Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп Достық үйінде «Кибербуллинг. Бала болашағына алаңдау» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырды.
Қазіргі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі Кибербуллинг тақырыбындағы өрбіген шараға психолог Сымбат Абдрахманова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің еріктілері, этнос жастары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.
«Кибербуллинг-бұл сандық технологияларды қолдану арқылы қорқыту және қудалау. Ол әлеуметтік желілерде, хабар алмасу қосымшаларында, ойын платформаларында және ұялы телефондарда өтуі мүмкін. Жыл өткен сайын ғаламтор қолданатын балалардың саны артып келеді. Бұл әрине алаңдатпай қоймайды. Қазір жасөспірімдер арасында болып жатқан бұзақылықтың барлығы ғаламтордың әсерінен. Балалар интернетте көргенін өмірде қайталайды. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз», – деді кездесудің модераторы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Қанат Ақылбеков.
Кибербуллинг балаларға зиянды және ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Сол себепті онымен қалай күресуге болады? Ол үшін ата-ана, кибербуллингке ұшыраған жандар не істеуі керек? Оның алдын-алу секілді өзекті мәселелер төңірегінде Назарбаев Зияткерлік мектебі «Еріктілер орталығының» белсенді мүшесі Дильназ Сұлтанбекова толықтай тоқталып, қажетті кеңестер берді.
Ал, психолог, «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Абдрахманова ғаламторға тәуелділіктің қоғамға тигізер әсері жайлы сөз қозғады.
«Кибербуллинг бізге түрлі жолдармен әсер ете алады. Бірақ оны жеңуге болады. Ол үшін адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Тіпті отбасындағы ең сенімді қарым-қатынас кезінде ата-аналар кейде балаға қауіп төндіретін қатерді уақытында байқай алмайды және оның алдын-алуды әрдайым білмейді. Сол себепті баладағы мазасыз мінез-құлық, депрессия, мектепке барғысы келмеу – баланың агрессияға ұшырауының ең айқын белгілері екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, егер бала интернетте уақытты өткізуді ұнатса және оны кенеттен тоқтатса, себебін анықтау маңызды», – деді Сымбат Абдрахманова.
Кездесу аясында тұщымды ойлар айтылып, пікір алмасуға ұласты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!