«Жыл сөзін» әртүрлі елдердің, академиялық немесе қоғамдық институттардың анықтауы әлемде бұрыннан дәстүрге айналған. Әдетте, жылдың басты «вайбын» сипаттау үшін қандай да бір ұғым немесе термин таңдалады. Осы тәжірибені елімізде қолдансақ, 2022 жылға жеке сөзді емес, «Әділетті Қазақстан» деген тіркесті таңдаған жөн болар еді.
Бұл идеологема Қазақстан халқының өзгерістерге, әлеуметтік әділеттілікке, демократияландыруға, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға деген сұранысына жауап ретінде қалыптасты. Бірақ ол кенеттен пайда болған жоқ. Әділетті Қазақстан идеясы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Мемлекет басшысы лауазымына сайланысымен күн тәртібіне қойып, ілгерілете бастаған және дәйекті түрде жалғастырып келе жатқан жаңғыртудың негізін құрайтын көптеген бастама мен шешімнен өрбіді.
Осы бастамалардың ішінде Президент осыдан төрт жыл бұрын ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының алатын орны ерекше. Оның мәнін атауынан-ақ оңай аңғаруға болады – адамдар, олардың проблемалары мен арман-мүдделері мемлекет пен мемлекеттік саясатты жүзеге асырушылар үшін әрдайым бірінші орында тұруы керек. Орталықта да, жергілікті жерлерде де шешім қабылдаушылар үшін халықтың игілігі алға шығуы қажет.
Соңғы жылдары дәл осы тұжырымдама, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы диалогті институттандыру қадамдары жаңғырту мәселесінде елеулі ілгерілеуге мүмкіндік берді. Әуелі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, оның аясында бірнеше ірі реформалар пакеті қабылданды (олардың көпшілігі қазірдің өзінде жүзеге асырылды). 2022 жылы ҰҚСК өз жұмысын аяқтады, бірақ эстафетаны Ұлттық құрылтай өз қолына алды – бұл арада әңгіме жалпыұлттық диалогтің жаңа институттық деңгейге шығуы туралы болып отыр. ҰҚСК көп ретте мемлекетке реформалардың дұрыс бағытын айқындауға көмектесетін сарапшылық алаң болса, құрылтай – ел тағдырына бейжай қарамайтын, осы реформалардың нақты іске асуын қамтамасыз етуді міндет санайтын азаматтардың алқалы жиыны.
Қазақстанның былтыр басынан өткерген қиындықтары бұл саясаттың дұрыстығын дәлелдеді. Жаңғырту мен реформалау үдерістері бәсеңдемек түгіл, жаңа серпін алды және әділетті Қазақстан идеясының мемлекетті жаңартып, орнықтылығын арттыруға көп көмегі тигенін мойындау керек. Жаңа парадигма мемлекет пен азаматтар ортақ мақсатпен біріккен серіктестер екеніне негізделген. Ал бұл мақсат – өркендеген ел, берекелі қоғам болу.
2022 жылдың барлық оқиғасын зерттеп, талдау үшін көп уақыт қажет. Бұл шынында да айрықша жыл болды. Бірақ қазір біз ресми деректер мен сараптама бағалауларға сүйене отырып, «қазіргі сәтте» ғана емес, Қазақстанның болашақ дамуы үшін де маңызы бар шешуші оқиғаларға шолу жасағымыз келеді.
Саяси жаңғыру
Өткен жылдың шешуші саяси оқиғалары, әрине, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдум мен кезектен тыс Президент сайлауы болды. Бір жылда осындай екі маңызды науқанның өткізілуінің өзі-ақ – реформалардың қарқыны мен ауқымын айғақтайтын көрсеткіші.
Сонымен бірге 2022 жылы 5 маусымда өткен Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі референдум 1995 жылдан бері алғаш рет жүзеге асқаны баршамыздың жадымызда. Ал конституциялық реформаның тағдыры жалпыға бірдей дауыс беруге шығарылуының өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылындағы сапалы өзгерістерге бекем бет бұрғанын, демократияландыру бағытын нық ұстанып отырғанын көрсетеді. Референдум биліктің өте дер кезінде жолдаған месседжі болды. Оған азаматтардың қайтарған жауабы да көңілге үміт ұялатарлықтай – Қазақстан халқы бір-бірімен бірлікте, ел басшылығымен ынтымақтастықта екенін көрсете отырып, реформаларды қолдады. Қоғамның бірігуі – өткен плебисциттің көзге көрінбейтін, бірақ сезінерліктей және аса маңызды нәтижесі.
