Мистика жанры – әдебиет әлеміндегі ерекше бағыт. Онда түсініксіз, табиғаттан тыс құбылыстар, тылсым күштер, жұмбақ оқиғалар бейнеленеді. Бұл жанр адамның ақыл-ойымен түсіндіру қиынға соғатын құбылыстарды, көрінбейтін әлемнің әсерін, белгісіз күштердің ықпалын сипаттайды. Мұндағы тылсым атмосфера оқырманға үрей мен құпияға толы түрлі сезім сыйлайтын оқиғаларға бағытталған.

Бала күнімізде оқыған сан түрлі қиял-ғажайып ертегілердің жағымсыз кейіпкерлері әлі күнге жадымыздан өшпейтіні рас. Мәселен, «Алтын сақа» ертегісінде баланы тұзағына түсірмекке айла тауып, «отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын» деп келетін жалмауыз кемпірдің бұл сөзі әрбір қазақ баласының есінде болар. Ал жезтырнақ мифтік бейнесі «Аламан мен Жоламан» ертегісінде, «Алпамыс батыр» эпосы мен «Өтеген батыр» дастаны секілді көптеген батырлар жырында кездеседі. Міне, мистика қазақтың сонау ауыз әдебиетінен бастау алатынының айқын дәлелі.

Мистика әлем әдебиетінде ертеден қалыптасқан жанр. Эдгар Аллан По, Говард Лавкрафт, Стивен Кинг сынды жазушылар бұл бағытта ерекше шығармалар тудырды. Қазақ әдебиетінде бұл жанр фольклорлық аңыздармен, көне мифологиялық түсініктермен астаса отырып, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин, Дидахмет Әшімханұлы секілді қаламгерлердің шығармаларында көрініс тапқан.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзгерістер мен жаңа заман жазушыларының туындыларына көз жүгіртсек, мистика жанрының көш ілгері дамуын аңғарамыз. Оның ішінде әйел қаламгерлердің прозасы бір төбе. Табиғаттан тыс құбылыстар мен тылсым оқиғаларды суреттеп, оқырманын үрейге бөлейтін әдебиеттің бұл бағытына бүгінде толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Құпияға толы құбылыстар, елестер, рухтар, беймәлім күштер хақында қалам тербеу кез келген жазушы дауалай бермейтін тақырып. Бүгінгі мақаламыз дәл осы жанрда тың туындыларымен оқырманын қуантып жүрген әйел қаламгерлердің шығармашылығы жайлы болмақ.

Қазіргі қазақ әдебиеті: әйелдер прозасындағы мистика
Сәуле Досжан

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі мистикалық прозалар қатарындағы оқ бойы озық туындылардың бірі Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» романы. Шығарма орыс империясының отарлау саясаты тұсындағы қазақ жерінде өмір сүрген татар саудагері Арсланның отбасы жайлы баяндаудан бастау алады. Қарқаралының қақ ортасындағы басқа үйлерден бөлек, қос қабатты еңселі үйге өз иесінен соң біршама жыл ішінде бірнеше отбасы қоныстанады. Ең қызығы барлығында қайталанатын жағдай біреу: бұл үйде ұйықтаған қыз баласы оянбаған күйі о дүниеге аттанады. Ай толған шақта үйді кезетін әруақтың тек қана қыз баласын буындыруында не құпия жатқанын оқырманды білгенше асық етеді. Шығарманың шешіміне келгенде жасырылған мәйіт (әруақтың денесі) үй жанындағы қойма астынан табылғаны, оның кім екені, қандай жағдайда қаза болғаны жайлы тарқата баяндау оқырманын тіпті есеңгіретіп тастайды. Романдағы оқиға барысын суреттеудегі қаламгердің шеберлігі сондай, одан алған әсермен апталап тіпті айлар бойы үрейленіп жүруіңіз ықтимал. Себебі мұнда тылсым жайдың орын алуы мен кейіпкерлердің қорқынышы, оқиғаға реакциясы терең көрініс тапқан. Аталған роман жайлы әдебиеттанушы Әлібек Уәлиханұлы:

