Сол бір тұла бойын түнерткен жаңалықтан кейін Бекарыс біраз уақыт ес жия алмай отырып қалды. Үйдің төрінде ілініп тұрған әкесінің суретіне ұзақ қарады. Біресе өзінің де ата сақалы аузына түсіп, немере сүйіп отырған шағына дейін жұрттың балаларына ұқсап жетімдік жанын жүдетпегеніне, әке-шешенің тірі кезінде тоғыз балаға таршылық көрсетпегеніне шүкір етеді. Енді бірде жүрегі ытқи соғып, шешесіне лайықты ұл бола алмадым ба дегенді ойлап түнереді. Асылында, бұл ес білгелі мәңгілік мекеніне бес жыл бұрын қайтқан әкесін – «әке», жалған өмірде санаулы күндері қалған шешесін «ана» деп айтып көрмеген еді. Ішін жегідей жеп бара жатқан адам түсінбейтін сезім де осы гәптен пайда болса керек.

Қайбір жылы үлкен үйде барлығы жиылып, шай ішіп отырғанда анасы: «Балам, келер жылы мен сексеннің бесіне, сен Пайғамбар жасқа толасың. Сау отырсақ бірігіп, ағайын-туыстың басын қосып, мейрамханаға той жасасақ қалай?», – деп еді. Әкесі қайтқалы, әлде оған дейін де ақырғы сөз үйдің үлкен ұлының, үлкен кемпірдің баласының еншісіне көшкен.

– Әй, Айған, соның не керегі бар дейсің?! Көрмей жүрген тойымыз емес қой. Жақындағанда көрерміз, – деп қысқа қайырған. Сонда кейуананың аузына осы сөзді Құдайдың өзі салып берді ме, кім білсін?! Бекарыс шешесінің көңілденіп отырып айтқан осы ойын тықыр таяғанда есіне алды. Осы кезге дейін туған күн тойлауға аса мән бере бермейтін Айғанның ақырғы тілегі осы екен ғой деп, көз жасына ерік берді. Әйтпегенде ше? Сексеннің сеңгірінен асқанға дейін түйір дәрі ішіп, аурухананың алдына барып көрмеген адамның кенет өлім аузында тұрғанына санасы сенер емес. Оңаша бөлмедегі өлі тыныштықты қырық жыл отасқан жары бұзды. Енесінің бауырына обыр түскенін естіген күні-ақ үлкен келін даярлықты бастап кеткен. Денсаулығы көтерсе, соңғы қуанышын лайықты атап өтіп, «мәңгілік өмірге» алаңсыз аттанса деген ойы… Әрі-беріден соң осы үйге келін болып түскенде мейірімін төгіп, шаруашылыққа баулыған енесінің томпаңдап жүре бергені, оған мұның кіші қызындай еркелей жүрген кездері қуаныш екенін ұғынады. Артынан ерген келіндерді ұйыстырып, үйдің берекесін келтіріп отырған мұны Айған да ерекше көретін. Солай болғасын әрең дем алып отырған енесінің жағдайын жасап, соңғы өтірікке санасын сендірту осының мойнына жүктелді.

– Апа, бұрын сәл аяғыңыз ауыратыны болмаса, денсаулығыңызға шағым айтпайтын едіңіз, білесіз бе? Жұрттың бәрі бала кезден қан қысымымен ауырса, сіз сексен жастан асқаннан кейін алғаш рет… Уайымға берілмеңіз. Бірнеше күннен кейін, жазылып, қайтадан аяққа тұрасыз. Дәрігерлер солай деп жатыр, – деді өксігін күшпен басып. Айған мұның сөз ырғағынан жағдайдың соншалықты жақсы емес екенін біліп тұрған болар. Десе де өтірікке жаны сенгісі келеді. Құдайдың кеңшілігінен үмітті. Өмір сүрудің қандай керемет екенін дәл Айғандай ешкім түсіне қоймас, сірә.

Тура екі күн өткеннен кейін қаладағы ең сәулетті мейрамхананың бірінде ұлан-асыр той берілетін болды. Бекарыс алыс-жақын ағайынның әрқайсысына арнайы шақырту жіберді. Бірақ аналарының өлім аузында отырғанын да ескертті. Өзіне ештеңе айтпағанын, соңғы туған күнінде абысын, бауырларын көріп, қуанышта бір марқайып қалсын деген ойын қоса жеткізді. Тіршілікте тума-туыстың қуаныш-қайғысынан қалмай, бір жағын көтерісіп жүретін Айғанның дәм-тұзы түгесілгелі тұрғанына ешкім сенгісі келмеді. Еңбектеген баладан – еңкейген қарияға дейін шын қайғырды. Мәнді, мағыналы өмір сүру деген осындай болса керек. Барлығы бір ауыздан белгіленген мейрамханада жолығатын болып келіскен.