2022 жылғы конституциялық реформаның екінші бөлігі (қыркүйектегі) негізгі мемлекеттік институттарды демократияландыру, жаңарту және нығайту бағытындағы қозғалыс векторын барынша арттырды. Қасым-Жомарт Тоқаев
1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Негізгі Заңға жаңа түзетулер енгізуді талап ететін бастамаларын жариялады. Олардың біреуі президенттік өкілеттік мерзімін өзгертуге қатысты: енді Мемлекет басшысы қайта сайлану мүмкіндігінсіз
7 жылға және бір-ақ мерзімге сайланады. Бұл жаңашылдық елдегі жоғарғы биліктің сөзсіз ауысуына кепілдік береді, оны монополиялаудан қорғайды.
Тұтастай алғанда, 2022 жылғы реформалар суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді айқындап беріп, одан арғы жүйелі қайта құрулардың іргетасын қалады. Соның ішінде, Қазақстандағы партиялық құрылысты жандандыру бойынша маңызды шешімдер пакеті қабылданды. Жаңа саяси бірлестіктер құру рәсімдері жеңілдетілді: партияларды тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін, өңірлік өкілдердің ең аз санына (600-ден 200 адамға дейін) және ұйым құру жөніндегі бастамашыл топқа (1000-нан 700 адамға дейін) қойылатын талаптар қысқартылды. Нәтижесінде, 2022 жылы Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет «Байтақ» жаңа саяси партиясы тіркелді, тағы бір партия – Respubika тіркеу рәсімінен өтіп, қалған партиялар бойынша тиісті үдерістер жүріп жатыр. Неліктен бұл соншалықты маңызды? Көппартиялық жүйе, соның ішінде өкілді органдарда партиялардың көбірек болуы саяси бәсекелестікті дамытуға, пікірлер плюрализмін қамтамасыз етуге ықпал етеді, ал тұтастай алғанда саяси жүйенің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен азаматтардың өзекті мәселелерін шешу тиімділігі көп жағдайда осыған байланысты.
Реформаларды іс жүзінде толық жүзеге асыру белгілі уақытты қажет ететіні сөзсіз. Саяси жүйені қайта құру керек, ал Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауын (2022 жылғы 20 қарашада өткен), сондай-ақ Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын (2023 жылдың бірінші жартысында өткізіледі) мерзімінен бұрын өткізуді жариялау арқылы бұл үдерісті жеделдетті. Бұған қоса 14 қаңтарда Сенаттың кезекті сайлауы болды.
Маңызды мәселе: Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жаңаша, әлдеқайда демократиялық және ашық форматта өтеді.
Былтыр Мәжіліс (депутаттардың 30 пайызы партиялық тізім бойынша емес, тікелей сайланады) және облыстық мәслихаттар (мұнда схема 50/50 болады) сайлауының аралас пропорциялық-мажоритарлық жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. Қалалар мен аудандардың мәслихаттар сайлауы толық мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Сарапшылар дәйектегендей, мұндай тәсіл азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ететін, халықтың, оның қалаулылары мен атқарушы органдардың арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматының негізін қалайтын неғұрлым үйлесімді сайлау моделін қалыптастырады. Бұған императивтік мандат деп аталатын мандаттың енгізілуі септігін тигізеді – өз қалаулысының жұмысына көңілі толмаған адамдар оны депутаттық креслосынан айыра алады.
Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін төмендету (қазір 5% дауыс алу жеткілікті), сондай-ақ партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі бұрынғы бастамаларды еске түсірген жөн. Мұның бәрі Мәжілістің жаңа шақырылымы шынымен де палата үшін «қайта құруға» айналады деп күтуге негіз болып отыр.
Ендігі айтарымыз. Алда Қазақстандағы халық қалаулылары – Мәжіліс пен мәслихат депутаттары ғана емес, әкімдер де. 2021 жылы алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Ал 2023 жылы аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау қанатқақты режімде ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, 2022 жылдың өзінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау жүйесін өзгертіп, оны іс жүзінде тек жанама сайлау құқығы деп аталатын негізде сайлауға айналдыратын заңнамалық нормалар күшіне енді: Президент кандидаттарды ұсынады, кейін олар үшін таңдаушылар (жергілікті мәслихаттардың депутаттары) дауыс береді.
Жергілікті атқарушы билік органдары басшыларын сайлауды енгізу және оның ауқымын кеңейту – реформаларды табысты жүзеге асыру үшін өте маңызды қадам. Өйткені ол бірден бірнеше мәселені шешеді. Бұл – одан әрі демократияландыру, азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын арттыру, жергілікті билік пен жергілікті қоғамдастықтардың өзара іс-қимылының жаңа парадигмасы, жергілікті жерлерде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.
2022 жылы жаңа даму кезеңінде Қазақстанды саяси жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту үдерістерімен символикалық түрде тығыз байланысы бар тағы бір маңызды шешім болды: 2022 жылы Республика күні – 25 қазан ұлттық мерекелер күнтізбесіне қайта оралды.
