Халықтың қазынасы саналатын дәстүрлі өнерді дәріптеп, айтыс аламанында алға озған Бексұлтан Орынбасаровтан Сыр жұрты ерекше үміт күтеді. Жан-жақтылы­ғымен, суырып салма ақындығымен танылған жас бүгінде ел руханиятын жаңғырту жолында жұмыс жасауда. Осы аптада сегіз қырлы, бір сырлы өнерпазбен тілдесудің сәті түсіп, шығар­машылы­ғындағы жаңалық­тарды сұрап білдік.

Бексұлтан, әңгімемізді мектеп қабырғасындағы бала болмысыңыздан, киелі сахнаға қадам басқан сәттерден бастасақ… Айтыс пен жыраулық өнерге қалай келдіңіз?
– Балалық шағым Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында өтті. Туған өлкедегі №66 орта мектепте білім алдым. Ата-анам осы білім ордасында қызмет етеді, әкем ̶ көркем өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, ал анам ̶ физика пәнінің мұғалімі. Менің өнерге келуіме себепші адам әкем деп ойлаймын. Себебі сол кісінің үйретуімен, қолдауымен алғаш термелер айтып, он үш жасымда қолыма домбыра ұстадым. Бертін келе аудандық айтыстарға қатысып, осы өнердің көшіне ілестім.
– Ақын ‒ халықтың энциклопедиясы тәрізді. Ат сүрінгенше сөз табу үшін айтыскер қандай мектептен өту керек?
– Бұл атқа лайық болу үшін ақынға үлкен білім керек. «Әр саладан он минуттық білімің болсын» деген сөз осындайда айтылса керек. Қасиетті Құранда «соңғы Пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с) кейін пайғамбар келе ме деп сұралғанда, жоқ одан кейін ақындар мен шайырлар келеді» деген хадистер түскен. Бұл жайлы «Шұғыра» сүресінде анық айтылған. Ақын ат сүрінгенше сөз табу үшін ұшқыр ойлы әрі актерлық шеберлігі мықты болу керек. Сахнада отырған сәтте сахна мәдениетін сақтаудың, домбырада дұрыс ойнаудың, дауыс ырғағын қоя алудың айтыста өзіндік маңызы бар. Осы қасиеттің бәрі ақын бойынан табылғанда шашасына шаң жұқпайтын жүйрік боларына сенім мол.
– Айтыс сізге не берді, сіз қазақы өнерге не беріп келесіз? Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Біріншіден, айтыс маған үлкен рух берді. Өмірде жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін үйретті. Қалың көрерменнің ықыласын сездірді. Үлкен ортаға әкеліп, адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керегімді көрсетті. Сахнада өнер көрсетіп, халыққа танылуыма мүмкіндік берді. Ал «мен қандай үлес қостым?» деген сауалға тоқталсам, «өнерге зияным тимегеннің өзі пайдам болар» деп ойлаймын. «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары» дегендей, айтыста айтқан айшықты ойлармен қоғамдық мәселелер шешімін тауып жатса, өнерге қосқан пайдам сол болар деп сенемін.
Енді шығармашылық жұмыстарға тоқталсам. Негізгі мамандығым жыраулық өнер бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алдым. Дәстүрлі өнер бізге міндеттелгеннен кейін, жыраулар жолын үзіп алмай, ел аузында жүрген діни әңгімелер, өсиет, нақыл сөздерді өлеңге айналдырып, бірнеше тақырып бастап қойдым. Алдағы уақытта бұл жұмыстармен бөлісетін боламын. Ақындық жан-жақты өнер болған соң, айтыс пен поэзиямен шектеліп қалмай, қазіргі танымал әншілердің әндеріне сөз жазуға ұсыныс түсуде. Бұл мүмкіндіктерді де қарастырудамын. Ал шәкірт тәрбиелеу ̶ шығармашылығымдағы үлкен жаңалығым.
Айтыскер, жырау қалпыңыздан бөлек арнау айтып, той жүргізетін, жан-жақты талантыңыздан хабар­дармыз. Көпшілік жазба ақын ретінде де таниды. Осы орайда көптен көкейіңізде жүрсе де сахнада айтылмаған, қағазға түспей қынжылтқан тақырыптар бола ма? Жалпы сізді қоғамда алаңдататын басты мәселе қандай?
– Айтыста айтылмай қалған ойларымды жазбаша түрде жариялап тұрамын. «Осыны айтсам екен» деп барып, уақыт жетпей қалған немесе қиып тастаған дүниелер болса кейін міндетті түрде жариялаймын. «Барлық ақын баласы бір ананың» дегендей, мен айтпаған тақырыптарды жетесіне жеткізіп айтып жүрген ақындар жетерлік. Сондықтан айта алмай қалдым дейтін сөзім әзірге көп емес. Соңғы уақытта мені өнердің, руханияттың майдаланып бара жатқаны алаңдатады. Заманға сай қоғам қарқынды дамып жатқанмен, халықтың сана-сезімі, руханияты өшіп бара жатыр ма деп уайымдаймын. Бұрын қазақтың тойында төр өнерпаздікі болған. Қазір өнерпазға ақысын төлесе, есік алдында бір-екі термесін айтады. Оларды құрметтеп, төрге шығарып жатқан жұрт бірен-саран ғана. Осы жағдайдан-ақ халықтың өнерге деген көзқарасын түсінуге болады. Жастар арасында сахна мәдениетінің әлсіреп бара жатқанын байқап жүрген боларсыздар.
Ақынның ел арасында абыройы биік. Ал осал тұсы қандай?
– «Абыройды Алла береді, атақты адам береді» деген сөз бар. Сол үшін Жаратқан абыройдан айырмасын деп тілейміз. Жалпы адамзаттың осал тұсы иманы, дүниеқоңыздығы, пейілінің тарлығы деп ойлаймын.
– «Ақында дос болмайды. Оның серігі ‒ жалғыздық. Бұл мен ашқан жаңалық емес» дейді Жүрсін Ерман. Сіз араласатын, сырласатын орта қандай?
– Қазақта «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Жүрсін ағамыздың жоғарыдағы сөзі «ақындық ̶ ардың ісі» деген сөзбен байланысады. Өйткені «барды бар, жоқты жоқ» деп, қара қылды қақ жарып айту ақындарға жарасатын қасиет деп ойлаймын. Сондықтан шындық адамға жақпағанмен, Құдайға жағады. Шындықты айтатын адамның айналасында досының аз болуы ̶ заңдылық. Ал менің араласатын ортам ̶ өнердегі әріптестерім, ақындар. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысамын.
– Болашақта өзіңізді қандай биіктен көргіңіз келеді?
– Қазақ руханиятына, мәдениетіне еңбегі сіңген адам ретінде көргім келеді. Бірақ болашақты ешкім болжап білмейді. Қандай адам болсақ та, абырой биігінде жүру мақсат.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Г.ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!