Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары белгілі жыршы-термеші, Қызылорда облыстық филармониясының өнерпазы Марат Сүгірбаймен кездесті.
«Замандастар жырлары» тәрбиелік жобасы аясында қашықтан ұйымдастырылған шарада жас зияткерлер қара қобызбен жыраулық өнерді кеңінен дәріптеп жүрген, республикалық байқаулардың жеңімпазы Марат Сүгірбайдың өмірі және шығармашылығымен танысты. Сондай-ақ, қазақ халқының төл өнері жайында тарихи деректерге толы тағылымды әңгімелерін тыңдап, білім көкжиегін кеңейтті.
«Аталмыш жоба тәуелсіздіктен бергі, әр өлкенің белді ақын-жазушылары мен өнерлі тұлғаларын танып-білуге және жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі», — дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Әділжан Абажанов.
«Мен — қазақпын» атты дәстүрлі әнші-термешілер мен күйшілер телебайқауында тұңғыш қобызшы ретінде танылған Сыр мақтанышы оқушылармен сұхбат барысында Қадыр Мырзалиевтің «Күлтегін» жырын орындап, тыңдарманның ерекше қызығушылығын оятты.
«Жыраулық өнер ұлттың рухани, педагогикалық, ағартушылық қызметін атқарады. Терме толғаулар тұнып тұрған насихат. Олар білімге туыстыққа, ынтымақтастыққа, бейбітшілікке, бір біріне мейрімді болуға үндейді. Біз осындай рухани қазынамызды, ұлтымыздың бояуы мен иісі сақталған құндылықтарымызды дәріптеп, бойымызға сіңіруіміз қажет», – дейді Сырдың жас сүлейі.
Бір сағатқа созылған кездесуге 500-ден аса көрермен қосылып, өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Оқушылар ата-бабалардың қобыз арқылы жеткізілген жалынды жырларының өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесін мол екенін терең ұғынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!