Адам құқығы
Адамның негізгі қажеттігінің бірі – қауіпсіздік. Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал қауіпсіздіктің негізгі өлшемдерінің бірі – адамның іргелі құқықтарын қатаң сақтау.
Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдықтарының бірі саналады. Өткен жыл мұны қуаттай түсті. Жүргізілген конституциялық реформа Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға да ықпал етті.
Осылайша, Конституциялық сот «қалпына келтірілді» (мұндай институт Қазақстанда 1992-1995 жылдары болған, кейін оның орнын Конституциялық кеңес – адам құқықтары жөніндегі функциялары әлдеқайда шектеулі құрылым басқан). Ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Оған ресми тұлғалар (Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурор) ғана емес, қарапайым азаматтар да жүгіне алады. Яғни кейбір заңдар өзінің азамат ретіндегі конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайтын кез келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады және оның мәселесін осы аса жоғарғы инстанция міндетті түрде қарайтын болады.
Негізгі Заңға енгізілген түзетулер Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін де күшейтті. Конституцияға тиісінше жаңа бап қосылды, онда омбудсменнің тәуелсіздігінің және Президенттен басқа, қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері көрсетілген. Бұған қоса, омбудсменнің өзі де, былайша айтқанда, халыққа жақындай түсті.Қазақстанның барлық өңірінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті өкілдіктерін ашу туралы шешім қабылданды.
2022 жылы Конституцияға тағы бір қағидатты толықтыру енгізілді. Оған Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынғандығы жазылды. Бұл қадам символдық деуге болады. Елімізде өлім жазасына енгізілген мораторий 2004 жылдан бері күшінде. 2020 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қосылған. Ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер 2021 жылы енгізілген.
Бірақ өлім жазасына тыйым салудың Негізгі Заң мәтінінде де пайда болуы – Қазақстанның адамның іргелі құқықтарын қорғауға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Бұл бірегей шешімнің халықаралық қоғамдастықта кеңінен мақұлдау мен қолдауға ие болуы бекерден-бекер емес.
Алайда жұмыс тек конституциялық реформамен шектелген жоқ. Бұл саладағы заңнама да жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленді.
2022 жылы Қазақстанда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан арғы іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда барлық бағыт (соның ішінде азаптаулардың алдын алу және ондай жағдайларды тергеу сияқты нәзік тақырып та бар) бойынша құқық қорғау тетіктерін нығайту міндеттері айқындалды. Азаматтардың құқықтарының сақталуына ведомствоаралық бақылау күшейтілу үстінде. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан Құқық қорғаушылардың өздерін қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Азаматтық қоғам
Қазақстан халқы – бастамашыл және жанашыр халық. Мұны тіпті ресми статистика да растайды. Елімізде 770-ке жуық волонтерлік ұйым, әртүрлі салада жұмыс істейтін 17 мыңнан астам ҮЕҰ бар. Азаматтық қоғам қашанда елдің дамуына және проблемалық мәселелерді шешуге хал-қадерінше қатысуға ұмтылып келеді. Мемлекет өз тарапынан бұған тек қана қолдау білдіреді.
Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектор әлеуметтік серіктестер ретінде бүгінде әртүрлі әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша 2 мыңға жуық жобаны жүзеге асыруда. Ал 2022 жылы мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл тетігі тіпті нығайтылды – стратегиялық әріптестік орнату мүмкіндіктері заң жүзінде бекітілді. Бұл мемлекет пен ҮЕҰ-ның жалпыұлттық даму басымдықтарын іске асыру бағыттарында әлдеқайда тығыз бірлесе жұмыс істеуіне негіз, сондай-ақ ең өзекті мәселелер бойынша ҮЕҰ жобаларын (соның ішінде ақшалай) қолдау тетіктерін жасайды.
Өткен жылдың шілде айында қайырымдылық және волонтерлік қызмет туралы заңнама да жаңартылды. Атап айтқанда, бұл қызметті мемлекеттік деңгейде қаржылай және қаржысыз қолдау мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қоғамдық кеңестер Қазақстан халқының азаматтық-саяси белсенділігін арттырудың пәрменді шарасы, сондай-ақ билік пен халық арасындағы кері байланыстың өзін жақсы танытқан тетігі болып қала береді. Бүгінгі таңда республикада орталық мемлекеттік органдарды қоса алғанда, 250-ден астам ҚК бар, олар 2022 жылдан бастап тағы 13 квазимемлекеттік ұйымда құрылды. Өткен жылы ҚК-нің барлық құрамына ревизия жүргізіліп, олардағы билік өкілдерінің саны барынша азайтылды. Кеңестердің жұмысына 4 мыңнан астам адам тартылған болса, олардың басым көпшілігі – үкіметтік емес сектор мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері.