– Жалпы «Үлкен үйдегі үрейде» үш линия бар. Біріншісі – Алаш жұртының басынан кешкен ауыр ахуал, тарихи жағдай: «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» атты советтік саяси науқан, екіншісі – елді дүрліктірген елес, үшіншісі – адамдардың жай-күйі, тыныс-тіршілігі, тұрмысы, сол кезеңнің картинасы. Әр линияның өз функциясы бар. Романда жоғарыда аталған Еділ, Қарқаралы, Қарағанды, Омбы, Қазанмен қатар, Егіндібұлақ жайлауы, Лепсі, Семей үйезі, Түмен, Қорған, Ертіс, Есіл, Целиноград, Жамбыл, Шу, Алматы сынды топонимдер кезігеді. Бұл бір жағынан туындының жағрафиялық тұрғыдан кеңдігін, ауқымдылығын аңғартса, екінші жағынан жазушының қиял ұшқырлығы арқасында алыс-жақынды уақыт-кеңістік категориялары негізінде көркемдік шешімін тапқандығын байқатады, – дейді өз талдауында.

Қазіргі қазақ әдебиеті: әйелдер прозасындағы мистика
Лира Қоныс

Мистикалық жанрды Лира Қоныстың шығармашылығынан жиі кездестіруге болады. Оның «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты кітабындағы алғашқы туынды «Келіншектал» әңгімесіне тоқталайық. Әп дегеннен әлеміне сүңгітіп әкететін әсерлі шығармада мистикалық көрініс менмұндалап тұр. Көше бойында кезігетін 13-14 жас шамасындағы көзі көк, қолтығына кітап қыстырған қызбен болған диалог автордың өзінің өткен ғұмырымен тілдесуі еді. Ығы-жығы қала ішінде бей-берекет көше кезген кейіпкер Есентай өзенінің жағасындағы «келіншекталдың» жанына келіп жайғасады. «Біздің жақта келіншекталдың астында екі аяғы жоқ сұлу қыз отырады, ол қызды көрген адамдар бақытты болады дейтін аңыз бар. Бұл шын ба?» деп сұрайды. Олай деуінің себебі ауылының шыға беріс тұсында келгенге де, кеткенге иіліп сәлем беріп тұратын келіншектал мен оның көлеңкесіндегі жалғыз бейіттің ауыздан ауызға тараған аңызы бар-тын. Елдің сөзінше сол ауылда қоныстанған кемпір мен шалдың Құдайдан сұрап алған жалғыз қызы Шолпан қос аяғынан кемтар болып дүние есігін ашқан. Қатарымен ойнап-күле алмаған, келіншек болып басына ақ орамал тағуды арман еткен қыздың бар ғұмыры өз қарашаңырағында өткен соң, көптің қорымына қоспай, осы келіншекталдың жанына жерлеген. Содан бері жылдар түгілі ғасыр өтсе де ел ішінде әлі күнге дейін сол қыздың елесі келіншекталдың астында отырады деседі көрген-білгендер. Тіпті етегі жер сызып ауада қалықтап тұратынын да елден есіткен. Дәл осы жайды есіне алып, баяндаған кейіпкердің жанына кенеттен аққұба өңді, ұзын бойлы қыз келіп жайғасады. Арадағы диалог барысында басты кейіпкер аққұба қызды қанша қағытып, мұқатқанымен әдебін сақтап, әдеби тілде әңгіме өрбіткен қыз шығарманы оқып отырған кез келген жанды сан түрлі ойға жетелейді. Түптің түбінде қалжыңын жиыстырып, бейтаныс қызға шындап мұң шаққан кейіпкерге жанашырлығын білдіріп, тек жақсылыққа сенуін сұраған аққұба қыз орнынан тұрып кете барады. Есімін де біле алмаған кейіпкер аңтарылып тұрып, аңғарып қарағанда қыз көйлегінің етегі жер сызып қалықтап бара жатқанын көреді. Жазушының әңгімелері қазақ фольклорында кезігетін мифтік кейіпкерлермен шектелмей, әлем әдебиетіндегі мистикалық қаһармандарды да кірістіре отырып, осынысымен ерекшеленеді.