Той белгіленген уақыт соқпай жатып, мұнда жиналғандар қарасы қалың болды. Әдеттегідей асаба келген қонақтардың көңілін тауып, биші-әншілер өнерін ортаға салып жатты. Тойдың иесі Айғанның сырқаты бұл уақытта үдей түскен. Үйдің үлкен келіні қонақтарды қарсы алып: «Апым қазір келеді» деумен болды. Дастарқан ашылып, барлығы есікке қарай елеңдеп отыр. Ал анандайда отырған кемпірлер көк пакетті толтыра алмай әуре. Той ортасына жетпей жатып өздері отырған үстелдерінің көпшілігінде бос тәрелкелер тұрды. Сондағы Айғанның балаларының жаға ұстағаныны көрсең… Тек үйдің екіншісі Айарыс ғана жуан дауысқа салып, жиынның негізін түсіндіргендей болды.

– Айналайын, ағайын-туыс, бауырлар! Шешеміздің сырқаттанып қалғанын барлығыңыз естіген боларсыз. Бұл той басқаларынан сонысымен ерекше. Айықпас ауруға шалдыққан анамның көңіліне тиіп алмай, біліп тұрсақ та, білмегендей, ізгі тілектерімізді арнасақ. Оған дейін алдағы астан дәм тата отырыңыздар. Ауысқанын құдай жолына берген садақа ретінде салып алыңыздар. Бастысы, Айғанның алдында көңілді жүрулеріңізді сұраймын, – деді де, шыдамай кетті білем, жылдам қадаммен сыртқа шыққанша асықты.

Бір уақытта мейрамхананың сән-салтанатты есігінен жүзі домалақ, таяққа сүйенген Айған аяғын әзер басып кіріп келді. Жиналғандар қошемет көрсетіп, төрге шығарды да, қыз кезінен бірге келе жатқан қос құрбысын екі жағына жайғастырды. Сол сәтте Бекарыс микрофонға ұмтылып, әңгімесін бастады.

– Ес білгелі үйіміз қатар орналасқан осы екі кемпірді көзім жазбай таниды. Совхоздың үздік сауыншылары еді. Бірақ Айған бәрінен көбірек сүт сауатын. Одан бергі уақытта, үлкейгенше тынбай еңбек етіп келді. Соның арқасында бүгін ешкімнің сүйемелдеуінсіз үшеуі де сексеннің сеңгіріне шықты. Бүгін сіздердің де туған күндеріңіз деп білемін, – деп алтын білезік тақты. Артынша көрші елдімекеннен келген туыстар жарыса тілек айтты. Бірақ барлығының дауысынан қимастық пен аянышты ырғақ байқалып тұрды. Меймандар той иесіне бағалы сыйлықтар табыстап, көңілін көтергісі, разы еткісі келеді. Әзер отырса да, жүзінен нұр шашқан домалақ әжей бұған аса мән бермеді. Көңілін салғанның бәріне күлімсірей қарайды. Ұл-қыздары да «көңілін көтеріп қалар» деді ме, бірі миллиондап ақша ұстатса, екіншісі бриллиандпен көмкеріп жатты. Сөз кезегі Бекарысқа келгенде мейрамхана ішінде өлі тыныштық орнады. Трактордың дауысындай арылдаған шаруа адамының бұрын бұлай ашылғанын шешесі де көрмеген болар.

– Мен әжемнің баласы едім. Айған кесеге шай құйып, алдыма қойса, атып тұрып, онысын лақтырып жіберетінмін. Ана үшін бұдан асқан қасірет жоқ шығар. Онымен қоймай, тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан шешемді өмір бойы атымен атап келемін. Ұлдың үлкені маған ерген балалар да Айған деп шақырып кетті. Бұл кемпір, бірақ, жүз жасайды. Сонда да болса көзі тірісінде «анашым» деп, маңдайынан сүюге рұқсат етіңіздер, – деді. Сөйтті де таяғына сүйеніп отырған анасының алдына құлай кетті. Көзден аққан пара-пара жасын тоқтата алмай, ірі денесімен еңкілдей жөнелді. Бірақ бұл уақытта Айған жіби қоймады. Қазақы дәстүрдің қаттылығынан әйелге тән нәзіктікті көрсете бермейтін. Мүмкін бала кезінде бұрылып қарамаған ұлдың мына қылығын түсіне алмай тұрды ма, әдеттегідей жылы жымиып қоя салды. Тоғыз ұл анасын ортаға алып, суретке түспек болғанда, Бекарыс шешесінің аяқ жағына келіп, суық еденге жантая кетті. Көзіндегі іркілген жасты сығып алды да, күлімсірегендей суретке түсті. Қазақы үйдің қатқыл мінезді баласы мұндай мойындауды, сезімге толы сөздерді айтуы өзіне мүмкін еместей көрінгені рас. Түрі «сәл қызып алғаным қандай жақсы болды, жеңілдеп қалдым-ау» дегендей еді.

Арада бір жұма уақыт өткеннен кейін кемпірдің дәм-тұзы таусылды. Тойдан кейін қаладағы кіші ұлының үйіне қайтқысы келді. Ухілеп-ақылап жүріп, заттарын жинаған. Тек Бекарыстың «осында қала бер, ұлың іссапардан келгесін, өзім алып барамын» деген сөзіне тоқтаған. Бұдан кейінгі күндері жағдайы одан әрі нашарлай түсті. «Үйге қайтамын» деген сөзі де қайталап аузына алған жоқ. Шамасы өлімнің жақындап қалғанын сезген болар, өзі сенген өтірік құтқара алмады.

Сартай БАЙЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!