Сыр өңірінде мәдениет саласы қарқынды дамып, өнер иелері шығармашылық биіктерді бағындыруда.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында аймақта халықаралық суретшілер симпозиумы және «Мәдениет – қоғам келбеті» атты республикалық форум өтті.

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет туралы өз сөзінде: «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын.

Форумның басты мақсаты – аймақтағы мәдениет пен өнер саласын дамыта түсу, өнерпаздарымызға жан-жақты шығармашылық қолдау көрсету.

Өткен жыл мәдениет саласы үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Тұңғыш рет мәдениет және әдебиет өкілдеріне қолдау көрсету, шығармашылық адамдарының әлеуетін көтеру мақсатында «Тұран» сыйлығы табысталса, биыл да жарқын бастамалар өз жалғасын табуда.

Осынау төл мерекеде шығармашылық жаңа серпін мен креативті бастамаларға жол ашу бағытында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде сценаристрежиссерларға арналған «Мәденикөпшілік шараларды ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктері» тақырыбындағы шеберлік сағатын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Қарлығаш Әжиева жүргізді. Шараға 300-ге жуық қала және ауданның мәдениет қызметкері қатысты.

Формуда жыршы – термешілер де назардан тыс қалмады.

Жыраулар үйінде жырау, ұстаз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов жыршы-термешілерге арналған «Дәстүрлі өнерді өркендетудің әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар қала, аудан музыканттарына, вокалды-аспапты, фольклорлық ансамбльдер мен қобызшыларға арналған «Шеберлік шеңбері» тақырыбындағы дәрісті композитор, пианист, музыкалық өңдеуші Сәтжан Шәменов өткізіп, өз тәжірбиесімен бөлісті.

Форум «Мәдениет саласындағы креативті менеджмент» тақырыбында журналист-продюсер Қарлығаш Тоғанбаеваның және «Мобилография. Мәдени шараны ақпараттандыру» тақырыбында республикаға танымал фотовидео менеджер Шырын Нұрмұханованың шеберлік дәрістерімен жалғасты.

 Екі күнге созылған шара Өнер орталығында «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты халықаралық симпозиумға қатысушы суретшілердің көрмесі мен Әдебиет және өнер өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын табыстау рәсіміне арналған «Сыр елі – өнер ордасы» атты гала концертпен қорытындыланды.

Аймақтағы ауқымды шаралар легі мәдениет саласының дамуына серпін бергені сөзсіз.

Шынтемір САЙЛАУОВ,

Облыстық Халық шығармашылығын

дамыту және

мәденипродюсерлік

орталығының маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!