Кітапханадан әдеби кітап оқу мақсатында кітап сөрелерін ақтара бастадым. Жаңа әдеби басылыммен толыққан кітапхананың ішкі сұлулығы көз тартады. Кітаптардың мұқабасы да, сыртқы пішіні де ерекше көз тартады. Жаңа әдебиеттердің басым бөлігі 2010-2015 жылдары басылған. Ал кітаптың мазмұнын көрейін деп парақтасам, бұрын-соңды ашылмағанын, тіпті оқылмағанын аңғардым. Кітапханада мұндай кітаптың қарасы қалың. Тіпті арасында мемлекеттік тапсырыспен шығарылғаны да бар. Қомақты қаржыға басылған кітапты оқырман іздемесе, бұл өкінішті жағдай. Кітаптарымыз кітап сөресінде шаң басып жатпас үшін кітап шығару мәселесін оңтайландыру қажет сынды.

Мәселен, бұрын кітапты тек ғалымдар, білімі зор тұлғалар ғана жазса, бүгінде көрген-білгенімен бөліскісі келетін саналы, көзі ашық адамдар да кітап жазып, оны жариялай алады. Яғни кітап шығаруға әркімнің-ақ бар таласы. Кей атақ-құмар кісілер кітабын, қолқалап өткізетінін талай көріп жүрміз. Елге сыйлы азаматтардың мұңдай әрекетін көргенде қынжылатынымыз рас. Бірақ амал қанша?! Осы тұста әрбір автор ескеруі қажет мәселе бар. Кітап шығармас бұрын қаншалықты сұранысқа жауап беретінін ескеру маңызды. Тіпті бұл мәселені бақылайтын ұйым немесе одақ қажет сияқты. Әрбір автордың туындысы қоғамдық сүзгіден өтіп отырса, бұл олқылықтың орнын жоюы мүмкін.

Қазір қай жерде болмасын трендке айналған кітаптар қатарында бизнеске бағыттайтын, ақшаны қалай үнемдеуді насихаттайтын кітаптармен қатар психологиялық туындылар сұраныста. Өйткені қоғам қаржылай сауатты, дағдарысқа қарсы тұру үшін психологиялық тұрғыда мықты болғысы келеді. Сондықтан бұл сала мамандарының қай ісі де табысқа кенелтуде. Бірақ қоғам бір сатыда қалмайды. Бұл сұраныс та уақытша болуы мүмкін ғой. Сондықтан мұны ескеріп, артымыздан өлмейтұғын сөз қалдыруды мақсат етуміз қажет. Ол үшін не істеу керек?

Мәселен, Омар Жәлелұлы кітап шығару ісін былайша жеткізген:

– “Кітап шығару” деген қазіргі заманның түсінігі. Қазіргі кейбір ақындарға ақындықтан гөрі кітап шығару маңызды сияқты. Абай мұндай мәселемен басын ауыртпаған, толғағы келгенде туатын анадай толғатып, ішін кернеп, жан-дүниесін өртеп, жарыққа ұмтылған өлеңдерін жазып тастай берген. Абай ақындығына мақтау да күтпеген, ақындықты “дерт” деп қабылдаған адам қоғамнан мақтау, марапаттау күтсе не болмақ? Ал Мұқағалидың жөні бөлек: ол өмір сүрген заман “кітап шығаратын” заман, талапкердің ақындығын шығаратын кітабымен өлшейтін заман. Абайдың бақыты сонда, әдеби орта, әдеби интрига, кітап шығару, қаламақы алу секілді ақындыққа еш қатысы жоқ нәрселермен бас қатырмады, – дейді.

Рас, кітапты пайдаға кенелемін деп шығару надандық. Ал оқырманға ой саламын деу екі дүниеде де табысқа жетелейді. Мысалы, ХХ ғасырдың басында классикалық әдеби туындыларға бай Еуропа үшін Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» жайлы шытырманға толы хикаясы ақылға сыймайтын туынды деп 14 баспа жариялаудан бас тартқан. Бірақ бұл кітап біршама қиындықтан соң басылып, қазір 450 млн данамен сатылған дүниежүзіндегі ең үздік кітаптардың қатарына енді. Ал фильмнен түскен табыс айтпаса да белгілі. Біздің қоғамға да осындай резонанс тудыратын дүниелер, әдеби кітаптар қажет-ақ. Бірақ оқырман талғамына жауап беретін туындылар жоқтың қасы. Айналып келгенде, бір оқыған әдебиетімізді қайта оқитын дәрежеге жеттік. Бұл мәселе жаңа кітаптың жарық көрмеуінен емес, әдебиетіміздегі шоқтығы биік туындылардың қатарын толықтыра алмауынан. Заман ағымына қарай, кітап шығару ісін де табыс көзіне айналдырамыз деп бармақ тістеп отырған жайымыз бар.

А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!