Сумен қамтамасыз етуден бастап заң және нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарауға дейінгі, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылаудан бастап жер мәселесіне дейінгі азаматтар үшін ең көкейкесті мәселелер – ҚК-лердің басты назарында. Және де кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып саналады. Шын мәнінде, қоғамдық кеңестер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен адамға бағытталуын арттыруға қалай әсер ететінінің айқын көрінісіне айналды.
Ақпараттық сала
Қазіргі әлем – ақпарат әлемі. Ал оның шындығы мемлекеттер мен қоғамдардан осы салаға жіті де жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Қазақстан бар сын-қатерлерді жақсы түсінеді және ақпарат кеңістігін еркіндікті толық қамтамасыз ететіндей және қауіпті хаосқа жол бермейтіндей етіп дамытуға ұмтылады.
Қазақстан Конституциясында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» делінген. Президент (Конституцияның кепілі ретінде) наурыз айындағы Жолдауында бұл тақырыпты дамыта түсті. Ол еліміздегі одан әрі демократиялық қайта құрулар тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін еместігін айтып, «БАҚ туралы» Заңды «мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиасаланы дамыту үрдістерін ескере» отырып, қайта қарау міндетін қойды.
«Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасы және оған қатысты басқа да құжаттар кеңінен талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылды. Осы заң қабылданғаннан кейін БАҚ туралы қолданыстағы заңнама 50 пайыздан астамға жаңартылады деп болжанып отыр.
Өзгерістер, атап айтқанда, мемлекет пен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың ескірген тәсілдерін қайта қарауға бағытталған. Әңгіме мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетігін түбегейлі трансформациялау туралы болып отыр. БАҚ-ты гранттық қаржыландыру моделіне кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру ұсынылады. Журналистер қоғамдастығының қызметін құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Журналистерді кәсіби аккредиттеудің жаңа тетігі әзірленуде.
Ақпараттық салада бүгінде цифрлық масс-медиа үстемдік құрып отыр. Әртүрлі сарапшылық институттар қазақстандықтардың жаңалықтарды қайдан алатыны туралы жиі сауалдама жүргізеді. Осындай әлеуметтік өлшеулердің нәтижелері мынадай жалпы үрдісті көрсетеді: әлеуметтік желілер, блогерлер, мессенджерлердегі ақпараттық арналар және басқа да онлайн платформалар барған сайын жаңалық көздеріне айналуда. Мұның қауіптілігі сол, «жаңа медианы» құқықтық реттеуде әлі күнге елеулі олқылық бар. Мұның өзі фейктерге, айла-шарғыларға, жауапсыз ақпарат жіберуге жағдай жасайды. Жаңа заңнама осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс.
2022 жылдың тағы бір маңызды эпизоды – Қазақстанның ақпараттық доктринасының әзірленуі. Бұл құжат қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында мемлекеттік ақпараттық саясаттың идеологиялық құрамдас бөлігін айқындайды, ақпараттық саланы одан әрі ырықтандыру бағдарларын береді. Доктринаның түпкі мақсаты – мемлекет пен қоғамның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Әлеуметтік саясат
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен әл-ауқаты мәселелері әрқашан негізгі басымдықтардың қатарында. Бұл ретте елімізде болып жатқан жаңғырту әлеуметтік саясатты да шет қалдырған жоқ. Мұндағы ең маңызды жобалардың бірі – 2023 жылдан бастап күшіне енеді деп күтіліп отырған Әлеуметтік кодекс. Осы құжаттың қабылдануы, бұрын әртүрлі құқықтық актілер мен заңдар аясында «шашырап» келген ауқымды әлеуметтік қолдау шараларын бір «мұқабаның» ішіне жинақтауымен маңызды. Бұл әлеуметтік саясатқа қажетті жүйелілік, белсенділік береді, тиімсіз шараларды анықтап, жоюға, қайталауларды болдырмауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекс цифрлық әлеуметтік отбасы картасын құруды, ана мен баланы қолдау шараларын күшейтуді, еңбек нарығын дамытуды және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін, арнаулы әлеуметтік қызметтер, зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруді, әлеуметтік қызметкердің кәсібилігі мен мәртебесін арттыруды және басқа шараларды көздейді.
2022 жылы қабылданған маңызды институттық шешім – Қазақстанда Халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау жөніндегі омбудсменнің жаңа лауазымы тағайындалғандығы.