Иә, Лира Қоныс шығармашылығындағы оқиғалар оқырманын ойға батырып, дәл осылай жұмбақтанып өрбиді. Кітаптағы келесі туынды «Алма ағашының құдайы» деп аталады. Күн еңкейген шақта тау ішінде қалған жүруге жарамсыз көліктен түскен кейіпкер су іздеп, жақын маңайдағы жалғыз ұлы бар қарт әжейдің үйіне қонақ болады. Үйді айнала алма бағы орналасқан. Жалғыз ұл Арман сол бақтың бағбаны. Арманның айтуынша, ол алма ағашының құдайы Алмагүл есімді қызды ұнатады. Бұны басты кейіпкердің аузынан естіген қарт ана болған жайды баяндап береді. Елден естігені бойынша бірнеше жыл бұрын тау баурайына демалыстап келген жас ару бұзақылардың қолына түсіп, қаза табады. Содан бастап қыздың әруағы тау аралап, түн жамылып алма бақ ішінде ән салатын көрінеді. Ал негізінде ол Алатау баурайындағы мың-мыңдап кесілген ағаштарды жоқтап, ән салатын шынымен де алма ағашының құдайы Алмагүл болатын. Алғашында кез келген оқырман Арманның диалогын оқығанда ақыл-есінде ақауы бар жігіт деп санайтыны күмәнсіз. Дегенмен автор туындысын тәмамдай келе оның табиғатқа, әдемілікке, қорғансыз мөлдірлікке ғашық жүрегін көпке үлгі еткісі келгені байқалады.

Қаламгер шығармашылығындағы оқиға барысы көп жағдайда түсініксіз немесе белгісіз күштермен байланысты өрбиді. Лира Қоныстың жоғарыда аталған кітабына енген шығармалар легінде су перісіне есі кете ғашық болған жас жігіттің қысқа ғана ғұмыры мен өлімі жайлы баяндалатын «Су перісінің зираты» атты әңгімесі, кітапханадағы елес қыз жайлы «Махаббат туралы роман» шығармасы, бала күннен Андерсен ертегісіне еліктеп өскен айдай сұлу Айсәуленің егіс даласында жүріп ақыл-есінен айырылуы туралы «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі» атты әңгімесі, пәтердің отыз жыл бұрын о дүниелік болған қожайынына жолданған гүл хақында «Отыз үш тал раушан гүлі» атты шығармасы, сондай-ақ «Қош, Күнекей» әңгімесіндегі ересек Лаура өзінің сәби шағымен жолығып, қуыршаққа таласуы т.т. осы секілді туындыларының басым бөлігі жазушының аталған жанрға жиі қалам тербейтінінің айқын көрінісі.

Автор шығармашылығында өткен кезеңіне көп оралып, өзінің бала күнімен жиі кезігеді. Бұл сол кезеңге деген әлдебір сағынышты білдірсе керек. Дегенмен сәби шағын, балдырған бала күнін сағынбайтын адам бар ма? «Тап солай расында жолықтырар болсам, айтар ақылымның тиегін ағытар едім-ау» деген арман әр кеудеде жылт ететіні жасырын емес. Туындыларды оқып отырып, көз алдыңнан көрген фильмдей өтетін көріністер тұла-бойды түршіктіріп, тылсым атаулыға таң-тамаша күйде қалдырады.

