Баласы Ешнияздың Жүсіп ақын,

Сыр бойы біледі Жүсіп атын.

Қалам мен домбыраға бірдей еркін,

Жел сөзден жері жоқ еді қысылатын.

Заманында Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов осылай деп жырына қосып, кейінгіге үлгі еткен Кете Жүсіп Ешниязұлын білмейтін қазақ кемде-кем. Жеті атасынан жыраулық дарыған Кете Жүсіп 1871 жылы киелі Дауылкөл табанында дүниеге келген.  «Сыр шайырларының генералы» атанған Ешнияз сал Жөнелдікұлының баласы жастайынан ауыл молдасынан діни сауат ашып, хат таныған. Әрі әкесінің жанында жүріп өлең-жырмен сусындап, ақындыққа бет бұрған екен. 

Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, киелі Сыр топырағында жырау атанып, ел алғысына бөленген үш Жүсіп болған. Бірі – Сырдария өңіріндегі Қаңлы Жүсіп, Ақжар өңірінің тумасы Таубайдың Жүсібі және Кете Жүсіп Ешниязұлы.

Суырып салма ақындығымен ерте көзге түскен Кете Жүсіп шығыс ақындары Фердауси мен Сайхалиге, әкесі Ешнияз салға, хакім Абайға, сонымен қатар Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы, Қарасақал Ерімбет сынды ат сүрінгенше сөз табатын мықтыларға еліктеп, алдыңғы буынның мақамымен өлең-жыр жазған. Қоғамдағы түрлі оқиғаға бей-жай қарамайтын жырау шығармасының тақырыбы да сан алуан. Ақыл мен ақындықты тең ұстаған ол бірде өмір жайлы сыр шертсе, енді бірде жастық шақты жырға қосады. Сол дәуірдің негізгі бейнесіне айналған кедей мен бай тартысы, әділдік пен араздық мәселесі, Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ халқының өмірі Кете Жүсіптің құйынды жырлар жазуына себепші болған екен. Тіпті оның шығыс және қазақ халқының салт-дәстүрі мен өміріне арналған «Шахзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген», «Өткен заман», «Барымта», «Ленин өлді», «1 май» дастандары тек Сыр өңіріне ғана емес, қыр асып Ақтөбе, Орал, Жезқазған мен Шымкент өңірін мекендеген қалың қазақ жұртына жеткен. Зерттеушілер тарихи тұлғаның халық арасында тек жырау ғана емес, әнші ретінде де танылғанын айтады. Қазақ халқының мәдениетін зерттеуші ғалым Әубәкір Диваевтың 1925 жылы Орынбор қаласындағы баспадан жарыққа шығарған «Қазақтың 1000 әні» атты жыр жинағына енген ақынның алты әні сөзімізге дәлел.

Сөз өнеріне 14 жасынан бастап ден қойған Кете Жүсіп Сыр бойындағы барлық ақынмен айтысқан екен. Мұның өзі жыр дүлдүлінің суырып салма қабілетін аңғартады. Тарихта Кете Жүсіптің Қараөзек маңында өмір сүрген ақын Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлымен айтысы ең көлемді әрі күрделі болғаны айтылады. Жазбаша айтыс шамамен 1910 жылы басталып, 1915 жылы аяқталса керек. Сондай-ақ Сыр сүлейі өз заманында Даңмұран ақынмен, Шәкей және Ырысты қызбен, Құлназармен, Шораяқтың Омарымен, Тұрмағамбетпен, Тұрымбет жыраумен, тама Кеңесбаймен сөз қағыстырып, шашасына шаң жұқтырмай, мықтылығын дәлелдеген.  

Бірде ақын Қуаныш Баймағанбетов Кете Жүсіпке өлеңмен жазылған жұмбақ жібереді. Жырау екі ретте де ақынның астарлы жұмбағын жаңылмай тауып, дәл шешіп береді. Оның тапқырлығына риза болған Қуаныш ақын өзінің тағы бір өлеңін сынатқысы келіп былай дейді сонда:

Жігіттік – мысалы жаз құсы келгендей,

Кәрілік – қарлы қаңтар қыс келгендей.

Дүние бәрі қызық таң-тамаша,

Төсекте ұйықтап жатып түс көргендей…

Кете Жүсіп бұл өлеңді де бастан-аяқ талдап, уақытылы жауап қайтарған. Ұтымды жауап Қуаныш ақынның көңілінен шығып, Кете Жүсіпке жоғарыдағы жыр жолдарын арнаған екен. Кейін ата жолын Кете Жүсіптің баласы Мұзарап, оның баласы Сабыт  жалғастырып, саф өнер бүгінге жеткен. Сондай-ақ Ә.Диваев, Ү.Аяпов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Қайнарбаев, М.Байділдаев, Т.Дайрабай, А.Қыраубаева, Н.Молыбаев пен Д.Ертісбаев сынды зерттеушілер Сыр сүлейінің шығармаларын жарыққа шығаруда абыройлы еңбек етіп, ел арасында жырау жолын кеңінен насихаттаған.  

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!