Тағы бір назар аударатын жайт – қоғамда кәсібилік пен еңбексүйгіштік сынды құндылықтарды ілгерілету және нығайту, Еңбек адамының беделін күшейту. Бұл тақырып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздері мен тапсырмаларына үнемі арқау болып келеді. Қазақстанның нағыз қаһармандары – өз ісін адал да жауапкершілікпен атқаратын адамдар деген идея әділетті Қазақстан қоғамының іргетастарының біріне айналуға тиіс. Тіпті өткен жылы Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары да бекітілді.
Алайда тіпті қаһармандар да жалғыз идеологияға қанағаттанбайтындығы анық. Еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, олардың еңбегі іс жүзінде бағалы екенін көрсету керек. Ресми терминологияны қолдана айтқанда, қолдаудың монетарлық құралдарына сұраныс бар. Соның бірі – Мемлекет басшысы жариялаған ЕТЖ (ең төменгі жалақы) мөлшерін кезекті ұлғайту: егер 2020 жылы ЕТЖ 42 500 теңге болса, 2023 жылы – 70 000 теңге. Екі жылда шамамен 65% өсім. Бұл неге маңызды? ЕТЖ деңгейі, мемлекеттік органдардың мәліметі бойынша, 1,6 млн жалдамалы жұмыскердің кірісіне тікелей әсер етеді. ЕТЖ-ны осылай арттырудың каскадтық әсері одан да көп адамға тиеді.
Бюджеттік сала жұмыскерлері табысының өсуі – аса айқын көрсеткіш. 2023 жылы балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер педагогтерінің, қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ға өседі (оған қоса, білім беру жүйесінде әртүрлі үстемеақылар бар – жалақының 50%-ына дейін). Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, медбикелердің жалақысы 20 пайызға дейін көтеріледі. Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде лауазымдардың санатына қарай жалақыны 10-нан 70 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Полицияда да биыл жалақыны көтеру қарастырылған, ал 2025 жылдан бастап әр үш жыл сайын жалақыны индекстеуді енгізу жоспарлануда. 2023 жылы әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларының жалпы ұлғайтылуы 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 60%-ды құрайды.
Жастарға ерекше назар аударылады. Келесі оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардікі 15%-ға өседі. Бұдан бөлек, өткен жылы мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер қабылданды. Жаңашылдықтың бірі – жастар санатының жасы 28-ден 35-ке дейін ұлғайтылғандығы. Бұл әртүрлі салалардағы жастарға арналған қолдау шараларымен (білім беруден бастап тұрғын үй бағдарламасына дейін) қамтылатын қазақстандықтар саны әлдеқайда көбейетінін білдіреді.
2022 жылғы тағы бір үлкен әлеуметтік жоба – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылғандығы. Меценаттардың қаражатымен бұл қор қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмылған. Ол мәселелер – мақсатты (мысалы, қымбат емдеуді қаржыландыру немесе оқу ақысын төлеу) және жалпы (әлеуметтік инфрақұрылымды құру, білім беру және денсаулық сақтау объектілері материалдық-техникалық жарақтандыруға жәрдемдесу және т.б.).
Балалар жылы
Әлеуметтік саясат туралы айтқанда, 2022 жыл Қазақстанда Балалар жылы белгісімен өткенін еске түсірмеуге болмайды. Оның аясында не істелді?
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды бала тәрбиесінен бастау керек, өйткені билік, басқару, халық тек біліммен түзеледі», деген. Осы өсиетке сәйкес, білім мен тәрбие саласындағы жұмыстардың сапасын арттыру, жан-жақты дамыту мәселелерін шешуге барынша назар аударылып, күш салынды.
Қазақстанда балалар бүкіл 19 миллион халықтың төрттен бір бөлігіне жуығын құрайды. Өткен жылдың өзінде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Мұндай демографиялық серпін әлеуметтік мәселелер туындатпас үшін балалар инфрақұрылымын дамыту, балалардың өсуі мен дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі, ойлы және қарқынды жұмыс қажет.
Өткен жылы 540-тан астам білім беру және қосымша білім беру нысандары, оның ішінде 150 мыңнан астам оқушыға арналған 250-ден астам жаңа мектеп ашылды. Бір айта кетерлігі, дәл Балалар жылында «Жайлы мектеп» жобасы бекітіліп, оның аясында 2026 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. 2022 жылы 4,5 млн-нан астам бала (93%) түрлі шығармашылық, зияткерлік, спорттық іс-шаралармен, сауықтырумен және әлеуметтік шаралармен қамтылды.
Өткен жылы 1 100-ден астам жаңа спорт, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары ашылды. Олардың арасында жақын қашықтықтағы өте сұранысқа ие спорт инфрақұрылымы – спорт сарайлары ғана емес, ауладағы спорт алаңдары, тұрғын үйлердегі шағын спорт залдары бар.
