдет ғұрыптарын, олардың кейінгі өмір туралы сенімдері мен түсініктерін тереңірек ұғындырады.
Тарихшылардың пікірінше, біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда, қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген ежелгі сақтар ата-баба рухына табынған. «Бесшатыр» атауына қарамастан, қорымға жиырмаға жуық қорған кіреді. Бұл атау алыстан көрінетін ең үлкен бес қорғанға байланысты қойылса керек. Тағы бір дерек – патша әулеті мен ақсүйектердің жерленген жері дәл осы қорғандар болған. Бесшатыр – сақтар дәуіріндегі басқа археологиялық ескерткіштерден өзінің монументалдылығымен, жалпы құрылыс жүйесімен ерекшеленеді.
Археологтар қазба жұмыстары кезінде көптеген ерекше артефактісін тапты. Олардың арасында киімді безендіру үшін қолданылатын алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар, сондай- ақ алтынмен көмкерілген темір таяқша бар. Бұл олжалар осында жерленген адамдардың ауқаттылығын тағы да растайды. Ауқатты, беделді халық Тянь-Шань шыршаларынан жасалған бөренелерден тұрғызылған үйлерде жерленген. Ал бұл үйлер әр қорымның төрінде орналасқан. Бар байлығы мен жылқыларын бірге көміп, о дүние де көмек болады деп сенген.
Бесшатыр кешені маңызды тарихи ғана емес, сонымен қатар танымал туристік орын болуы тиіс. Келушілер Ұлы қорғандарды көріп, ежелгі тарихты қолымен ұстап, Орталық Азия тарихында елеулі із қалдырған сақтардың мәдениеті мен дәстүрлері туралы мағлұмат алады.
Айсара МЕЙРАМБЕКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!