Кез келген мемлекет өз дамуы үшін түрлі ауқымда реформалар жүргізуге мүдделі. Қазақстан да тұрақты даму кепілі саналатын реформаларды жүзеге асыруға бар күшін салып келеді. Осы орайда, ҚР Президенті Қ.Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Бұл жиында ҚР 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.

Бұл жиын елдегі қордаланған мәселелерді оңтайлы шешуге ұмтылысты көрсетеді. Жиында баяндама жасаған мемлекеттік қызметшілер белгілі бір салаларда орын алған жағдайларды тәптіштеп түсіндіріп, басты атқарылатын іс-әрекеттердің негізгі тетіктерін атады. Баяндамадан соң Мемлекет Басшысы: «Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру» – деді. Әлбетте бұл алуан түрлі институттардың сапасын жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру секілді елімізді одан әрі дамытудың негізгі үш бағытымен толығымен үндеседі.

Қарастырылған мәселелерден елімізде қысқа және ұзақ мерзімді реформалар жүргізудің тәжірибесі кеңінен орын алғанын көреміз. Бұл – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан үрдіс. Осы уақыт ішінде тәуелсіз еліміз алуан түрлі реформаларды жүзеге асырды. Олардың арасында озық үлгідегі саяси-экономикалық реформалар мен стратегиялық даму жоспарлары да болды. Мұндай реформалардың игілігін көріп отырғанымызды жоққа шығара алмаймыз. Сайып келгенде, кез келген реформаның түпкі мақсаты мемлекеттік негізді нығайту және жаңарту десек, онда әрбір жоспарлы жобаны іске асыру үшін алқалы топта сараптамалар жасау қажеттілігі байқалады, яғни жүргізіліп жатқан жоспарлы жобаларды іске асыру тетіктерін талқылауға мамандардың да қатысқаны жөн. Сонымен қатар саяси-экономикалық реформалардың мақсаты мен міндеттерін халықтың да білгені абзал. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жандандырған жөн сияқты.

Ең бастысы, әлем көшінен қалмайық десек, заманмен бірге жасайық дейтін болсақ, онда заманауи технологиялық мүмкіндіктерді ескеру қажет. Алдағы 20-30 жылда өндірістер түпкілікті жаңаруды бастан кешіреді. Әсіресе IT-технология дамиды, өндірістер автоматтандырылады, т.с.с. Сол себепті жасалып жатқан немесе енгізілетін реформалардың «баптарына» осы бастан жаһандану көшіне ілесе алу мүмкіндіктерін беретін сауалдарды қамтуымыз қажет. Әсіресе білім беру саласы, өндіріс орындары, ішкі нарық, т.б. бойынша болжамдық талдаулар жасалып, болашақтағы қадамдардың нақты сипаты көрініс тапқаны абзал, яғни өскелең ұрпақтың келешегін ойлайтын болсақ, көзімізді ашып, білім мен ғылымға елді ұмтылдыруымыз керек. Келешек бізден технократиялық тұрғыдан дамуды талап етіп отыр. Онсыз біз заманауи көшке ілесе алмай қаламыз. Заманауи технологиялардың орталығы бастапқы кезде орта мектеп, одан кейін жоғары оқу орындары бола алады. Мысалы, Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ технопаркі жұмыс істеп тұр. Оның нәтижелері жаман емес. Осындай технопарктер өңірлік университеттерде де ашылып, жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана белгілі бір өңірлердегі жастардың күшін біріктіруге, олардың мемлекеттік реформаларға атсалысуына мүмкіндіктер туады.  

Қазақ жастары – алғыр, қабілетті әрі еңбекқор. Елдегі саяси-экономикалық реформалардан олардың да күтетіні аз емес, сонымен қатар елдің қарқынды дамуы үшін жас буынның берері жеткілікті деуге болады. Тек бірігіп жұмыс істейтін, өзара іс-қимылды арттыратын кез келіп тұр.  

Гүлмира САБДЕНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!