Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі-ұсынақтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Міне, осы өнерді жалғап келе жатқандар көп. Соның бірі – Индира Ырзакулова.

Ине сабақтап, тігін тігу бәрінің қолынан келеді. Ал оюмен өрнектеп, кестелеп, құрақ құрап, көрпеше тігу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бүгінде құрақ көрпе мен көрпеше сұраныста. Жастық та құрақтан құралып, үйге әсемдік беріп тұрады. Мұның барлығын жинақ етіп сатып алу сәнге айналды. Қонаққа бара қал­саңыз, мамық та жұп-жұқа көрпешелерге көз түседі. Қыз бала болған соң да ондай нәрселерді аңғармау мүмкін емес. Жақында құр­бымның әпкесі көк түсті үш көрпе мен жастықтың құрағын өзі тікті. Бір күннің ішінде. Ұйқысыз өткізген еңбегі байқалады. Бүгінгі кейіпкеріміздің өнімдері әдемілігімен ерекшеленеді. Қаладағы құрақ құрау студиясы «Indira Rzakul» ақ алтынды егуден бастап, дайын өнімге дейін арадағы технилогияны өздері атқарады.
– Бізге келіп түсетін тапсырыс көп. Тұтынушының көңілінен шықпаған кезіміз болған жоқ. Қай тапсырысты алсақ та, мұқият сұрап, жобасын ұсынып, ақылдасып отырамыз. Наурыз айы той маусымы болғандықтан да қыз жасауына сұраныс жетерлік. Тігіншілер көз майын тауысып еңбектенетіні белгілі ғой. Қай істе болмасын ұнатып, жылы тілегін білдірсе қуанамыз. Тігіншілік те сондай. Көзге көріне бермейді, уақыттың да біраз бөлігі кетеді. Дегенмен махаббатпен жасалатын іс жемісін бермей қоймайды. Мерекеге арналған тапсырыс көп. Қуантарлығы, жігіттер анасына сыйлық іздеп, қалауындағы көрпе-көрпешені алуда. Аналар, келіндер қашан да үйдің сәнін ойлайды емес пе? Бұл да «анама не сыйлауға болады?» деген сауалдың орнын толтырса керек, – дейді кәсіпкер.
Сұраныс артқан сайын өнімнің сапасын да жақсарта түсуді көздеген Индира студиясын заманауи тігін машиналары, өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Кең, әрі жарық бөлме түрлі тамаша дүниені тудыруға ыңғайлы. Бұл жетістікке кәсіпорын мемлекет қолдауының арқасында жеткен. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен қаржы алған өндіріс орны көрпе-төсек қыз жасауын тігіп, құрақ көрпе кестелеумен айналысады. Тігін цехының алға қойған мақсатының ауқымы үлкен. Тігіннің тілін түсінетін мамандардың жұмысы көптің көңілінен шығып жүр. Тірлігі тиянақты тігіншілердің ұқыптылығы кіре берістен-ақ байқалады. Әдемі жиналған бұйымдар, қаз-қатар тізілген көрпешелер сүйсіндірмей қоймайды. Одан бөлек, заманауи үлгідегі төсек-жабдық, қыз жасауына қажетті бұйымдар да бар.
– Біздегі баға келушілердің қалтасына қонымды. Сапаға көңіл бөлеміз. Болашақта кәсіпті үлкейтіп, жастарды жұмысқа тарту болашақ еншісінде. Тігін тігу оңай емес, дегенмен де ынта болса бәрін де меңгеруге болады. Біз қызығушылығы бар жастардан маман шығаруға дайынбыз, – дейді ол.
Тұтынушының талабына байланысты көрпенің ішіне мақта, түйе, қой жүнін салады. Сыртын қаптайтын материалды жергілікті сатушылардан алып, тек қана ұлттық нақыштағы емес, күнделікті тұтынуға арналғандай етіп ұсынатын көрпе-жастықтарға сұраныс жоғары.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!