Наурыз – қазақ халқының асыға күтетін мерекесі. Жаңа жыл табалдырығымызды аттап, төрімізге енді. Жаңа жыл жақсылығымен келсін деген ниет бізде. Ауыр күндер Тышқан жылымен кетіп, Сиыр жылы жақсылықтың бастауы болғай. Еліміз қиын-қыстау кезенді тышқан жылынан бері бастап өткеріп келеді. Ендігі үміт ауыр індеттен тезірек құтылу. Еліміз үшін маңызды мерекеде көңілдеріңізді түсірмейін. Жаңа жыл құтты болсын, ағайын.

    Наурыз – тазалықтың символы іспеттес. Себебі бұл уақытта көрпе-төсекті шығарып, үйдің ішін тазартып алатынымыз анық. Одан кейін мереке басталып-ақ кетеді. Ауыл-аймақ, көрші қолаң наурыз көжеге шақырып, үйден-үйге қонаққа барады. Қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін киіп жүрген қыз-келіншектерді, жігіттерді көргенде қуанып қалатынымыз анық. Ал далада балалардың қазақтың ұлттық асық ойынын ойнап жүретіні де мерекеге көрік беретіндей.  Наурыз қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы.

      Тұңғыш Президент: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір заманда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әр уақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын», – деген еді. Күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы Наурыз мерекесінің қадірін осыдан айқындауға болады.

           Қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі болған мейрам баршаңызға құт пен береке әкелсін. «Наурыз» айы келгеннен бастап, мерекенің жылы лебізі сезілді. Бәріміз де көңілімізге жаз ұялап, бір жадырап қалдық. Бүгінгі күні бір-біріңізге білдірген жылы тілектеріңіз орындалғай. Елдің ырыс-берекесі артқай. Көңілдеріңіз көтеріңікі, шаңырақтарыңыз берекелі болсын. Сиыр жылының сізге беретін жаңалығы көп болсын, арда ағайын.

    Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран жаңа жыл құтты болсын. Әр шаңырақта ұлан-асыр той болсын. Бақытты күндер көп болсын. Алла алыстағы ағайынмен аман-саулықта кездесуді жазсын. Түніміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Елдің бірлігі бекем болғай. Бұл мерекенің ерекшелігі көп қой, соның бірі көже. Әр шаңырақта дастарқанға қойылатын көжелеріңіз дәмді болғай. Тағы да жаңа жыл құтты болсын, қадірлі оқырман!

Алтынбаева Таңшолпан Маратқызы,

Қызылорда қаласының № 2 сотының жетекші маман

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!