Мектеп бітірер тұстағы қимастық сезім мен алдағы кезеңге деген үміт арпалысқан сәт. Ұстаздың аяулы үнін, білімге шақырған қоңырау дауысын соңғы мәрте еститін мезет. Осындай ғажап сезімдерге толы 25-мамыр түлектер үшін ғана емес, шәкірт атанған барлық адам үшін бағалы кезең екені рас.
Баян САРЫБАЕВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, жас түлек:
– NIS маған сапалы білім беріп, достықты бағалай білуге үйретті.Алғаш мектеп табалдырығын аттағалы бергі жылдар көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Мектептегі өмір әртүрлі мәдениетті қабылдауға, елжандылық және толеранттылық қасиеттерді дамытуға жол ашты. Сабақ барысында топта жұмыс істеп, көшбасшылық қасиеттерімді шыңдауға, жеке тұлға ретінде қалыптасуыма, үш тілде еркін тілдесуіме және шынайы достар табуыма мүмкіндік берді.
Бақытты балалық шағым өткен білім ордасының әрбір бұрышы мен үшін ыстық болып қалады. Әрбір баланың арманы болған халықаралық стандарттарға сай білім ошағында оқығаныма қуаныштымын. Қиналған кездерде қолдау көрсетіп, қол ұшын созуға дайын тұратын мұғалімдерге, мектеп ұжымына, достарыма алғысым шексіз. Бітіруші түлектерге жаңа өмірге қадам басуда сәттілік тілеймін және мектептегі ұмытылмас сәттер үшін алғыс айтамын!
Аружан ӘБДІРАХМАН, И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің оқушысы, «Алтын белгі» үміткері:
– 11 жыл уақыт тез өтіп кеткеніне сене алмай жүрмін. Бала күнімізден бірге жүрген достарымызға, анамыздай болған ұстаздарымызға бауыр басып қалдым. Шынымды айтсам, сыныбым отбасымдай болып кетті. Ал жанұядан қалай бас тартуға, алыс кетуге болады? Содан болар қимастық сезім басым. Алдағы ҰБТ-ға дайындығым өте жаксы деп айта аламын, тек іштей қобалжу бар. Біздің мектептегі әр сәтіміз қызықты өтті. Парталасыңмен бір кітапты бөлісіп оқыған кездер, бірге асханаға барып үлкен кезекті күткеніміз, тіпті қоңыраудағы арпалыс та қызық. Қазір біз – бітіруші түлектер таңертеңнен күн батқанға дейін дайындықпен жүргендіктен күн сайын бір-бірімізге бауыр басып, жақын болып бара жатырмыз.
Ләззат ЖЕҢІСҚЫЗЫ, «Мұрагер» мектебінің 11-сынып жетекшісі:
– «Соңғы қоңырау» сынып жетекші үшін де, ұясынан ұшқалы тұрған түлек үшін де ерекше күн екені анық. Жүректегі толқу, қуаныш, қимастық сезімдері таласқа түседі. Мамыр айында балалардың күн санап: «Ұстазым, біздің мектеп партасында отыруымызға сәл ғана уақыт қалды. Сізді, мектепті қимаймыз, қайтадан төменгі сыныпқа оралсақ қой, шіркін…» деген сөздерін естігенде, көз алдыңда кішкентай ғана бүлдіршіннен үлкен азаматқа айналған балаға деген сезіміңді айтып жеткізу қиын. Шәкірттерімді үлкен өмірге шығарып салар уақытта қимастық басым болғанымен, бұл – заңдылық.
Биыл сыныбымнан 31 оқушы мектеп бітіреді. Сыныбымды мақтан етемін, себебі оқушыларым республикалық олимпиада, ғылыми жоба, «Елбасы медалі», қалалық, облыстық сайыс жеңімпаздары. Білімді, тәрбиелі, ашық, көңілді балалар әрдайым ұстаздар тарапынан оң баға алып жүреді. «Алтын белгі» үміткері – 4 оқушы, «Үздік аттестат» үміткері – 7 оқушы.
Баламен өткізген сәттің бәрі қызықты. Біз, ұстаздар қауымы, оқушының құрдасы да, сырласы да болуға тырысамыз. Шәкірттеріме айтар тілегім шексіз. Бастысы Абай атамыз айтқандай «ақыл, қайрат жүректі» бірдей ұстап, «Толық адам» ретінде дүниенің бір кірпіші болып қаланғанын қалаймын. Мемлекетімізді өркендетуде өз үлестерін қосып, әлемдік сахнадан орын алған тұлға болуын тілеймін.
Г.ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!