Ұшы-қиыры жоқ кең дала. Кең дала болғанда кәдімгі сары дала. Төбеден түскен күн шекеңді тесіп жіберердей ыстық. Ашық алаңқайда, аспан астында қолына құралын алып, табылған жәдігерді тазалап отырған археолог. Оқуды инемен құдық қазғандай деуші едік, өткен мен бүгінді бір-бірімен сабақтастыра жүріп, ізденетін ғалымның еңбегі де одан асып түспесе, кем емес екен.

Облыс аумағында орта ғасырлық қалалар жетерлік. Арал мен Жаңақорғанның арасындағы атырапты аралап, экспедиция құрамында тарихтың тамырын тартып та жүрдік. Жапан түзде бабалардың ізіне түсіп, топырақтың арасынан тарихты тауып жүрген осы азаматтардың еңбегіне талай тәнті болғанбыз. Ғылым қызметкерлерінің күні таяғанда ойға бірінші келгені осы археологтар болатын. Ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастырған салаға сан жылын арнап келе жатқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Сейдалы Біләловпен сұхбаттасудың сәті түсті.  

Сейдалы БІЛӘЛОВ: 20 жыл қазба жұмысы жүріп жатқан қалалар бар

– Сейдалы Өміртайұлы, биыл да жоспарда экспедиция бар шығар… Енді инемен құдық қазуға қайда барамыз?

– Алла қаласа, біз тікелей қатысатын үш-төрт экспедицияның төбесі көрініп тұр. Алғашқысы – Жанкентте. Мамыр-маусым айларында халықаралық түрік академиясымен бірлескен экспедиция бар. Университеттің бір қазба жұмысы және тамыз айында мәскеулік университет ғалымдарымен экспедиция болады. Мұнан соң Германияның археология институтымен біздің отандық археология институты бірлесіп, Жетіасар мәдениетіне жататын Қаратөбе аумағында қазба жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – Қармақшы ауданының аумағында.

Мұнан бөлек басқа да экспедициялар бар.

Сейдалы БІЛӘЛОВ: 20 жыл қазба жұмысы жүріп жатқан қалалар бар

– Ауыз толтырып айтатын қандай қазба жұмыстарымыз бар?

– Облыс бойынша Жанкент, Кескен Күйікқала, Сығанақ, Бәбіш молла, Шірік-Рабат қалаларына 20 жылдан бері үздіксіз қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұнан өзге Сортөбеде, Асанаста бес жыл қазба жұмыстары жүрді. Көне Жентте де бірнеше жыл еңбек еттік. Басаяғы жиырма шақты ескерткішке қазба жұмыстары жүргізілді.

– Жиырма жыл аз уақыт емес. Бірақ ғылым үшін қас қағым сәт болуы ықтимал. Осы уақыт аралығында ойда жоқта ашылған бір жаңалықты мысал ретінде айтыңызшы…

 – Біздің жұмысымыз жайбарақат күнделікті тірлік сияқты көрінеді. Бірақ нәтижесін көргенде кәдімгідей сезім де, әсер де бөлек болады. Мәселен, Жанкентте жиырма жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз. Ол жерде табылған материалдардан сондағы халықтың тұрмыстіршілігіне қанығамыз. Жанкентте кешенді әдіспен зерттеу жасап келеміз. Кішкентай жаңалықтың өзі араға ондаған жылдар салып шығуы мүмкін. Мысалға айтайықшы, түйенің екі түрі бар: қос өркешті және бір өркешті. Бір өркешті түйе көбіне Африканың солтүстігі, Араб түбегі тәрізді ыстық жерлерде кең тараған. Өйткені, ол – шөлге, ыстыққа төзімді. Ал қос өркешті түйе Моңғолия аумағында, Ресей территориясында, Қазақстанның солтүстігінде кең тараған. Осы екеуінің будандасқан аумағы бұрынғы зерттеулерде Түркменияның шегарасына дейін деп белгіленген болатын. Қазір бұл шекараны Аралдың солтүстік аумағына, орталық Қазақстанға дейін белгіледік. Яғни біздің аумақта ыстыққа да, суыққа да төзімді түйелер бар.

