Өткен аптада Алматы қаласында «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойы аясында есімі мұқым қазаққа белгілі танымал комментатор Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған дәстүрлі шағын футболдан турнир өтті.
Турнир 11 мамыр – Амангелді Сейітхановтың туған күні қарсаңында ұйымдастырылды. Биыл танымал спорт комментаторы 56 жасқа толар еді. Бұл турнир – қазақ спорт журналистикасы мен футбол мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан арда азаматқа деген шынайы құрметтің белгісі.
Амангелді Сейітханов – қазақ спорт комментаторлығының символына айналған тұлға. Оның эмоцияға толы әрі салмақты репортаждары талай ірі спорт оқиғаларымен қатар өріліп, тұтас бір буынды шабыттандырды. Ол өзінің кәсіби біліктілігімен спорт журналистикасында өшпес із қалдырды. Ала доп бәсекесінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген спорт журналисінен құралған 14 команда бақ сынады. Солардың қатарында – Сыр елінің сенімін арқалаған «Ақмешіт» командасы да бар.
Жерлестеріміз турнирде алғаш болып «Хабар Dream team» жігіттерімен күш сынасып, соңында тең тарқасты. Екінші ойын Түркістанның «Dara media» командасымен кездесу өткізіп, өз қақпаларына гол жіберместен екі доп айырмасымен жеңіске жетті. Алайда топтағы үшінші ойында ҚФФ командасына 0-1 есебімен есе жіберді. Осылайша топта 4 ұпай жинаған жерлестеріміз гол айырмашылығы бойынша топтан шығып, ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда Шымкент қаласының қаламгерлерімен өткен ойын негізгі уақытта тең аяқталып, барлығы пенальти сериясында шешілді. Маңызды сәтте қарсыласқа мүмкіндік бермеген «Ақмешіт» командасының қақпашысы Нұрислам Ғұмар қырағылық танытып, жігіттерді жартылай финалға шығарды. Кезекті қарсылас – елордалық «Қазмедиа». Бұған дейін бұл турнирді бір мәрте жеңіп, дүбірлі доп додаларда асығы алшысынан түсіп жүрген командаға қарсы ойнау жерлестер үшін оңай болған жоқ. Алғаш болып есепті ашқан астаналықтар соңына дейін қорғанып бақты. Алайда төреші ысқырығының естілуіне санаулы минуттар қалғанда айып соққысын сәтті орындаған команда капитаны Әділбек Жаханов есепті теңестіріп, финалға деген өшкен үмітті қайта жақты. Осылайша тең ойынның тағдыры тағы да пенальти сериясында шешіліп, асығы алшысынан түскен Сыр қаламгерлерінің командасы ақтық сынға жолдама алды. Ал финалда Тараз қаласының жігіттерімен тартыс күтіп тұр.

Бір күнде 5 ойын өткізген екі команданың ойыншылары да әбден шаршаған. Бірақ қалқанқұлақ кубоктан екеуінің де дәмесі зор. Бұл турнирді алу қаламына қуат біткен журналистер үшін – үлкен абырой. Алғашқы минуттар жылжып жатыр, ешкімнің қателескісі жоқ. Алайда күтпеген жерден тараздық команда жылдам шабуыл ұйымдастырып, қақпашыны қапы қалдырады. Есеп – 0-1. Алаңда айқайлаған капитан дауысы жігіттерді жігерлендіріп барады. Әрбір көз алдында өткен секундтар есепті теңестіру қажет екенін еске салады. Бір сәт суырылып шыққан Әділбек Жаханов пен Қуаныш Мұстафаев тамаша шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестіреді. Тағы да негізгі уақыт тең, алда пенальти. Плей-офф ойындарының барлығында пенальтиден жеңілмеген жігіттер ақтық сында сүрінсін бе? Қақпашы барлық соққыны тосып алды, жігіттер пенальтиді сәтті орындады. Осылайша Қызылорданың «Ақмешіт» командасы Амангелді Сейітханов атындағы республикалық турнирдің екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал күміс жүлде Тараз командасына, қола жүлде «Қазмедиа» ұжымына бұйырды.
Кубок қолда, кеудеде алтын медаль. Бұған дейін 2023 жылы үздік болған жігіттер екінші мәрте чемпион болғандарын Қызылорда қаласының 100 жылдық мерейтойына арнады.
Қаламгерлерден құралған команданы Қызылорда қаласының әкімдігі, облыстық спорт және туризм басқармасы, облыстық қоғамдық даму басқармасы, әріптес достары күтіп алып, үздік болғандарымен құттықтады. Сонымен қатар Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов арнайы қабылдап, қаламгерлерге деген құрметін көрсетті.
– Бұл жеңіс Қызылорда қаласының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында зор маңызға ие болып отыр. Сіздер журналистика саласында ғана емес, спортта да серпінді қадам жасадыңыздар. Доп додасында дарабоз атанып, мерейімізді асыра білдіңіздер. Бұл – ортақ абырой. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деген Нұржан Сәбитұлы команда жігіттеріне сый-сияпатын табыстады.

Мұнан соң Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев та шығармашылық пен спортты қатар алып жүрген жігіттерге ризашылығын білдірді.
– Қызылордалық «Ақмешіт» командасының бұл жеңісі – тек спорттық жетістік қана емес, Сыр елінің ауызбіршілігі мен ынтымағын танытқан тарихи сәт болды. Еліміздің әр өңірінен жиналған 14 команданың ішінде топ жарып, екі дүркін жеңімпаз атану – қажырлы еңбек пен айқын мақсаттың нәтижесі деп білемін. Тілшілік тіршілікпен қатар спорт саласын кең көлемде насихаттап, әрдайым белсенді болғандарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жеңіс жолынан жаңылмай, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін!, – деді басқарма басшысы.
Жеңімпаз команда атынан сөз алған қатысушылар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін өз ризашылықтарын білдіріп, бұл жетістік алдағы жарыстарға үлкен шабыт сыйлайтынын жеткізді.
«Ақмешіт» – Сыр өңірінің қаламгерлерінен құралған команда. Бүгінге дейін талай доп додаларда топ жарып, оза шапты. Команданың капитаны, жанашыры Әділбек Жаханов «жігіттер мұнымен тоқтамайды!» деп алда талай жеңісті күндер күтіп тұрғанын айтты.
– Бұл біз үшін үлкен мәртебе, аймақтың абыройы. Өйткені «Seitkhan cup» турниріне ешқандай команда жәй қатысу үшін келмейді. Бәрі Аман аға атындағы жарыста жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат етіп, тыңғылықты дайындықпен келеді. Сондықтан бұл чемпиондықтың құны қымбат. Барша тілекші болған, қолдау көрсеткен, демеушілік жасаған азаматтарға алғысымыз шексіз. Әлі талай алдыңғы қатардан көрінетін боламыз. Жеңісті күндеріміз көп болсын!, – деді Әділбек Серікұлы.
Айтпақшы, жігіттер келер жылы Амангелді Сейітхановтың 5-ші ала доп бәсекесі Абай облысының әкімі Берік Уәлидің ұсынысымен Абай облысында өтетінін жеткізді. Сондай-ақ одан кейінгі турнирді Сыр өңірінде өткізуге ұсыныс жасады. Өйткені Амангелді Сейітханов қазаққа ортақ тұлға.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!