фото: novayagazeta.ru
Бүгін Рейхстагқа Кеңес одағының жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылы маңындағы қыстақта дүниеге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ-қа жіберілді.
Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Өзінің өмірі туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» атты кітабында жан-жақты баяндайды.
Ол әскер қатарына 1942 жылы алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірді. Майдан даласына да осы жылы аттанған.
Деректерге қарағанда, Қошқарбаев 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан.
1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл Туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық беріледі. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етеді.
Лейтенант Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі межелі орынға толассыз атылған оқтың астынан жерге жабыса 7 сағат бойы еңбектеп жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтына туды тікті.
Соғыстан кейін, Р. Қошқарбаев жауынгерлік «Қызыл Ту» ордені, сондай-ақ «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Алайда, Қошқарбаевтың ерлігі көп жыл бойы еленбей келді. Қазақ батырының тарихи ерлігін орталық мойындағысы келмеді.
Академик, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақ елі» деректі фильмінде Бауыржан Момышұлының Рақымжан Қошқарбаев ерлігінің елге танылуына ықпал еткенін тілге тиек етеді.
– «Өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді» деген жақсы сөз бар. Рақымжанды қазаққа бірінші танытқан Бауыржан Момышұлы. Ал «Рейхстагқа ту тіккен» деген мақаланы ең алғаш жазған адам – Кәкімжан Қазыбаев. Ол кісінің де атын атап өту ләзім деп білемін, – деді ол.
Академиктің айтуынша, Бауыржан Момышұлы арнайы Кәкімжан Қазыбаевқа тапсырма беріп, «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» мақаласы жарық көрген. Бұл туралы Кәкімжан Қазыбаев өзінің «Кернеген кек» атты деректі хикаятында еске алады:
– Бір күні жұмысқа аяқ асты телефон соқты. Даусын бірден таныдым. «Маған келіп кеткін», – деді. Келсем, үйде жалғыз, бір қолы қалтасында, арлы-берлі ыңылдап жүр екен. Жүзі сұсты. …Бұдан ары Бәукең манадан бері кеудеге сыймай булыққан ойларын төкті дейсің. …Иә, Бәукеңнің тұла бойын сыздатып, ширықтырып тұрған жәйді енді түсіндім. Ойым онға, санам саққа жүгіріп, ойланып үнсіз отырып қалыппын. «Сен оны тап!» Бәукеңнің осы сөзінен селк ете қалдым. Содан 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген документті очеркім шықты. Шынын айтсам, бұл жұрт назарын бірден аударды. Редакцияға хат жауып кетті.
Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылдың 10 тамызында дүниеден өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы 7 мамырда Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді.
2007 жылы 7 мамырда Ресейдің Әскери-тарих институты Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны ресми түрде растады.
Ер есімін ұлықтау мақсатында, 2016 жылы ел ордасы Астана қаласында батырдың ескерткіші орнатылды. 11 метрлік монумент Б. Момышұлы мен Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан.
2024 жылы 26 тамыз күні, Ұлттық Банк Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған коллекциялық монеталарды айналымға шығарады. Монеталар мельхиор қоспасынан (МН 25) жасалды, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 5 000 (бес мың) дана.
Сондай-ақ, Астанадағы №44 орта мектепке Қошқарбаевтың есімі берілді. Ондағы басты мақсат – келешек ұрпаққа үлгі етер тұлғалардың өмір мен тарихын, ерлік-еңбектерін кеңінен насихаттау. Мектепте Рақымжан Қошқарбаев атындағы алғашқы әскери патриоттық кабинет те ашылды.
– Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Келешекте біздің оқушыларымыз Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктерін жалғастыратынына кәміл сенеміз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру, – деді мектеп директоры Ләззат Құлтаева.
Күні кеше ғана ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ерлігін ел ұмытпайды» көрмесі өтті. Көрмеде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Рақымжан Қошқарбаевтың өміріне байланысты ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақталған марапаттары, фото материалдары ұсынылды.
Шараға батырдың қызы Әлия Рақымжанқызы, туыстары, «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан халқы ассамблеясы, Алматы әскери-техникалық мектебінің, Б. Момышұлы атындағы Республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің курсанттары, К. Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқушылары және белгілі мәдениет қайраткерлері музейге арнайы шақырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!