Тегін ыстық тамақпен қамтылған жасы кіші мектеп оқушыларының саны 10 пайызға ұлғайтылды. Мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелердің сапасына қатысты өзекті мәселе де шешілуде.
252 оқушы халықаралық беделді пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Алғаш рет олардың жетістіктері мемлекет тарапынан қаржылай көтермеленді. Медальдер үшін берілген ақшалай сыйлықтың жалпы сомасы 73 миллион теңгені құрады.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру тетіктері әзірленуде. Оның аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелетке толмағандардың әлеуметтік жинақ шоттарына аударылатын болады.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі әзірленуде. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері жөніндегі заңнама жаңартылды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар саны артты (қазір олардың саны 89). Ерекше қажеттіліктері бар балаларды түзетімдік қолдау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылуда. 9 оңалту орталығы мен 48 инклюзиялық қолдау кабинеті ашылды. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия балаларды қорғау және жалпы әлеуметтік-демографиялық даму мәселелерімен жүйелі түрде айналысады.
Өткен жылы бұл маңызды құрылым күрделі жаңғыртудан өтіп, оның мүшелерінің құрамы толығымен жаңартылды, жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралды, проблемалық мәселелердің шын мәнінде өзекті пулы қалыптасты. Ұлттық комиссия жұмысындағы басым бағыттар – аналар мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың денсаулығын қорғау, ана мен бала өлімін азайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мектеп жағдайында бұзақылықпен күресу, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б.
2022 жылы екі жаңа қызықты бастама қабылданды – Балалар амандығының индексін әзірлеу және өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдарын енгізу. Бұл бастамаларды сапалы жүзеге асыру Қазақстанда балаларға шынымен «бауырмал» болатын, олардың амандығын сөзсіз басымдық ететін институттық ортаны қалыптастырады.
Білім және ғылым
Білім және білімді мен оны қалыптастыратын адамдар – бүгінгі күннің ең құнды ресурсы. Білім мен ғылымның дамуына арқа сүйемеген ел қазіргі заманда өмір сүре алмайды. Қазақстанда соңғы жылдары қалыптасқан білім беру жүйесіндегі үрдістер ел басшылығының жағдайды жақсы түсінетінін және дамудың жаңа траекториясына қалай «бағыттауды жүйелі» пайымдайтынын көрсетеді.
Өткен жылы Үкімет құрылымында білім және ғылым саласын басқаратын екі ведомство пайда болды: бір бейінді министрліктің орнына екеуі – Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды.
Сарапшылар атап өткендей, бұл қадам арқылы ғылымға да, білім берудің әрбір деңгейіне де бірдей лайықты көңіл бөлу үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалды. Бұл абсолютті негізделген көзқарас: білім беру кешенді жүйе және оның кез келген деңгейіндегі олқылықтар мен кемшіліктер осы жүйеден әлдеқайда алысқа кететін ұзақ мерзімді «домино әсеріне» ие. Қарапайым тілмен айтқанда, мектептегі білімде сапа болмаса, сапалы ғылым да, яғни «білім экономикасы» да болмайды. Ауыл мен қала, әртүрлі әлеуметтік топтар арасында білім сапасы мен оған қолжетімділікте алшақтаса, әлеуметтік және материалдық теңсіздік ушыға түседі. Тізбек көп. Ал мұның барлығы мемлекеттің орнықтылығына тікелей әсер етеді.
Өткен жылдың тағы бір үлкен жүйелі шешімі – Ұлттық ғылым академиясының трансформациясы. Оған мемлекеттік мәртебе (ҰҒА 100% мемлекеттің қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді) және бюджеттік қаржыландыру қайтарылды.
Академия, шын мәнінде, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына мүмкіндігінше жұмыс істеуі үшін ғылымды дамыту саласындағы ұлттық саясатты айқындайтын орталықтандырылған құрылымға айналады. Осы бағыттар бойынша 2022 жылы жүзеге асырылған шаралар мен жобалардың ішінде Ғылымды дамыту тұжырымдамасы мен 2022-2026 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын ерекше атап өтуге болады.
Ғалымдарға қолдау көрсету жүйесі дамытылуда, оның ішінде сыйақы бағдарламалары арқылы, мысалы, гуманитарлық ғылымдар саласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы жаңа Мемлекеттік сыйлықты тағайындау қарастырылған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша инженерлік-техникалық кадрлар мен медицина қызметкерлері санаттарына қойылатын талаптар төмендетілді.
Еліміздің үш өңірінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы ашылды. И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында, Мәскеу инженерлік физика институтының филиалы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында, Аризона университетінің филиалы – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында.
