«Мен Дон Кихот, зұлымдықпен күресуге ант берген рыцарь. Әділдік пен ақиқат үшін шайқасамын. Әлемді жақсарту үшін күресу – менің мақсатым…», делінген испан жазушысы Мигель де Сервантестің«Дон Кихот» романында.

Бүгінде әділдікке, ақиқатқа ұмтылатындарды жойылды деу қате. Әлі де қоғамдағы жалғандық, көзбояушылықпен күресіп, адамгершілік қағидаларын сақтауға тырысатындар бар. Әділетсіздікке қарсы тұрып, ақиқатқа деген сенімін жоғалтпайтындарды Дон Кихотқа теңейді.

Ал жуырда бұл тізімге Қиянхан есімді кейіпкер қосылды. Қиянхан – пьесаның басты кейіпкері. Ол өзіндік қағидаларын берік ұстап, өтірік, көзбояушылықпен күресетін адам ретінде бейнеленген. Өмірдің өтірігінен шындықты, ақиқатты іздеу жолында талай қиындыққа тап болады, бірақ әділдік жолынан қайтпайды.

Бұл – эколог, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Идальго» атты алғашқы пьесасының кейіпкері.

– Шығарманы жазушының мақсаты – қоғамға пайдалы дүниелер айту ғой. Сондықтан, әр шығармамызда осы мақсат шеңберінде ойланып, қалам тербейміз. Көптен бері пьеса жазу ойда жүрген еді, сол таңдау «Идальго» шығармасына түсті. Адамгершілікке, әділдікке, шыншылдыққа қамшылап шақырушы 400 жылдық ғұмыры бар Сервантестің «Дон Кихотының» мотивациясымен біраз нәрсе айтылды. Қоғамда небір мәселе болады ғой, бірақ маңыздысы – соның тым ушығып, белең алып кетпеуінде. Ал ол – мәңгілік күрес, мылтықсыз майдан. Бірден Дон Кихоттар шығып, қоғамды тазалап, бәрін реттейді деген дүние жоқ. 100 пайыздық таза алтын болмайтыны секілді, періште қоғам болуы мүмкін емес. Ол ертегілерде ғана болады. Бірақ осы өз шындығымызда, өмірімізде мейлінше салауатты, адал, әділетті орта болуы – көкейіміздегі арман. Сондықтан бұл мәселелерге келгенде бәріміз кінәліміз, бәріміз күрескерміз. Және солай істеуге тиістіміз де. Көркем дү ние болғаннан кейін, шығармада гипербола бар, бейнелік образды шамалы үшкірлеп, өмірдегі кейбір шындықтан жоғарырақ көтеріліп сөйлеген шешімдер бар. Тоқетерін айтқанда, шығарманың астарында қоғамның көркем құбақан қалпын, адамгершілігін іздеудің мотивациясы жатыр, – деді жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы.

Трагикомедияның премьерасы Сыр елінің бас театры Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық-музыкалық драма театрында өтті. Қойылымды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова мен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов арнайы келіп тамашалады. Сондай-ақ театрдың 69 маусымының жабылуына орай «Идальго» трагикомедиясы көрерменге тағы бір мәрте жол тартты.

Премьера күні бұқаралық ақпарат құралдарына арналған пресс конференцияда қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір де сөз сөйледі.

– Қандай драмалық шығарма болса да сахнаға келгенде өзгеріске ұшырайды. «Неге?» десеңіз, сахнаның өз заңдылығы бар. Бір жағынан бұл – Сайлаубайдың бірінші пьесасы. Жалпы драматургия – басқа жанр. Осыған байланысты кейде шығарма қысқартылады, қажет болса, өңделеді. Спектакль бір жарым сағат жүреді. Сол үш ін оны қысқартып, реттейміз. Ал оны қысқартпаса, екі сағаттан асат ын шығарма. Мұндайда ол көрермендерді жалықтырып жіберуі мүмкін. Себебі сөздің, ойдың қайталануы ықтимал. Жалпы сахнада ой да, сөз де қайталанбауы керек. Осының өзінде 3-4 жерде әділдік, ақиқат, шындық туралы айтылды. Өйткені пьеса түгел соған қатысты. Шығарманың көрінісі бүгінгі өмірден алынғанымен, арғы ойы трагедияда жатыр. Сол үшін шығарма трагикомедия деп аталды, – деді.

Трагикомедияның басты рөлін сомдаған актер Сұлтан Бисеналиевтің айтуынша, Қиянхан образын ашу қиын болған, бірақ халыққа айтары көп.

– Спектакльде басты рөлде ойнау қиын болды. Шығарманың тілі ауыр. Халыққа айтары көп. Жабық көрсетілімде сын-пікірлер де айтылды. Соны ескеріп, өңдеп көрерменге ұсынып отырмыз. Ұнайды деген ойдамыз. Қиындығы – сөзде. Сөздің мәнін ұғынатын, төркінін түсінетін адам ғана бұл шығарманың байыбына бара алады . Қазіргі қоғамда жастар мұндай тілде айтылған қойылымдарды, осы форматтағы шығармаларды түсіне алмауы мүмкін. Оларға ауыр болады. Сайлаубай ағамыз әлем деңгейінде танымал «Дон Кихот» шығармасының өзегін ала отырып, бас кейіпкерді Қиянхан деп ұсынған. Сахнада қиыны – сол сөзді, автордың ойын өзгертпестен халыққа жеткізу. Бірақ барымызды салдық, – деді театр актері Сұлтан Бисеналиев.

Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романы ғасырлар бойы әділдік пен ақиқат жолында күресудің символы ретінде сақталды. Қоғамда жалғандық пен көзбояушылыққа қарсы тұрып, адамгершілік қағидаттарын сақтауға тырысатын жандар болған және бола береді. Сол батырлардың біріндей, жаңа заманның Қиянханы да әділетсіздікке қарсы күресуге бел буды. Сайлаубай Жұбатырұлының «Идальго» пьесасы дәл осы рухты жалғастыра отырып, өмір өткелдерінде ақиқатты іздеудің мәнін көрсетеді. Бұл пьеса да көрерменнің жадында мықтап сақталса дейміз. Себебі Қиянханның жолы оңай емес, бірақ оның шынайы әділдікке деген талпынысы бізге үлкен үміт пен шабыт береді. Өтірік пен көзбояушылықтан шаршаған қоғамымыз үшін бұл пьеса – серпіліс, шындыққа жақындау жолындағы маңызды қадам.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!