Қызылорда облыстық филармонияның ұйымдастыруымен 2020 жылы барлығы 178 шара өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова мәлімдеді.

Әлемде болып жатқан пандемияға орай, елімізде вирустың таралуына жол бермеу және алдын алу мақсатында 2020 жылдың наурыз айынан бастап халықтың көп шоғырлануы көзделген мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеу қойылуына орай шаралар онлайн форматта өткізіліп, әлеуметтік желіде кеңінен насихатталды.

Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн форматтағы«Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестиваліне облыстық филармонияның өнер ұжымдары қатысты. Сонымен қатар аймақта тұңғыш рет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай» операсы сахналанды. Тағы бір жағымды жаңалық облыста Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне орай филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылды.

Брифинг барысында былтыр облыстық филармония өнер ұжымдарының дайындық залына арналған қосымша 785,56 шаршы метр қосалқы ғимарат салынып, пайдалануға берілгені айтылды.

«Жаңа ғимаратта дайындық залы, тігін цехы, асхана және киім қоймасы орналасқан. Ғимарат кең ең бастысы жарық, әртістердің шығармашылықпен айналысуына қолайлы. Биыл карантиндік талаптарды сақтай отыра жаңа маусымды 11 қаңтарда басталды,- деді облыстық филармония директоры Талғат Мақашов.

Сонымен қатар филармония жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы – Мәскеу қаласындағы «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына онлайн түрде, Г.Остердің «Мазасыз тиын» қойылымымен қатысты.

Классикалық орындаушы Сымбат Тасбергенова – КСРО халық артисі Н.Тілендиевтың 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалінің аясында өткен республикалық онлайн-конкурстан, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің әртісі, домбырашы Алмаз Әлжанов – М.Сыдықовтың 80 жылдығына арналған «Домбыра –жүрек жырлайды» атты республикалық онлайн-күйшілер конкурсынан жүлделі орындарды иеленді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!