Мұндай жобалар Қазақстан үшін халықаралық деңгейдегі жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар «жоғары мектептегі» стандарттарды көтеруге мультипликативті әсер етеді.
Мәдениет және спорт
Қоғамдардағы мәдениеттің рөлі ешқашан нәпақа деңгейіндегі қарабайыр «ойын-сауықтарға» дейін төмендеген емес. Ұлттық мәдениет – халықтың қайталанбас дүниетанымының көрінісі, тарихтың бір бөлігі және оның бейнелену тәжірибесі, ұлттың өзін-өзі анықтауының ең маңызды қыры, қазіргі әлемде өз орнын табудың жолы. Сондай-ақ егер мәдениет жеткілікті дамыған, қызықты және сәтті экспортталған болса, ол – елдің оңынан танылуы және ұлттық мүдделері үшін жұмыс істейтін қуатты «жұмсақ күш».
Мәдениет пен өнер саласындағы жобаларды мемлекеттік қолдау – өте маңызды инвестиция. Оны Қазақстанда жүргізудің оңтайлы әдісі таңдалды. Дәстүрлі өнерге де, жаңа креативті индустрияға да назар аударылады. Бұл ретте өз мәдениетінің тарихи тамырын қайта пайымдайтын, солардың негізінде жаңа қазақ болмысын – бірегей, танымал және заманауи тұлғаны қалыптастыратын авторлар мен суретшілерге ерекше назар аударылады.
Мемлекет тарапынан іске қосылған қолдау тетіктері мәдениет пен өнер саласын одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, жас таланттарды қолдауға арналған. Осылайша, жыл сайын Қазақстан мәдениетін құруға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін 75 адам мемлекеттік стипендия иегері атанады (ақшалай есептегенде бір адамға 2,2 млн теңгеден асады).
2022 жылы алғаш рет «Ұмай» ұлттық өнер сыйлығы табыс етілді (54 миллион теңгелік жүлде қоры таланттарымызға жақсы қолдау болды). Dala dauysy байқауы, «Шертпе күй» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі, Astana Piano Passion республикалық байқауы өткізілуде.
Ақын-жазушыларды қолдау үшін көп жұмыс атқарылуда. Өткен жылы «Айбоз» ұлттық әдебиет сыйлығы алғаш рет берілді. «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша кітаптар шығару қолға алынып, оның аясында замандас қаламгерлердің шығармалары жарық көреді. Ал 2023 жылдан бастап 19 бен 29 жас аралығындағы жас жазушылар мен ақындарға «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» аталымдары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық беріледі.
2022 жыл қазақ киногерлері үшін өте жемісті жыл болды. Жамбыл Жабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған тарихи картиналарды («Жамбыл. Жаңа дәуір», «Соңғы үкім») түсіру аяқталды. 14 фильмнің премьерасы болды. Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі отандық кинопрокат бойынша отандық фильмдер арасында көш бастады – кассадан түскен түсім 500 миллион теңгені құрады.
Қазақ фильмдері өткен жылы 6 халықаралық «А» класы кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Қазақ киносының күндері әлемнің 13 елінде өтті.
Ал 2023 жылы «Mәдениет week» халықаралық форумы өтеді, оның мақсаты – еліміздің мәдени мұрасын қалыптастыратын креативті индустрия саласындағы сарапшылар, ғылыми қауымдастық және қалың жұртшылық үшін тұрақты жұмыс істейтін пәнаралық платформа құру.
Әдетте спортты да «ойын-сауыққа» жатқызады, бірақ бұл жалпы картинаның бір бөлігі ғана.
Жоғары жетістіктер спортта да бар. Мұндағы жетістік – елдің шетелдегі беделі мен танылуы, азаматтардың өз спортшылары мен елі үшін мақтанышы. Бұқаралық спортты дамыту және насихаттау тек чемпионаттар мен олимпиадалардағы табысқа жету үшін ғана емес, сонымен бірге, саламатты, үйлесімді дамыған ұлтты қалыптастыру тұрғысынан да қажет.
Барлық спорт бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Саланы қаржыландыру артып келеді. Оның үстіне соңғы жылдары тұрғылықты жерге жақын және отбасылық бюджетке сай барлық мағынада қолжетімді жоғары сапалы спорт инфрақұрылымын құруға ерекше назар аударылуда. Қазір орталық және жергілікті атқарушы органдарда барлық жұмыс істеп тұрған спорт нысанын (оның ішінде аула және мектеп ғимараттарын) тексеру, жаңаларын салу, барларын жаңғырту және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, спорт инфрақұрылымын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес әртүрлі деңгейдегі 113 спорт нысанын салу көзделген. Бұдан бөлек, «Amanat» партиясының Мәжіліс депутаттарының қолдауына ие болған ауылдық жерлерде құрастырмалы модульді спорт нысандарын салу жобасы бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде азаматтарымызды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 55 пайызға дейін артуға тиіс.
