Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы ерекше жаңалықпен қорытындыланды. Себебі форум аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталып, жаңашыл буынның жарқын есімдерін ұлықтауға жол ашылды. Өзара мықтыны анықтаған байқау саланың үздігін іріктеген. Жеңімпаздар арасында жерлестеріміз Ғалымжан Кеңшілік пен Алтынбек Әбділда да бар.
Жиын барысында үздіктерге сыйлықты ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева табыстады. Биыл 10 номинация бойынша берілген «Дарын» сыйлығына қатаң іріктеу жүргені байқалады. Жеңімпаздар санатындағы әрбір жас айтарлықтай жетістікке жеткен азаматтар. Оза шапқан қос сырбойылық та ерек дарын екенін бұрыннан дәлелелдеп жүргені мәлім. Нәтижесінде Ғалымжан Кеңшілік «Журналистика» номинациясы бойынша лауреаттар қатарында көрінсе, Алтынбек Әбділда «Классикалық музыка» номинациясында топ жарды. Мұның өзі Сыр бойынан шыққан таланттардың табандылығын білдірсе керек. Форумда сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арналған үндеуі де жеңімпаздардың мақсатымен мүдделес:
«30 жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, лайықты өмір сүруі жолында аянбай еңбек еттім. Бүгін де сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз дамыған елдермен терезесітең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиеледік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев
Расында, «Дарын» сыйлығымен дараланған қос жерлесіміз осал емес. Әрбірі түрлі байқауларда топ жарып, ел алдында жүр. Республика көлемінде аймақ абыройын арттырып, туған жердің атын шығаруды мақсат еткен. Мәселен, Ғалымжан Кеңшілік облыс жастары арасында белсенді өмір-салтын насихаттап, тың идеяның қозғаушы күшіне айналып келеді. ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте, «Қазақстан КВН одағында» жоба менеджері қызметін атқарды. «7 арна» телеарнасында «Күнбастар», «Qazaqstan» телеарнасында «Бүгін жексенбі» бағдарламаларының жүргізушісі, «Аялаған Астана» жобасының редакторы болды. Сондай-ақ «Хабар 24» телеарнасында жүргізуші қызметін атқарды. Бүгінде «Qazaqstan» РТРК» АҚ-да «Tańsholpan» бағдарламасының жүргізушісі ретінде халыққа жақын таныс.
Ал «Классикалық музыка» номинациясы бойынша үздік деп танылған Алтынбек Әбділда қазақ өнерін әлемге әйгілеп жүрген саңлақ. Ол Қазақ оркестрі, симфониялық оркестрмен Қазақстанда ғана емес, әлем аралап өнер көрсетіп келеді. Бұған дейін Түркия, Ресей, Словакия, Венгрия, Австрия саxналарында талғампаз жұртты талантымен тәнті еткені мәлім. Сондай-ақ музыкант өткен жылы Н.Назарбаев қоры мен Елбасы академиясы ұйымдастырған «Елбасы медалі» ұлттық жобасында жеңіске жетсе, кейін ҚР Тұңғыш Перзиденті – Елбасы қоры стипендиясының иегері атанды. Оған қоса республикалық ЖОО студенттерінің арасында өткен «Үздік студент-2018» байқауы, Д.Қонаев атындағы орден және «Абай Құнанбаев» атындағы медаль иеленген.
Алтынбек Әбділда кәсіби қабілет сынға түскен додаларда да үздік атанып келеді. Мысалы, ХХІ халықаралық «Романсиада», І халықаралық Ж.Раxимова атындағы вокалистер байқауы, халықаралық Е.Раxмадиев атындағы вокалистер конкурсының жеңімпазы. Сондай-ақ ҚР Халық әртісі, Н.Шәріпова атындағы республикалық вокалистер байқауы мен ҚР Халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы І республикалық сайыста үздік атанды. Шығармашылық дағдысын өсіру мақсатында көптеген білікті мамандардан тәлім алып, әншілік қабілетін шыңдауға мүмкіндік туды. Осы мақсатпен Милан университетінің профессоры, режиссері және «GiacosadiIvrea» театрының көркемдік жетекшісі Paolo Bosisio-ның «Опералық драматуртургия: тарихы мен ерекшелігі», «Giuseppe Verdi-дің опералық кейіпкерлерінің болмысы» атты шеберлік сыныбына қатысқан. Бүгінде талантты азамат Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының жеке солисі болып қызмет атқарады.
Елорда төрінде еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің шығармашылық белесінің бір парасы осыған саяды. Өз ісінің үздігі атанған жастардың шығармашылық әлеуеті, рухани болмысы нағыз дарынның қуатын сездіргендей. Сол себепті қос сырбойылық таланттың алар асуы әлі алда екені сөзсіз.
Б.ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!