Бала күннен құлағымызда жағымды даусымен есте қалған Қазақ радиосының аңызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Қазақтың Левитаны Әнуарбек Байжанбаев «эфирдің Ақбаяны» деп атаған диктор Сауық Жақанова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті қонағы болды.

Сауық Мәсігүтқызымен бірге сапарлас боп келген Германияның Мюнхен қаласындағы қандасымыз, саяси ғылымдар докторы Абдұлқайым Кесижи, Абдұлқайым ағаның жары Фатма ханым мен қыздары Зейнеп пен Шолпан, Сыр елінің мақтанышы, Жаңақорған ауданының өнерпазы Сара Бекахметова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, радиожурналист Жазира Амантайқызы, белгілі журналист, Халықаралық «Жанашыр» қоғамының президенті Жаңыл Әпетовалар қазіргі студент – болашақ тіл, әдебиет және журналист мамандармен, профессор-оқытушылармен кездесті.

Сөз кезегі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Асыл Қожабайқызында…

– «Сәлеметсің бе, замандас?!» Менің, мүмкін 90-жылдардың ар жақ, бер жағы мектеп қабырғасында жүрген біраз бозбала мен бойжеткеннің ақпарат әлеміне, журналистикаға деген махаббатын оятқан осы үкі дауыс еді…. Таң. Мектепке бару үшін таң алаугеуімде оянамыз. Бойымызға қарап, өзімізше, әл-қадірімізше ойымызды түзеп жүрген кезіміз. Айна алдында көп тұрамыз. Кітабымызды жинап, киімімізді киіп, өзіңді телміріп есік алдында күтіп тұрған көрші сыныптастарыңа бет алып, далаға шығар сәт. Сол кезде бағанадан әдемі әуен ойнап жатқан радиодан жағымды дауыс: «Сәлеметсің бе, замандас?!» деп үн қатад. Бітті. Аяқ алға жүрмей қалады. Студияда – Сауық Жақанова.

Бір сөзін де бөлгің келмей, үнсіз, тұрған жерде қатасың да қаласың. «Иии, қиял, жүрсеңші, сабақтан қаламыз!». Жеңнен тартқан сыныптас та, сабақ та жайына қалады. Иәәә, осындай кездер, сабаққа кешігу жиі қайталанатын. Тәтті кешігу, дауысқа ғашық боп кешігу. Майқанова. Жооо-жоқ, Жақанова болғың келу… Тағы да ести бергің келу…

Дауыс күшін қойсаңшы. Асықпай-аптықпай, жай ғана, мәтінін Алматының бір бұрышында оқып, құрылғының ар жағынан әуе толқынымен сан мыңдаған адам тыңдап, бір-біріне тағдырын табыстаса, қалай таңғалмассың?! Қазіргідей алапат робототехника емес, жай ғана әуе толқыны. Сымсыз байланыс. Мысалды Шығыс Қазақстанның облыстық «Дидар» газетінің сайтынан алдық. Бұл мақала тумысынан қолы кем, десе де саусақсыз сурет салып жүрген, көптеген жүлде иесі Нәзигүл Шәрібаева туралы. Онда былай делінген: «Бірде Шәригүл қазақ радиосынан берілетін Сауық Жақанованың «Сәлеметсің бе, замандас?!» атты хабарынан қызылордалық Серік Өтепов деген жігіттің сұқбатын естіп қалады. Сап-сау дүниеге келіп, дәрігердің салғырттығынан мүгедек болған жігітке жаны ашып, қолдау білдіріп, хат жазады. Сол кезде оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен үш жүздей хат келген екен. Сол үш жүз хаттың үшіншісі Нәзигүлдің хаты болса керек. Хат мазмұнынан қыз мінезіндегі байыптылықты аңғарған Серік жауап жазады. Бұл сыйластық сырластыққа ұласып, жігіт сонау Қызылорданың Арал қаласынан Нәзигүлді іздеп келеді. Осылайша жарым көңілдер бүтінделіп, Көгедайда жаңа бір шаңырақ көтеріледі». Мұндай мысалдар мың сан. Жақанова даусы жүректерді тербеп, жүректің жүрекпен табысуына сеп болады. Мүмкін Жақанова мұның бір де біреуін білмейді. Білмей жүріп, Жаратқанның жазуымен жақсылық жасау осындай болар, сірә?!

Иә, Тәңірдің берген құдірет сыйы – дауыспен арбап алу. Шүкір, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, өз даусындай жағымдылықпен, нәзіктігімен көптің ықылас-пейіліне бөленіп жүрген Сауық апа Жақановаға бұйырған бақ десек, артық емес-ау.

Жасырын емес, кейбір мәжбүрлеп апарып, залға адам толтыру үшін баратын кездесулер болады. Ал бұл кездесу – сусап кездесу, махаббатпен кездесу, өзін көрмегенсің, бірақ даусымен оянып, даусымен ұйықтаған, Жаратқан жаратылысын бөлек етіп пішкен аңыз адаммен кездесу.