Сейдалы БІЛӘЛОВ: 20 жыл қазба жұмысы жүріп жатқан қалалар бар

– Маман тапшылығы көп салада бар. Ал археологиядағы мамандар туралы не айта аласыз?

– Бұрын археологияда маман жетіспейтін. Қазір өңірдегі маңызды ғылыми мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Маман бар. Енді мамандарды бесаспап етіп дайындауға көшуіміз керек. Археологияның ішінде де түрлі салалар бар. Мәселен, тек қана керамикалық жәдігерлерді түп-тұқиянына дейін білетін маман болса, ол көзді жұмып тұрып айтып бере алар еді. Дәл сол тәрізді жан-жануарлар жөнінен білетін, сол салаға маманданған адам болса, табылған сүйектерге қарап, ол жайлы бар мағлұматты нық айтып бере алады. Біз енді осы бағытқа ауысуымыз керек. Жалпы археологиядан жалқы ғылымға. Мен мамандардың сапасына байланысты айтып отырғаным жоқ, тек қазіргіден де биік тұғырға шығу үшін керекті нәрсені меңзеп отырмын. Ағылшын тілін жетік меңгерген маман болса, тіпті алақай. Өйткені табылған жәдігерлерді әлемдік деңгейде зерттеп, зерделей алады. Орта ғасырлық қалалардағы көне латын тілінде жазылған жазуларды, таңбаларды анықтайтын, сол іске дағдыланған, сол іске маманданған адам айқындаса, ол да жоғары деңгейде зерттеледі. Міне, біз енді осы нәрселерді қолға алсақ, археология ғылымын одан бетер терең зерттей түсер едік.

Бұл ғылымда жаңашылдық жетіп артылады. Қазір біз зерттеулердің төрттен бір бөлігін ғана байырғы әдіспен зерделеп жатырмыз. Қалғанының барлығы – заманауи әдіс-тәсілдер. Ғылым жаңашылдықпен ғана дамиды. Біз осыны түсінуіміз керек.

– Археология ғылымы алға ілгерілеп келе ме? Әлгінде өзіңіз айтқан жаңашылдықтардың оң ықпалы тиіп жатқан шығар…

 – Таяуда ғана үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жиынынан жақсы жаңалықты естідім. Алдағы уақытта әрбір облыс әкімінің жұмысы сол өңірдің ғылымының жетістігімен өлшенеді деді. Әрине бұл біз үшін қуанарлық жағдай. Бұл жерде тек археология емес, ғылымның барлық саласы бар. Ғылымға көп көңіл бөлінеді. Ғылымға көпшіліктің назары ауады.

Археология – тарихпен тікелей байланысты ғылым. Мемлекеттің идеологиясын қалыптастыруда, тарихын зерттеуде үлкен маңызға ие. Жоғарыда айтып өткенімдей, археология тек тарихи әдістермен емес, жаңаша тәсілдермен де жұмыс істеп жатыр. Ғылыми инновацияның археологияға да қатысы бар. Біз қазір басым бөлігінде жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін қолданамыз. Табылған жәдігерлерді де солардың сараптамасы арқылы зерттеп жатырмыз. Бұл – ғылымның алға ілгерілеуі.

Сейдалы БІЛӘЛОВ: 20 жыл қазба жұмысы жүріп жатқан қалалар бар

 – Ортағасырлық қалалар арасында жерасты жолы бар деген аңыздар бар. Сондай аңыздардың дәлелденіп, жерасты жолы табылған немесе қалалардың атауына байланысты тарихи дерек нақтыланған жағдайлар болды ма?

