КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, есімі әйгілі суретші Қайырбай Қонысбайұлы Зәкіровтің 80 жылдығына орай Қызылорда қаласындағы Оқушылар сарайында «Сырдың сырлы бояулары» атты қалалық жас суретшілер байқауының қорытынды шарасы өтті.

Салтанатты шараға суретшінің сыныптастары, достары, замандастары, сыйлас інілеріс қатысып, ел азаматтары Жеңіс Сәдуақасов, Әлібек Сабырбаев, Аппаз Жүсіпов тағылымды өмір жолынан сыр шертті.

Қайырбай Қонысбайұлы осыдан екі айдай уақыт бұрын мәңгілік сапарға аттанып кетті. «Туған жерімнен сурет мектебін ашып, балаларды осы өнерге баулысам» деп мақсат қойған қайраткердің арманына енді артында қалған қабырғалы елі кіріспек. «Ағамның арманын орындау мен үшін – міндет» деген «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы жиынның тізгінін ұстап, өнер қайраткерін ұлықтауға бағытталған шараның мақсатын тілге тиек етті.

– Біз бүгін аға арманының басын бастап отырмыз. Мен ізінен ерген інісі ретінде «Ұстаз мәртебесі» газетінің ұйытқы болуымен Қайырбай Зәкіровтің сексен жылдығына орай «Сырдың сырлы бояулары» атты жас суретшілер байқауын Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімімен бірге ұйымдастырып, дәл туған күнінде, 25 ақпанда, 80 жасында қорытындысын жасауды жоспарлап, 25 оқушыны марапаттадық, – дейді Нұрлан Көбегенұлы.

Байқау барысында 25 үздік деп танылған туынды шара қатысушыларына ұсынылып, тамашалауға мүмкіндік берілді. Көрмеден Сырдың шырайын түрлі қиялда суреттеген оқушылар кеш қонақтарына ерекше әсер қалдырды.

Ал байқау қорытындысына сәйкес, №9 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айлана Құдабай жүлделі І орынды, №198 мектептің 8-сынып оқушысы Диана Қазантай ІІ орынды, ал Мансап мектебінің 11-сынып оқушысы Николь Ли ІІІ орынға ие болып, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айдос МЫРЗАЛЫ

Сырдың сырлы бояулары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!