Қазіргі қазақ әдебиеті: әйелдер прозасындағы мистика
Аягүл Мантай

Аягүл Мантайдың жуырда жарық көрген «Уақыттың көз жасы» кітабына енген «Қабір гүлі» атты әңгімесінде де мистикалық тылсымның ұшқыны бар. Көрші ауылдан қыдырып келген Есіркептің кішкентай қызы Бұрым зират басында ойнап жүріп, қабір үстіндегі гүлді жұлуы өз өлімімен аяқталатынын кім білген… Оқиғаның жай-жапсарына үңілсек, зират басынан бірде-бір зат алмау қазақтың ырым- тиымында бар ұғым. Тіпті ниеті қара залымдар зираттан алған топырақты кісі ауласына шашу арқылы сол адамның ажалын тілейтіні жайлы ел аузындағы аңыздар ойландырмасқа қоймайды.

Ал «Қарғыс» атты әңгімесінде Александра есімі ару атасының жастық шағында он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың обалына қалып, қарғыс арқалағаны жайлы баяндайды. Өз-өзіне қол жұмсап бақилық болған сол қыздың қарғысы айна-қатесіз орындалады. Қос қызы бірінен соң бірі жынданып кеткенін көзімен көрген қарт о дүниеге аттанарында жалғыз ұлы мен немересін жанына шақырып, өзі жасаған қателікті қайталамауды өтінеді. Десе де бұл қарғыс күнәһар қарттың немересін, яки Александраның әпкесін де ақыл-есінен айырып тынған. Қос әпкесімен тоқтамай, қызының айықпас дертке ұшырағаны жанына батып Александраның әкесі ерте дүние салады. Ол соңғы демінде ұлына «Атаң арқалаған қарғыс әулетіміздің түбіне жетті. Енді сол қателікті ешқашан қайталаушы болма, балам» деген аманат сөзін айтады. Тұқымын тұздай құртқан қарғыс Александраға тірелгендей анасы уайым шегетінін де жасырмайды. Дегенмен әңгіме соңы автор мен Александраның хат-хабары үзілген себебімен одан арғысы жұмбақ күйде қала береді. Қазақ әдебиетіндегі мистицизм көбіне халық аңыздары, наным-сенімдер, тылсым оқиғалар негізінде жазылады. Осы тұрғыда қарастырсақ, қазақ «Алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас» деп бекер айтпаса керек.

Марқұм Аягүл Мантай шығармашылығындағы әрбір туынды шынайы суреттеу мен терең философияға құрылған һәм қайталанбас диалогтарымен ерекшеленеді. «Мына біз сүріп жатқан өмірдің шындығын жазу керек. Жазушы адамның ішін ақтарып, бойындағы ақ пен қараның таласын көрсете алуы керек. Адамның жанында болатын арпалыстар, сезімнің иірімдерін суреттеуі керек. Адам періште емес, сын сағатта пенде. Кей адамның бетіне жағып алған бояуын жуып, шын бейнесін, ащы шындықты көрсете алуы тиіс. Құдайға жүрек арқылы, сезім арқылы жақындайтынымызды. Тағдырдың иір-қиыр жолдарын, адамның өзі туралы шындықпен бетпе-бет келгендегі күйін көрсетуі керек жазушы» дейді қаламгер өз сөзінде.

