Поэзия, проза, драматургия жанрларында қалам тербеген Бейімбет Майлиннің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Қазақ прозасының тәй-тәй басқан кезеңінде ұлттық проза кәсіби жазушылық қандай болатынын көрсеткен жазушы. Ол «Ғалия» медресесінде оқып жүріп, «Садақ» журналын басып шығарды.
1914 жылы сол Садақтың үш санына өзінің тырнақалды туындысын жариялайды. Ол – «Шұғаның белгісі» шығармасы. «Шұғаның белгісі» повесінде автор қазақтың сол кезеңдегі әлеуметтік өмірін, әйел теңсіздігін суреттейді. Повестің айтар ойы – жастар қасіретін, ескі дәстүрді сынау, бас азаттығын көксеу. Бұл сол замандағы қазақ әдебиетіндегі басты сарындардың бірі еді. Шығармадағы оқиғалық өрімдер «Қасым» атты кейіпкердің тарапынан баяндалады. Төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға, үріп ауызға салғандай сұлу еді.
Шұға – терең ойлы, адамгершілігі жоғары және қарапайым, бірақ күрделі тұлға. Ол ауылдың қарапайым қызы болғанымен, оның ой-санасы өте жоғары, мінезі ізгі. Бұл оның әлеуметтік жағдайына және шыққан тегіне қарамастан, өз принциптеріне адал болуын көрсетеді. Шұғаның өмірі мен таңдауын тереңірек түсінгенде, оның ішкі байлығы мен рухани күшін байқауға болады. Ол өз тағдырымен және қоғамның қысымымен күреседі. Бірақ осы жолда өзінің адамгершілігін жоғалтпайды. Оған Әбдірақман есімді мұғалім ғашық болады. Алайда қос ғашық бірін-бірі қанша ұнатқанымен, адам қолымен жасалған тосқауылдардан аса алмайды.
Бейімбет Майлин шығармаларында әйелдердің мұң-мұқтажын, бостандығын, қоғамдағы орнын көп қозғайды. Қаламгердің он төрт поэмасының, бесеуі осы бағытта. «Байдың қызы» (1917ж), «Рәзияқыз» (1919ж), «Қашқын келіншек» (1921ж), «Зайгүл» (1921ж), «Маржан» (1923ж) дастандары соның жарқын үлгісі.
Прозада Күлпаш пен Раушан коммунист еңбектері, нәзікжандылардың психологиясын көрсетеді. Ал Шұғаның белгісінде әлеуметтік теңсіздік аяусыз сыналады. Бұл шығарманың ерекшелігі – қазақ қоғамының моральдық нормаларын ашық көрсетуінде. Бейімбет Майлин өз шығармасында тек адамның жеке қасиеттерін ғана емес, оның қоғамдағы орнын, моральдық таңдауын да терең көрсетеді. Әлеуметтік теңсіздік, таптық бөліну және сол кезеңдегі қазақ ауылындағы өмірдің қиыншылықтарын шығармаға арқау еткен. Бай әке қызын кедейге бергісі келмей, Әбдірақманды жер аудартады. Күйзелістен айықпас дертке шалдыққан қыздың мүшкіл хәлі, жігітті амалсыз босатуға мәжбүрлейді, алайда бәрі кешеді. Жарық дүниемен қош айтысқан Шұғаның хаты Әбдірақманның көз жасын көл етеді. Бейімбет Майлин бір қыздың тағдыры арқылы сол кезеңдегі қазақ қоғамын әшкереледі. Адамның еркін тұсаудың соңы қасірет екенін ұғындырады. Туындыдан қаламгердің қайраткерлік қыры да анық байқалады.
Бейімбет Майлиннің бізге өнеге болатын көркемдік қасиеті қарапайымдылығы. «Шұғаның белгісі» оқып отырғанда, сіз бөтен сезімді араластырмайсыз, тек Әбдірақман мен Шұғаның арасындағы шынайы махаббаттан көз жазғыңыз келмейді. «Шұғаның белгісі» ұлтты оятқан елеулі еңбек. Қазіргі ұлттық сана еркіндігіне де алаш ардақтыларының қосқан үлесі өлшеусіз.
Д.РОЛАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!