Дене шынықтырумен ұдайы айналысатындардың қатары да көбейеді, бұл – саламатты ұлтқа ғана емес, болашақта әлемдік спорт аренасындағы жетістіктерге жетелейтін жол.
Демек отандық спортшылардың халықаралық жетістіктері – еліміздегі спорттың даму деңгейінің айқын көрсеткіші. 2022 жылы Қазақстанда бұл тұрғыда мақтануға негіз көп: спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшылары түрлі деңгейдегі 561 жарысқа қатысып, 600 медаль жеңіп алды.
Уимблдон чемпионы атанған тұңғыш «Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакинаның тамаша жетістігі ел спортының тарихына жазылды. 2022 жылдың желтоқсан айының соңында ол әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті ұтып, World Tennis League (Дубай, БАӘ) турнирінің жеңімпазы атанды.
FIDE біздің Бибісара Асаубаеваны Азиядағы ең үздік шахматшы деп таныды. Желтоқсан айында Алматыда өткен жылдам шахматтан әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева «алтын дубль» жасап, шахматтың блиц түрінен әйелдер арасында екі дүркін чемпион, әрі тарихта осы атақтың ең жас иегері атанды. Ал Динара Сәдуақасова – дәл осы чемпионатта рапид турнирінің күміс жүлдегері.
АҚШ-та өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан туы астында өнер көрсететін Нора Джеруто 3000 метрге кедергіден жүгіруден «алтынды» жеңіп алды.
Ұлттық спорт жанкүйерлерінің қуануына да негіз бар еді: 2022 жылдың 9-16 желтоқсаны аралығында Астанада әлемнің 39 елінен келген спортшылардың қатысуымен өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді.
Ұлттық спорттың танымалдылығы артуда. 2022 жылы осы спорт түрімен 580 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысқан. Бұған қоса, 2020 жылдан бастап ұлттық спорт түрлері мектептердегі дене шынықтыру сабақтарының міндетті компоненті болып саналады.
Бейжіңде өткен ХІІІ қысқы Паралимпиада ойындарында Александр Герлиц биатлоннан ұлттық құрама қоржынына жалғыз қола жүлдені салды. Бразилияда өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шонку Хайратхаан грек-рим және еркін күрестен 2 алтын медаль, ал Фархад Қыстаубаев онсайыс бойынша алтын медаль жеңіп алды.
2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы нәтиже еңсемізді түсірді. Ұлттық құрама елге медальсіз оралғаннан кейін сәтсіздіктің себебін талқылап, қателермен жұмыс жүргізілді.
Бұл жағымсыз сабақ атлеттердің төртжылдықтың негізгі старттарына дайындық тәсілдерін қайта қарауға түрткі болды. Олимпиада лицензияларының санына емес, сапасына баса назар аударылады. Яғни Ойындарға іріктеліп алынған спортшылардың медаль алуы маңызды. Жаттықтырушылар мен федерациялар басшылығына ірі халықаралық жарыстарға ашық іріктеу және ұлттық құрамалардың құрамын жаңарту міндеті жүктелді.
Шындық сәті 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындары болмақ – сонда біз Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыс жаңғырту мен реформа жасай алды ма, жоқ па – соны көреміз.
…2022 жылы ішкі саясат саласында атқарылған ауқымды жұмыстардың ең айқын нәтижелері осындай. Оның үстіне, олар «қазіргі сәтте» ғана маңызды емес. Оларды перспективада да, ретроспективада да бағалау керек. Кейбір жетістіктер – қазірдің өзінде жүргізілген реформалардың нәтижесі, реформалардың нәтижелі болуының көрсеткіші. Басқа іс-әрекеттер мен шешімдер болашақ жетістіктердің негізін қалайды.
Ішкі саясаттағы міндеттер мен шешімдердің бүкіл кешені бірнеше жыл бұрын басталып, қарқын алып келе жатқан мемлекеттік жаңғырту қисынына бағынады.
2023 жылы бұл жұмыс жаңа кезеңге шығады. Өткен жылы айқындалған саяси күн тәртібі биыл ырықтандыру, демократияландыру, мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестікті нығайту бағытындағы маңызды оқиғалармен жалғасатыны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген саяси реформалар векторын күшейтетін жаңа идеялар мен бастамалар артады деп сенеміз. Ең бастысы, осы жұмыстан ешкім де шет қалмауға тиіс. Әділетті Қазақстан орнату жолында атқаратын ісіміз нәтижелі болғай.
Дайындаған
Кәрібай Мұсырман,
«Egemen Qazaqstan»
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!