Қазіргі қазақ әдебиеті: әйелдер прозасындағы мистика
Жәудір Нартай

Мистика жанрында жазылған үздік шығармалар қатарында жас қаламгер Жәудір Нартайдың «Той көйлек» атты әңгімесін атап өткен абзал. Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген туынды бірінші жақта, яки автордың «мені» арқылы баяндалады. Әкесінен ерте қалған Валя есімді құрбысының бұлыңғыр болашағы, көп өтпей-ақ екінші рет тұрмыс құрған анасы Мариядан бөлінуі мен қуыршақтай сұлу қыздың Зина әжейдің қолында өсуі оны үлкен өзгерістерге ұшыратады. Айна алдында сыланып, ерте есейген Валяның жүріс-тұрысы ауыл адамдарына көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Тіпті ауылдағы жас айырмашылығы әлдеқайда үлкен, жуырда әскерден келген жігітпен арақатынасы жайлы өзі де мақтана айтатын-ды. Дерт меңдеген Зина әжей төсек тартып жатқанда Валя оның құлыптаулы ескі шабандандарын ақтарып жүріп, қарт ананың қарсылығына қарамастан бірінің құлпын бұзып, той көйлегін тауып алады. Қыздың ақ көйлекті жалма-жан киіп айнадағы өз келбетіне тамсануы, жамандықтың боларын ескертуге де шамасы келмеген әжейдің о дүние мен бұ дүниенің ортасында көзінен жасы тарамдалып үнсіз жатуы күдік пен аянышты қатар тудыратын көрініс. Көп өтпей әжей бақилық болады. Ал Валяның әдеттегідей сауық-сайраны жалғасын тапқан. Шығарма бірте-бірте шым-шытырық оқиғаға ұласады. Көптен анасының тиымымен Валяның үйіне ат ізін салмаған құрбысы кенеттен сол үйге бас сұққанда оның төсекте сұлық түсіп жатқан сұп-сұр бейнесін көріп, дағдарып қалады. Айналаны бажайлап қарағанда үй жиһазына ілулі тұрған ақ көйлекті көзі шалады. Жақын барып, түймелерін анықтап көрмекке бекінгенде Валяның «жолаушы болма, ол көйлекке қарғыс тиген» деген айғайынан соң мелшиіп тұрып қалған. Осы оқиғадан кейін ел ішінде Валяның жүктілігі жайлы әңгіме тарай бастайды. Әскерден келген әлгі жігіт бұл уақытта қалаға қашып үлгерген еді. Туындының түйінінде ақылынан адасқан Валя ақ көйлегін киіп, қолына шабаданын ұстаған күйі белгісіз бағытты бетке алып ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Ауылдастарына сүйіншілеп айтқан соңғы сөзі «мен бүгін тұрмысқа шығамын, қалыңдық тойдан кешікпеуі керек». Бұл қаламгердің кеңінен таралып, ең көп оқылған туындысы десек қателеспейміз.

Жәудір Нартайдың бір деммен оқылатын қызықты һәм әсерлі әңгімелері бүгінде түрлі газет-журналдар мен әдеби порталдарға жарияланып келеді. Белгілі жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының PҺD докторы Нұрхалық Абдырақын:

– Жәудір шығармаларындағы басты ерекшелік оның ешкімге ұқсай бермейтін өзінідік дара суреткерлігі. Шығармада уақиғаны беру мен кейіпкер обыразын содмауда қысқада нұсқа әдемі жинқылық, ой тереңдігі анық байқалады. Ұлттық әдеби шығармаларымыздың ең үлкен ерекшелігі көркем сурткерлік, жансызға жан бітіретін, уқиғаны көз алдыңа әкелетін тіл құдіретін бір қырынан пәш етеді. Міне бұндай шығармаларды әдеби ортада биік бағалайды, жазушының суреткерлік қабілетінің қоғам мойындайды. Қазір заман өзгерді, ұзақ суреткерліктің өзі бүгінгі асығыс оқырманға мыжымалық сияқты көрінеді. Жәудір бәрін заманға сай түлеткен. Жәудір шығармаларынада тамаша сурттеулер бірден байқалады, – дейді ол қаламгер хақында.

Иә, мистика жанры оқырманды қорқыныш пен құпияға толы әлемге жетелейтін, ақылмен түсіндіру аса қиын тылсым оқиғаларды сипаттайтын әдеби бағыт. Ол адам санасының беймәлім қырларын ашып, өмірдің көрінбейтін тұстарын зерттеуге мүмкіндік береді. Егер осы мақаламызды оқыған қандай да бір жанның қызығушылығын оятып, оның кітап оқуына себеп бола алсақ, біздегі мақсаттың орындалғаны.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!