Жаратылыстың сан алуан түрінің адам жанымен қабысып, тілсіз түсінісіп жатуы, ата-бабаларымыздың тазы ұстап, бүркіт баулуы – пәлсапаға толы парасаты мен биік мәдениетінің бір көрінісі. Соның ішінде құсбегілік көшпенділердің өмір салтында берік орын алған, кез келген ұлттың қолынан келе бермес бекзат өнер. 

Көкте қалықтаған құсты қолға қондыруда да қасиет бар. Қазақ құсты құт санап, ішінен бүркітті ерекше биік бағалаған. Оған Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романындағы бар жоғы 45 жас өмір сүріп, қазақтың күй өнеріне өзінше өлшеусіз үлес қосып кеткен Тәттімбет Қазанғапұлының өмірінде орын алған мына оқиға дәлел. Бір күні Тәттімбеттің ауылына Тоқтамыс есімді бір кедей жігіт қонаққа келеді. Өзі жаз басталса кіре тартып күн көреді екен. Ауылға жан баласы келсе, қонақ етпей қайтармайтын дәстүрмен Тәттімбет қонағына қой сойып, қол қусырып, жылы-жұмсағын ұсынып күтсе де қонақтың қабағы бір ашылмапты. Сонда күйші: «Әй, Тоқтамыс, азамат деген атың бар емес пе? Көтер қане еңсеңді. Сен өзің болған жігітсің» депті. «Тәттекеңнен құт тамса, жаман болмаспын» деп ырымдаған кедейге ертесі бір жарау атты көлденең тартып, артына құшақ толар қасқыр ішіктерін өңгеріпті. Одан кейін алты қанат ақ орда көлеміндей құсханасына ертіп апарып, бір жас қаршығаны өзі томағалап, қолына қондырады да, «Осы құс саған құт болады. Итшілеп кіреден таба алмаған сөлкебайды, жұдырықтай құс аспаннан алып береді» деп шығарып салады.

Арада бір жыл өткен соң жазда Тәттекең ауылдас бір баймен жолдас боп сол баяғы Тоқтамыстың үйіне қонаққа барады. Алдына келген табақ-табақ құстың етін жеп, құс жастыққа көміліп жатқан әлгі байдың қабағы бір ашылмай қойыпты. Тамақ арасында далаға шыққан сәтті пайдаланып бай Тоқтамысқа: «Ей, қу кедей, құс жастық сенің не теңің. Қане, маған сол құсыңды көрсет» дейді. Сонда Тоқтамыс: «Көрсетпеймін, көзіңіз тиеді» деп үн қатады. Бірнеше айдан соң әлгі бай бір үйір жылқы беріп, қоярда қоймай құт болған қаршығаны қалап алып кетіпті. Мұны естіген Тәттімбет «Осы жылқыны шашау шығармай ұста, үш жылғы соғым мен сауын менен болсын» дейді Тоқтамысқа. Сол құсқұмар байдан келген бір үйір жылқы 5 жыл ішінде 300 жүз қысырақ болып, 10 жылда кедей Тоқтамыс бірнеше мыңды айдаған байға айналады. Міне, құстың құдіреті, жүрген жеріне құт әкелуі осы оқиғадан айқын білінеді.

Кәсіпке баланатын «құсбегілік» сөзіне терең үңілсек, «құстың» мағынасы белгілі, «бек» сөзі бек жақсы көру, риясыздықты білдіреді. «Бүркіт» сөзін этимологиялық жағынан талдасақ, екі түбірден тұрады. Бүр – бүріп ұстау деген мағынаны білдірсе, күт – құстың күтімі, бабын білдіретін іс-әрекеттің жалпылама атауы. Бұл орайда бүркіт атауын «тәңірқұт» сөзімен де байланыстырып қарауға болады, яғни бүркіт – қазаққа берілген Тәңірдің құты, құт боп қонатын құс.

Соңғы жылдары құсбегілік өнер қайта жанданып, енді ғана кеңінен құлаш жайып жатқаны жасырын емес. Тіпті, тәуелсіздік алмай тұрған кезде бүкіл қазақ даласында бар болғаны 15 шақты құсбегі болған екен. Бұл туралы ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы: «Сексенінші жылдары республика бойынша 15-16 ғана құсбегі болған. Олардың ішінде ең үлкені 85 жаста болса, ең жасы 60-тан асқан. Осы күні табиғатпен тілдесуге жол ашатын ерекше өнерге ықылас білдірген азаматтар саны 200-ге жуық.

Қазір ұлттық спорт мектептеріне қызығушы жастар көбейді. Әсіресе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында мектеп жанынан құсбегілік бөлімінің жұмыс істеуі – өте жақсы құбылыс. Жуырда ғана Павлодарда өткен сайыста, Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында ұйымдастырылған құсбегілер сайыстарында жас жігіттер көп болды. Бұрын саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Қазіргі таңда қыран құстың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды», – дейді ол.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!