Қазақстанның халық жазушысы Исраил Сапарбай өмірден өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде хабарлады. Жазушы 18 шілдеде таңертең Қаскелеңдегі үйінде 84 жасында қайтыс болды.
«Бүгін таңнан суық хабар жетті… Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді. Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады», – деп жазды Бегманов.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқанд облысында дүниеге келген.
Ол Шымкент педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін тәмамдаған. Әдебиет пен мәдениет саласында түрлі қызметтер атқарған – Жазушылар одағында әдеби кеңесші болған, «Жалын» және «Жазушы» баспаларында, «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде және «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген.
Исраил Сапарбай – «Аққу арман», «Раушан ғұмыр», «Қызыл жел» сынды көптеген поэтикалық жинақтардың авторы. Сонымен қатар, ол «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан» атты танымал пьесалар мен көптеген әндердің сөзін жазған. Ол – Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтың, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, түркі поэзиясының халықаралық фестивалінің қатысушысы. Шамамен 70 ән және 150-ге жуық ән мәтінін жазған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!