Сыр бойы – қазақтың рухани байлығының алтын бесігі. Бұл өңірдің топырағынан талай жыршы-жырау, шешен-би, елдің ардақты тұлғалары өсіп шыққан. Осындай киелі өнердің өкілі, халықтың рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлы еді.

Мұхамедияр Жабағыұлы 1908 жылдың тамыз айының шамамен соңында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Қызылтам елдімекенінде, Қайыршақты өңірінде дүниеге келген. Ол текті әулеттен шыққан өнер иесі. Әкесі Еспайұлы Жабағы өз дәуірінде сауатты, көкірегі ояу, халық арасында сыйлы адам болған. Жабағының өлең мен қиссаларды жатқа айтып, ауыл-аймаққа әзілімен, тапқырлығымен танылғаны ел есінде сақталған. Ол өмірінің соңына дейін халқын ән-жырымен әлдилеп, рухани нәр сыйлаған тұлға.

Анасы Қыстаубайқызы Сати сабырлы, мейірімді, жүрегі кең, ұрпағына аналық мейірім-шуағын аямай төккен жан ретінде сипатталады. Мұхамедиярдың осындай тәрбиелі отбасында өсіп-жетілуі оның болашақта өнерге бет бұруына негіз болған.

Мұхамедиярдың жыраулық өнерге жақын болып қалыптасуына әжесі Зылиха тікелей ықпал етті. Ол алты алашқа мәлім діни қайраткер Марал ишанның ұлы Қалқай ишанның қызы еді. Зылиха өзінің немересі Мұхамедиярға жыр-дастандарды, қиссаларды жастайынан үйретіп, ұлттық мұраның қадір-қасиетін санасына сіңірген. Осылайша, Мұхамедияр бала күнінен қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің мұрагері атанды.

Жабағы әулетінің өнерге, білімге жақындығы Мұхамедиярды жыршылық жолға бағыттады. Оның шығармашылығында Сыр бойының жыршылық дәстүрі, көне эпикалық дастандардың желісі мен замана үнін өрген жырлары ерекше орын алады. Ол тек өнерімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен де ел арасында құрметке ие болды.

Өнер – адамның жан-дүниесінің айнасы. Ал жыраулық өнер – ұлттың болмысын, тарихын, рухын жеткізетін киелі құбылыс. Мұхамедияр Жабағыұлы үшін жыр тек өнер емес, өмірінің өзегі, жүрегінің дүрсілі мен жанының тынысы еді.

Жыршының жырға деген махаббаты – бұл ұлтқа деген сүйіспеншілік. Ол жыр арқылы халықтың мұңын мұңдап, қуанышын жырлады. Жыр Мұхамедияр үшін сөздің киесі, өнердің төресі болды. Ол әнімен де, жырымен де елдің жүрегіне жақын болды. Оның әрбір жыр жолында туған елге деген махаббат, ұлттық рух, болашаққа сенім көрініс тапты.

Мұхамедиярдың жырларынан халықтың тарихы мен тағдыры көрініс тапты. Ол жырды тек орындап қоймай, оны жанымен түсініп, халыққа жақындата білді. Оның дауысында дала қоңырауының үні бар еді, ал сөзінде даналықтың терең мағынасы жатқан. Мұндай қасиет тек жырды шын сүйген, оны өмірінің айнымас серігіне айналдырған жанға ғана тән.

Мұхамедияр Жабағыұлының өмірі мен өнері – Сыр өңірінің бай мәдениетінің бір бөлшегі. Оның артына қалдырған мұрасы ұлт руханиятының асыл қазынасы болып қала бермек.

Бахтияр Нұрислам
№39«Қызылөзек» орта мектебі 11 сынып оқушысы
Жетекшісі: Алдоңғарова Қарлығаш

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!