Бүгін Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Алтын домбыраны» табыстау рәсімі болып өтті.
Шараға, сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, әнші, композитор Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай және айтыскер ақын Бауыржан Халиолла қатысты.
Шарада мәртебелі меймандар «Алтын домбыраны» айтыстың Ақтаңгері, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа табыстап, Сыр елінің өнері мен мәдениетіне құрмет білдірді.
Ал Мұхтар Ниязов өзіне тән жыр шумағымен «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын домбыраның» Сыр жұрты үшін ерекше мақтаныш екенін жеткізді.
– Байырғы бабалардың ізіндей, қазақтың айтыс өнерінің бар құдіретін бойына сіңірген, шашасына шаң жұқтырмас дарабоздай дара келген Мұхтар – Сыр елінің ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның белді ақыны. Осы «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталған 2012 жылғы алғашқы Алтын домбыра иегері де осы Мұхтар болуы біз үшін үлкен мақтаныш. Енді, мінекей, «Алтын домбыраны» Сыр еліне әкеп, өнердің ордасы екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Баршаңызға «Алтын домбыра» құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ағайынды меценат-кәсіпкерлер Мұрат, Марат Сәрсенбаевтардың (“Абай Даулет” ЖШС) ақынға темір тұлпар сыйлау жөнінде ұсыныс білдіріп, хат жазғанын айтып өтіп, оларға Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдірді.
Бұдан соң өңір басшысы айтыскер ақынымыз Мұхтар Ниязовқа «Toyota Camri 70» көлігінің кілтін тарту етті. Шарада жергілікті жас ақындар Бексұлтан Орынбасаров пен Сырым Әділбек арасында арнау айтыс ұйымдастырылып, жырдан шашу шашылды. Сыр жеріне арнайы жеткен «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылды.
Айта кетейік, «Алтын домбыра» республикалық айтысы 2012 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алғашқы айтыстың бас жүлдесі Мұхтар Ниязов иеленді. 2016 жылғы Алматыда өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысындаМұхтар Ниязов екінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. Енді міне, биылғы «Абай тағылымы – тәуелсіздіктің тірегі» тақырыбын арқау еткен ақындар айтысында үшінші мәрте «Алтын домбыра» сыйлығы Мұхтар Ниязовтың еншісіне бұйырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!