Міне, григориан күнтізбесі бойынша бір айды да артқа тастадық. Бала кезімізде ақ түтек ақпан деп ана тілінде суреттелген айдың алғашқы аптасын да тауысқалы тұрмыз. «Туған ай тураған етпен бірдей» дейтін біздің қазекем қандай айтқыш еді өзі.  Қазір, міне, қолыңызда 2021 жылдың бесінші санын парақтап отырсыз. Ең бастысы, биыл да бізді таңдаған оқырманға мың алғыс!

Әрине, пандемияға дейін он мың оқырманның үстінде едік, қазір сегіз мыңның айналасында қалғанымыз аса қуанта қоймай­тынын жасырып қайтеміз?! Әйтсе де бұл күндер де артта қа­лар, біз өз қалпымызға, өз оқырманымызға оралармыз деген үміт­теміз.

Бұрын ең қымбат екі балмұздақтың құны едік, қазірде де қым­баттаған түгіміз жоқ, азын-аулық тиын қосылды дегенмен, үйі­ңіздің жанындағы дүкеннің нарқымен есептегенде сол баяғы екі балмұздақ сатып алатындай теңгенің шамасындамыз. Қолы­ңыздағы газеттің алты айға жазылу бағасын айтып жатқаным ғой. Бар-жоғы – 2000 теңге. Біздің қасымызда ай сайынғы телефон тарифтерінің құны (1600 теңгеден басталғаны күні кеше еді) – 3900-5900 теңгенің көлемінде шарықтап тұр. Күніне білдірмей бір тиын қосса да, оған ренжиін деп тұрған адам жоқ. Телефонмен сөйлесем, әлеуметтік желілерде отырамын, балаларымның са­­бағын қадағалаймын, т.б. деп уәж айтатыныңызды білем ғой, дегенмен менің мамам сияқты интернетті аса көп пайда­лан­байтын адамдар да бар, бірақ олар да тарифін тауысып не тауыспағанына қарамастан, айына бір-екі рет жан-жақтағы балаларымен сөйлесу үшін-ақ сол ақшаны ай сайын тұрақты түрде есепсіз салып отыр.

Бір үйде кем дегенде бес адам тұрса, бас-басына бір-бір теле­фонның ай сайынғы тарифін есептесек, шашымыз ағарар. Әрқайсысы әр бөлменің әр бұрышында шоқиып, жұмыстан да, сабақтан да тыс телефонға телміріп, көзін суалтқаннан басқа пайдасын көріп тұрғанымыз шамалы ғой. Әйтсе де осы ақша қайда кетіп жатыр демейміз. Бір-ақ рет жазылып, алты ай бойы апта сайын үйіңізге өз аяғымен кеп тұратын газеттің бағасын қымбатсынатынымыз қиындау.

Кейде жұмыс істейтін жерге емес, газет үйіме кеп тұрсын дейтін жазылушылар бар. Мұның өзіндік қиындықтары бар, әсіресе көп қабатты үйде газетке өзі жазылмағанмен, өзгенің жазылған газетін олжа көріп, оп-оңай үйіне қолтықтап кететін адамдар көп екен. Өзім де көп қабатты пәтерде тұрдым ғой, газетімнің бір нөмірі де қолыма тимеді, ал пошташы әкелуімнің кемі жоқ дейді. Демек ұрлап кететін болған. Сондықтан жұмыс істейтін жеріңізге газет барса да жақсы ғой, онда да газеттің бұрышына сіздің аты-жөніңіз жазылады, сол бойынша газетті қабылдап алатын адамға ескертіп қойсаңыз, жұмысқа келген бойда немесе қайтар уақытыңызда қолыңызға ұстатып жібереді. Кейде осындай оп-оңай нәрсені қиындатамыз не болмаса газетті іздемейтін ұмытшақтығымызға ренжімейміз, алты айдан кейін алдына барған журналиске бір газетіңді де көрген жоқпын деп дүрсе қоя береміз. Сіз іздесеңіз – біз де көмекке әзірміз. Газет оқы не оқыма, бізге әрбіріңіз қымбатсыз. Сіздің газетке жазылғаныңызға біз құрметпен қараймыз. Қазір газет-журнал ғана емес, әлеуметтік желілерде де оқырман үшін, өз тілімен айтқанда, жазылушы үшін жанталасқан уақыт қой. Аккуанттың жазылушысы неғұрлым көп болған сайын ақша түсіретін каналдар кеңейеді. Желіде желігіп, тәнін де, жанын да жалаңаштауды ар көрмейтіні содан бұл жұрттың. Сіз оны тегін «тамашалап» отырмын деп ойлайтын шығарсыз, бірақ ай сайын телефонға төлеп отырған тарифіңізді ұмытып кетпеңіз (!).

