KAZINFORM — 1983 жылдың көктемінде Қызылорда облысы ауқымды мәдени шараның орталығына айналды — мұнда Қазақ кеңестік әдебиетінің күндері өтті.

Бұл тарихи сәт тек газет беттерінде ғана емес, сирек кездесетін фотосуреттерде де сақталып қалды.Қазақ әдебиетінің үздік өкілдерімен жүздесуді асыға күткен қызылордалықтар жазушылар делегациясын үлкен ықыласпен қарсы алды.

Суреттер облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің 1983 жылғы 27 және 28 мамыр күнгі сандарында жарияланған.

Бірінші суреттен жазушылар делегациясының аэродромға келген сәтін көруге болады. Сыр елі қонақтарды гүл, нан-тұз және музыкамен қарсы алған.

Бұл кездесуді журналист О. Жаппарханов былай сипаттайды:

«1983 жылдың 27 мамыры, сағат 16:40–та Сырдың көгінде күміс ұшақ көрінді. Қазақ кеңестік әдебиетінің күндеріне келген қаламгерлерді қарсы алу үшін аэродромға жиналған халық қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Айналада „Қош келдіңіздер, сөз зергерлері!“ деген сәлемдесулер айтылып, гүлдің жұпар иісі ауада тарап, әуен әуелеп тұрды».

Қызылордада өткен әдеби күндерге қатысқан қаламгерлер туралы мақалада былай делінген:

Делегацияны КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев бастап келген. Сонымен бірге көрнекті ақындар — Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, С. Сейітов, А. Жәмишев, С. Жиенбаев, Л. Кривощеков, Р. Кунакова, А. Бақтыгереева, А. Шамкенов, сондай-ақ прозашылар Тахауи Ахтанов, Дүкенбай Досжанов, Кемел Тоқаев, Н. Сералиев те болған. Сондай-ақ академик Мұхамеджан Қаратаев пен Рахманқұл Бердібаев сынды белгілі әдеби сыншылар да қатысқан.

Кемел Тоқаев пен қазақ қаламгерлері Қызылордада
Фото: Kazinform

Екінші суретте Қазақ әдебиеті күндерінің ресми ашылу салтанатына қатысқан ақын-жазушылар бейнеленген.

Бұл газет суреттерінде белгілі жазушы, редактор, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі — Кемел Тоқаев та бар. Ол өз замандастары — белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің ортасында тұр.

Кемел Тоқаев — шытырман оқиғалы және детектив жанрындағы танымал туындылардың авторы ретінде қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Оның алғашқы жинағы — «Жұлдызды жорық» — 1954 жылы жарық көрген. Кейін «Солдат соғысқа кетті», «Ерекше тапсырма», «Соңғы соққы», «Түнгі ату», «Сарбағанда болған іс» сынды романдары мен повестері Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де кеңінен танымал болды.

Ол І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейін республикалық газеттерде жауапты қызметтер атқарды. 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды.

Бұл фотосуреттер — жай ғана кадр емес, тұтас бір кезеңнің куәсі. Олар әдебиет қоғам өмірінің маңызды бөлігі болған, ал кітаптар халықтың шынайы қызығушылығын тудырған уақытты баяндайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!