фото: rg.ru

Ұлттық тілдің ұшпаққа шығуы – бүгінгі буынның тікелей міндеті, тіпті парызы десек те артық болмас. Өкінішке орай, тілімізге әлі күнге төрден толық орын тимей келе жатқаны қынжылтатыны жасырын емес. Осы орайда көкейімде жүрген мөлтек сырды баяндай кетсем деп едім.

Менің немерем Гүлбибі Жақсыбай өткен жылы ғана М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіне ағылшын тілі пәні бойынша грантқа оқуға қабылданды.

Таңғалғаным, біздің аймақ жүз пайызға жуық қазақ тілді болғанымен, бұрын қазақ тіліне терең мән бере қоймайтын немеремнің бірінші курсты тәмамдап ауылға келгенде ұлттық тілде сауатты сөйлеп, ұлттық құндылыққа ерекше жанашырлық танытуы еді. Бұған қоса қоғамға, айналасына, ойлы көзқараспен қарап, заманауи бейімделген. Ал немеремнің бұл өзгерісіне себеп болған оқу орнындағы ұстазы Мөлдір Меңдібаева екенін естіп, ұстаз ұстанымы туралы қалам тербегенді жөн көрдім.

Ұстаз мерейі

Мөлдір Болатбекқызы 1985 жылы Жалағаш ауданының Аққұм ауылында туып өскен. Орта мектепті бітірген соң, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша тәмамдап, кейін магистратурада білім алады. Еңбек жолы 2008 жылы Қазақ гуманитарлықтехникалық колледжінде оқытушы болып бастаған. 2015 жылдан бері М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің оқытушысы. Ал бүгінде Мөлдір Меңдібаева менеджерлік, әдістемелік, ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты колледждегі 400-ге жуық студентті, 15 ұстазды қамтыған «шетел тілі» бөлімінің меңгерушісі.

Ұстаз мерейі

 Студенттерге қазақтың құнды, бай сөздік қорын қолдана отырып эссе жаздыртуы, қазақ тілінде мәнерлеп оқу байқауларын, жас ақындар мүшәйраларын өткізуі – ұстаздың ұлттық тілге деген ерекше жанашырлығын байқатады. Оқытушының қазақ тілін терең меңгертуге байланысты, аймағымыздың жыраулар жері екендігі туралы 8 әдістемелік кітабы да жарық көрген. Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқыту тәжірибесі мың даналық тиражбен басылып шығып, республиканың барлық өңіріне таратылған. Былтыр ғана республикалық оқытушылар арасындағы шеберлік байқауына қатысып, «IT құзіретті педагог» номинациясын иеленген болатын.

 Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген ұстаз өзі қызмет ететін оқу орнының алғыс хаттарымен қоса Қызылорда қалалық, облыстық білім басқармасының алғыс хаттарын, Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын иеленген. Отбасында жұбайы Нұрлыбекпен бірге үш қыз тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз Мөлдір Меңдібаеваға мен де аталық ақ батамды бергенді жөн көрдім.

Беганыш ЖАҚСЫБАЙ,

ҚР Ішкі істер министрлігінің

құрметті ардагері,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

 Қазалы аудандық «Жанқожа батыр»

 мешітінің баспасөз хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!