Балаға бағдар беру, тәрбиелеу – өмірдегі ең күрделі кезең. Сондықтан бүлдіршіннің отбасында өзін еркін сезінуі, сол арқылы дұрыс тәрбие, өнегелі тағылым алуын қамтамасыз ету маңызды саналады. Қоғамдағы өзгерістер сан құбылған кезеңде мұндай оңтайлы жағдайды қалыптастыру уақыт өткен сайын қиындауда. Оның үстіне ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты кей қағиданы қаперден шығарып алатыны тағы бар. Осының бәрі баланың жас шыбықтай иілгіш болмысына әсер етпей қоймайды.
Психолог мамандар баланың сана-сезімін үздік мектеп, озық білім емес, отбасында алған тәлім-тәрбиесі ғана қалыптастыра алады деген пікірде. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақылдың тегін айтылмағанын аңғарсақ, үйдегі тәрбиенің жүйелі болуы нәтижеге жетелемек. Оған қоса ата-ана перзентіне тәрбие беру жолында ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сараптауға тырысып, мінезі мен дағдысын да өзгерте алады. Бала әке-шешесінің қалай киінгенін, сөйлегенін, өзгелермен қарым-қатынасының аражігін тез айырып, бойына сіңіруге құштар келеді. Сондықтан ата-ана баланы тәрбиелеу процесінде өзінің де кемшілігін түзейді десе болады.
Тәрбие берудегі ең маңызды қадам – баланың қателігін түсіндіре білу. Алайда бұл айқайлау немесе жазалауға ұмтылуды білдірмейді. Керісінше, бүлдіршіннің жақсы мінезін, әрекетін мақтау арқылы кемшілігін өзі табуына жәрдемдескен жөн. Себебі бала болмысы мақтау естуге құмар, ерекше назар аударуды ұнатады. Егер балалардың сізге ұнайтын мінез-құлқын ынталандырсаңыз, бала сізге жағу үшін одан да көп тырысатын болады. Ата-аналардың балаларын құшақтауы, қолпаштауы, күлімсіреп қарауы, не істеп жатқанына қызығушылық білдіруі, мұның барлығы балаға ең үлкен марапат әрі ынталандыруға айналмақ.
Егер баланың кемшілігін күш көрсету, жеку арқылы көрсетер болса, онда ол жасық, ойын ашық айта алмайтын адам болып өсуі ықтимал. “Жоқ” деген қарсы жауаптың өзін сирек қолдануға үндеудің мәні де осында жатыр. Әрине, алдымен баланы еркімен жіберу мен сотқар қылып өсірудің айырмасын анықтап алған дұрыс. Себебі жасаған істің бәрін дұрыс деп қабылдап, шектеуді сезінбеу баланы бағдарсыздыққа әкелуі мүмкін. Егер жасаған теріс қылық үшін қарсы реакция көрмесе, бала ненің дұрыс екенін тану қабілетін әлсіретіп алары сөзсіз.
Баламен келісім жүргізу де оң нәтиже береді. Байқасаңыз, бүлдіршінге қинап тамақ ішкізу, ұйықтату немесе дәретханаға баруға мәжбүрлеу қисынсыз. Мұндай амал баланың қарсылығын туғызып, ашуын келтіруі мүмкін. Сондықтан баланы мәжбүрлеуден гөрі келісу, алдын ала ойын білу маңызды. Баланың назарын жағымды нәрсеге ауыстыру үшін көңілін аулаңыз немесе өз айла-тәсілдеріңізді қолданып көріңіз. Әдетте кішкентай баланың назарын сіз ұнатпайтын нәрседен жағымды іс-әрекетке аудару оңай. Назарын басқа нәрсеге ауыстыру сіз “бас тартты” дегенді білдірмейді, бірақ оның таңғаларлық жағымды жағы да бар. Егер бала теледидардағы батырмаларымен ойнаса, оған ойын үшін ескі қалта шамды ұсыныңыз немесе теледидарды көрейін дегенде, баладан оны қосуды сұраңыз. Егер қыз бала косметикамен ойнағысы келсе, оған басқа сөмкеге салып, әртүрлі құтылар мен қорапшаларды беріңіз. Мұндай қадам кезінде назар аударып, көңіл бөлгенін байқаған бала ата-анамен қарым-қатынасын реттеуге ұмтыла түседі.
Айтып өткендей, балаға ұрысып, мазасын алу еш нәтиже бермейді. Психологтардың айтуынша үлкендерден “жазалаймын” деген сөзді жиі естісе, бала ол сөзді елемеуге тез үйренеді екен. Себебі әрекеті жоқ сөз іс жүзінде ештеңені білдірмейтінін бүлдіршін де түсіне біледі. Сондықтан түсіндіруді, өз үлгіңізбен көрсетуді және келісуді үйрену – баламен тіл табысудың ең басты алғышарты.
Расында, айтылған пікірдің барлығы бірдей кәдеге аспаса да кей ойдың шындыққа ұласары анық. Бала тәрбиесінің нақты формуласы жоқ екенін ескерсек, әрбір отбасындағы тәртіп пен тәрбиенің жүйесі сан тарауға бөлінеді. Сондай-ақ бала психологиясының әрқилылығы да жекелей бақылап, өзгеше әдіс қолдануды қажет етеді. Алайда баланың бәріне ортақ қасиет – аңғалдық, сенгіштік, адалдық әрқашан жарыққа ұмсынған сәуле секілді бүлдіршінге жол көрсетері белгілі. Тек ата-ана қажетті мейірім мен қамқорлықты аямаса болғаны.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!