«Көптің бәрі Жақанованы таниды» десек, артық айтқандық болар. Олай демеске амал да жоқ. Қазіргі смартфонның дәуірлеп тұрған шағында сананың басқа, бір күндік ақпараттардан босай алмай жатқаны – ащы шындық. Десе де көп уақыт өте қойған жоқ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада журналистерді құттықтап, отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттаған кез есімізде. Солардың қатарында болған Сауық Жақанованың Тоқаев кеудесіне медаль тағып, гүл сыйлаған соң журналистердің бәрі президентпен суретке түсіп жатқанын көрдік. Кезек Сауық Жақановаға келгенде, диктор марапаты мен гүлін қабылдап, өз орнына қарай асықты. Президент күліп, диктордың артынан «суретке түсейік» деп қол бұлғады. Оны да естімеген Сауық Жақанова орындығына жақындап қалғанда әріптестері «президентпен суретке түсу керек» дегендей ишара танытты. Сонда ғана өзінің Тоқаевпен суретке түсуді ұмытып кеткенін түсінген ол ыңғайсыздық танытып, қайтадан президенттің жанына барды. Мұны жарыса жазбаған, көрсетпеген бұқаралық ақпарат құралдары қалмаған болар. Қазақстан мен Қасым-Жомарт Тоқаев туралы эксклюзив бейнематериалдар ұсынатын президенттің телерадиокешені Ақордада болған осы сәттің видеосын әлеуметтік желіге жүктеді. Қазір Сауық Жақанованың бұл видеосы 130 мыңнан астам қаралым жинап үлгеріпті. Тіпті Сауық апаның бұл қарапайым әрекетін он орап алатын қадір-қасиеттерінің, алтын қордағы алтын даусының бірін де білмейтін, десе де «Tik Tok» десе, алдындағы асынан бас тартуға бар жасөспірім балалар осы видеодан соң, әйгілі Жақанова атымен таныс болғаны бар. Ал видеоның астындағы пікірлер аты аңызға айналған Сауық Жақанованың шынайы әрекетіне тамсанып, оған ұзақ ғұмыр тіледі. Көптің тілегі – қабыл, мұраты – асыл.

Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова Қарағанды даласында дүниеге келіп, студенттік бал кездерін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде өткізді. Қазақ радиосында диктор, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері, Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқытушылық етті. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» жинақтарын жазды. «Құрмет белгісі», «Парасат» орденінің иегері. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың 80%-ы оның даусымен жазылған.

Ардагер диктор бұл жолғы сапарын Жаңақорған ауданы, «Қожакент» ауылының іргетасын қалаушылардың бірі, ауылшаруашылық саласының ардагері Амантай Әпетов пен оның жары, Батыр ана, қажы Ұлданай Әбдікерімқызына арналған асқа қатысуға арнады. Ол бұл сапарында марқұмдарға арналған «Ұмытылмас із, өшпес өнеге» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысып, дәмдес, сырлас болған Ұлданай қажы жайлы естеліктерімен бөлісті. Сауық Жақанова бұл сапарын Сыр өңірінен шыққан ардақты жандарға деген тағзым мен шынайы құрмет деп санайды.Бүгін міне, сол құрметті жандардың қызы, Сауық апайдың алдында дипломдық жұмысын қорғаған шәкірті, радиожурналист, кеше ғана шыққан Сауық апа жайлы «Сахара сандуғашы» кітабының құрастырушысы Жазира Амантайқызы апаймен бірге жүр. Тағы бір қуана хабарлайтын жайт, бір кездері, неше жылдар бойы осы Жазира радиода «Алыстағы ағайын» хабарын жүргізіп, әр мемлекеттегі, шетелдердегі қазақтармен байланысуға сеп болғанын білеміз. Сол кездері Германиядағы қазақтардың туған жерімен табысуына мұрындық болған Абдухайым аға Кесежи «Еуропа қазақтары федерациясын» құрған. Саяси ғылымдар докторы, «Азаттық радиосында» ең алғаш қызмет еткендердің бірегейі Кесежи мырза да Жазираның отбасымен туғанындай араласып, өз жанұясымен ортамызға келді.

Иә, бұл кездесу – сол бір балалық шақты аңсаудан туған кездесу, Сауықтай сахара сандуғашын сағынып кездесу.

Сауық апа «Мен – кішкентай адаммын» дегенді жиі айтады. Тым қарапайым. «Бар мақтау, бар мадақ – бір Хаққа!» деп білетін апаның біз өз кезегімізде тек үлкенге де, кішіге де құрметін, қазақ руханиятына қосқан үлесін бізге берілген аз уақытта жеткізгіміз келді. Сол құрметке ие болдық, шүкір!

Халық жүрегіндегі сөзді халыққа жеткізген асыл кісінің деніне саулық, отбасы, жан-жағына амандық, ұзақ ғұмыр тіледік!

Асыл ҚОЖАБАЙҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің аға оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!