Қат-қабат мамандықтың ішінде тілшілер қауымына деген құрметпен 2000 теңге деген не тәйірі деп, газетке жазылуды өзінің азаматтық парызы санайтын адамдар да бар. Шүкір. Бірақ бұл буынның жасының ұлғайып бара жатқаны көңілсіздеу. Осы санатты жасартқымыз келеді. Өзіңіз ойлаңызшы, ай сайын тарифке ақша салғаныңыз қаперде жоқ, «тегін» оқып отырғандай көретін телефонның арғы жағындағы жаңалықтармен газетті салыстырудың өзі ақылға сыймайды. Сонда да саралап көре­йікші, біз мұнда өзіңіз күнде айта беретін жұрттың балаларын жарқыратып көрсетіп жатамыз. Жастар газеті болған соң не­гізгі аудиториямыз жастар ғой енді. Сол жастардың ішінен өз балаңызды неге көрмеске?! Оның жетістігін айтып, жаңалығымен бөлісейік. Бізге ауылдағы ағайынның ахуалын айтудан шарша­майтын адамдар керек. Сіз өзіңізді әлеуметтік желінің бір бөлшегі сияқты сезінетін болсаңыз, газеттің де сондай қатысушысы, белсенді оқырманы болуға мүмкіндік бар. Құдайға шүкір, газеттің соңғы бетінде көрсетілген электронды пошта әп-сәтте сіздің жазғаныңызды бізге жеткізеді. Әр нәрсенің өз тартымдылығы бар десек, газетке шығу бәрібір қызық біздіңше.

Бала кезімде үйге тұрақты келетін «Балдырған», «Ақ жел­кен» журналдары мен «Ұлан», «Сыр бойы» газеттерін оқи жүріп, қиялыма қанат бітіп, журналист болдым. Өз құрбы-құрдаста­рымның ішінде мен сияқтылар өте көп. Бәлкім сіздің үйде де журналист өсіп келе жатқан шығар. Журналистика деген телефоннан хабар тарату емес қой, сондықтан бір ауық балаңыз да газет қараса жаман ба? Айта берсе әңгіме көп. Мұның бәрі бүгінгі газетті қалай оқытамыз деген ойдан туындап жатыр.

Кейде қайтарымсыз қаржы беру сияқты бағдарламаларды дер уағында естімей, қап деп, санын соғып қалатындар жеткілікті ақпараттандырылған жоқ, бізге айтқан жоқ, естіген жоқпыз деп ренжиді. Ол үшін сізге пайдалы ақпарат көзі – газет үйге кеп тұру керек. Телефондағы жаңалықтар лентада бір рет көрінеді де, ізім-ғайым жоғалады. Әрі-беріден соң кейде не оқып, не қойғаныңызды да білмейсіз. Өйткені ондағы дүниенің көбісі, әсіре қызыл тез оңар дегендей, тез ұмытылады. Газет қайта қарауға, қайта оқуға мүмкіндік береді. Мәселен, осы қазір кәсіпкерлік палатасында қайтарымсыз қаржы алу үшін конкурсқа тіркеліп жатыр жұрт. Наурызда аяқталады бәрі. Біз бұл туралы «Бастау» жобасының берері көп» деп өткен санымызда («Ақмешіт жастары» №4 (385) 28 қаңтар, 2021 жыл) үшінші бетте жаздық. Aqmesyit_zhastary.kz деген сайтта да тұр бұл мәлімет. Googleдан «Ақмешіт жастары газетінің сайты» деп жазсаңыз, алдыңыздан жарқ ете қалады. Қазір сайтты жаңарттық. Көргенде көз қызығады. Егер газетке әлдеқандай себеппен бірінші жарты жылдыққа жазыла алмай қалсаңыз, сол сайттан газеттің электронды нұсқасын оқуыңызға болады.      

Қош, Жаңа жылда да бізді таңдағаныңызға, біздің газетке жа­зыл­ғаныңызға көп рақмет, қадірлі оқырман! Ақпарат оқырманға пайдалы болу керек немесе таңқалдыру керек деген ұстаныммен жұмыс істеуге барынша тырысамыз. Таң қалдыра алмай жатсақ, біздің жазғанымыз пайдаңызға жараса, осының өзі біз үшін үлкен қуаныш. Айтпақшы, биылғы жаңалығымыз сол, әр айдың соңында немесе ұлттық мереке күндері газет әдеттегідей 8 бет емес, 12 бет болып үйіңізге барады. Кешегі қаңтардың 28-і күні 12 бет болып шыққанымыз содан. Жыл бойына жоспарымыз дайын, оның ішінде сіздің кәдеңізге жарайтын дүниелер бар де­ген сенімдеміз. Сіздің де ұсыныс-хаттарыңызды күтеміз. Жақ­сы көңіл-күйде болайық!

Құрметпен, Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!