Redaktor bagany

Ресми жыл алмасатын күн де келді. Қазақша жыл қайыру бойынша Тышқан жылының қысы шығып кеткенше әлі екі ай уақыт бар, дегенмен күні ертең-ақ 2021 жыл деп жазып отырамыз ғой. Дәл осындай қыстыгүні жылы пешке арқасын сүйеп қойып, ұршық иіріп отырып, жарықтық әжем айтатын ескі екі әңгіме есіме түседі.

Ертеде бір байдың ерке қызы болыпты. Жеңгелері не істесе де жақтырмай, мұрнын тыржитып қарайтын шолжаңдау екен өзі. Балиғатқа жетіп, бұрынғылардың жолымен ұзатылып кете барады. Жылдар өте аға-жеңгелері қыздың жайын білмекке құдаларының ауылына жолға шығыпты. Төркіні келе жатқанын естіген қыз баласының жаялығын жуып отырған жерінде ә дегенде не істерін білмей абдырап, орнынан үш тұрып, үш отырып, әлгі жаялықты орай сала, киіз үйдің күлдіреуішінен асыра салыпты. Асығып-аптығып жүріп, қолын жуар-жумастан орамалын жүре түзейді. Сөйтіп аға-жеңгелерінің алдынан шығады. Құшақтасып-қауышып, мәз-мейрам болып жатқан жерінде жеңгелерінің бірі қыз орамалынан біртүрлі жағымсыз иісті сезе қойып: «Сауысқаннан сақ едің, сағағың неден былғанды, еркем?» деп сыбырлаған екен құлағына.  

Байыбына бармасам да осы әңгімені әжем қанша айтса да тыңдай беруден жалықпайтын едім. «Әже, соны айтып берші» дейтін тағы бір әңгіме бар.

Ертеде бір кедейдің қолынан іс келмейтін олақ, әрі аңқау қызы болыпты. Жеңгелері ұршық иірсе, осыны қалай істейсіңдер, қайтіп үйрендіңдер деуден әріге бармай, қарап отырудан басқаны білмейді екен. Бір күні қу тілді, қуақы жеңгелерінің бірі:

– Ұйықтап жатқанда ұршық деген өзі иіріле бермей ме? – депті.

– Сонда қалай? – деп аң-таң болады.

– Сонда былай: ұйықтап жатқанда аяқ жағыңа ұршық пен жіпті қоясың да, «иір, ұршық, иір» деп айтасың, – дейді.

Әлгі қыз сол күні солай істейді де. Жеңгесі сол күні түнімен ұршықты өзі иіріп шығады. Екінші күні де солай болады. Үшінші күні де…

Тыңдап отырып, аңқау қызға жаным ашитын. Үйренем десе неге дұрыстап үйретпейді деп жөнін айтпаған жеңгесіне де жыным келетін. Балалық шағымнан жадымда қалған осы екі әңгіме еске түсіп, әжемнің үні келгендей құлдағыма. Білмеймін. Әйтеуір алдан бір ғажайыпты күтетініміз рас қой. 

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!