– Бұл аңыздардың барлығы жайдан-жай шықпайды. Кейде бір оқиғаның желісімен құрастырылады. Жылан жұтқан, Қара бура әулие деген тәрізді оқиғалардың барлығының түбінде бір дерек бар. Қара бура әулие деген қарахандықтардан шыққан. Олар ең бірінші ислам дінін қабылдағандар. Қарахандықтарда екі билеуші тайпа болады. Арыслан хандар мен Боғра хандар. Алғашқысының тотемі арыстан болса, кейінгісінікі – түйенің бурасы. Қара бура сол кейінгісінен шыққан. Оғыздардың соңғы билеушісі, селжұқтардан тараған Санжар ханның бір әйелі қарахандық болады. Боғра хандардың қызынан болады. Қарахандықтарды кейін қара қытайлар басып алады. Міне, жылан басты деген аңыз осы жерде пайда болады. Бірнеше мыңдаған әскердің қолында айдаһар бейнелі ту болады ғой. Міне, қолында айдаһар бейнелі туы бар қара қытай басып алғанда жылан жұтқан деген аңыз осыдан пайда болса керек.

Жерасты жолдарына келсек, алдыңғы толқынның фольклорға қосқан үлесі деп айтуға болады. Қалалардың жер астымен болмаса да, жер үстімен жақсы байланыс болғаны анық. Мәселен, Қоғалыкөлдегі Қышқаладан табылған үлкен екі мавзолейдің орны туралы айтсақ, ол – Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің кіші формасы. Қайта қалпына келтіру барысында біз оған көз жеткіздік. Екі камералы, күмбезі, аумағы – 14-те 14 метр. Енді осы жерде айтайын, біз аңыздардан символдың байланыс іздеуіміз керек. Тура мағынасында жерасты жолы дегенімен, астарына үңілсек, нақты байланыс екеніне көз жеткіземіз. Қазірдің өзінде техника жалдап, үй мен сарайдың арасына жерасты жолын салып көрші. Қаншалықты қиын екенін көресіз. Ал енді сол жолды қала мен қаланың арасына салу дегеніңіз мүмкін емес нәрсе ғой. Мүмкін болғанның өзінде ол уақытта үлкен ресурсты қажет ететіні анық. Бәлкім, қаланы жау қоршап алғанда шығып, қашып кететін жүз метрлік жерасты жолы болған шығар…

Арыстан бабтың Мұхаммед пайғамбардан құрманы алып, аузына салып, 400 жыл сақтап, оны Қожа Ахмет Иассауиге жеткізіп бергені тәрізді символдық мәні бар мысал болуы мүмкін. Ол жерде ілімді жеткізгенін астарлап айтып тұр ғой. Аңыздардың әрбірінде дәл осындай мән бар. Қоғалыкөлдегі көне қала мен Түркістанның арасында, әрине, байланыс болған. Байланыс болғанда қандай?! Оны табылған жәдігерлер айқындап беріп тұр.

 – Қазақ даласында археологиялық ескерткіштер жетерлік. Тұтас республика аумағын айтпағанда Арал мен Жаңақорған арасында да жетіп жатыр. Осы ескерткіштерді туристік нысанға айналдыру үшін бізге не жетіспейді? Кейде аспанасты музейі болады дегендеріміз аяқасты қалып жатқан жоқ па?

– Кейде біз туристер апарайын деп едік деп агенттіктерден хабарласып жатады. Иә, жол бастап апаратын кездер бар. Бірақ Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының бойындағы, осы жолға жақын, басында инфрақұрылымы бар ескерткіштерге апарамын. Ал қара жолға түсіп, барып, көрсе екен дейтін нысандарға бара алмай жатамыз. Оған осы ескерткіштерге инфрақұрылымның бармауы кедергі.

Сейдалы БІЛӘЛОВ: 20 жыл қазба жұмысы жүріп жатқан қалалар бар

– Сол қара жолдан әрі маңызды, бара қалсаң, тамырсыз тасы тарихты айтып тұратын ескерткіштеріміз көп шығар…

– Әрине, ол жақта жол бойындағыдан он есе, жүз есе көп ескерткіштеріміз бар. Тек соны көрсетуге инфрақұрылымның дамымай тұрғаны тосқауыл болады…

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!