Тәуелсіздік – қазаққа келген құт. Осы құтты дүние орнап, қазақ азаттығын алған кезде қай салада болмасын жаңашылдық орын алды. Елім деп еміренген ел ағалары тың істерге серпін берді. Бүгінде жас буын соның жемісін көруде. Солардың бірі – Гүлбақыт Ізім. Жалынды жас қазір ұлт нышанын асқақтатып, қазақылықты дәріптеп жүр. Сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырып, қала орталығынан «Izimfashion» ательесін де ашты.
– Ата-анам бұрын қандай да істі игеріп әкету қиын болғанын, ал қазір тұғырлы тәуелсіздіктің арқасында ел көркейіп, кәсіпкерлік өрісі кеңейгенін, халықтың жағдайы әлдеқайда жақсарғанын қуанышпен айтып отырады. Бір жағынан, тәуелсіз ел атанып, жаңа өмір бастаған Қазақстанмен бірге өсіп-өркендеу бізге үлкен сынақ деп білемін. Себебі ел басынан түрлі оқиға өтті. КСРО ыдырағаннан кейін барлығын жаңадан бастаған ел үкімет құру, заң қабылдау, жұмыссыздық, тауар тапшылығы, валюта ауысуына байланысты қиындықтарды басынан өткерді. Осы кезеңді еңсеріп, іргесі берік, ынтымағы мығым, саяси тұрақтылығы жоғары мемлекет екенімізді дәлелдедік. Егемендіктің жасампаз көріністері қоғамдық өміріміздің қай саласында да өзіндік айшығымен аңғарылуда. Мемлекет тарапынан барлық салаға қолдау артқан. Жастардың да әрбір бастамасы елеусіз қалып жатқан жоқ. Тек осы жауапкершілікті сезініп, өзімізге жүктелген сенім үдесінен шығу қажет, – дейді ол.
Бүгінде Гүлбақыт жұртшылықты әсем дүниелерімен таңғалдыруда. Ұлттық дәстүрдің парқын білетін жас шебердің бос уақыты аз, тапсырысы көп. Қолы қалт етсе, тігін мәшинесіне отырады. Еуропалық киімдерді өзіміздің ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, жарыққа шығарады, кәдесый, қыз жасауын дайындайды. Сән үлгілерін құлпыртып жасауға ниетті. Кәсіби шеберлігінің жоғары дәрежеде болуы өз алдына, осы өнерді одан әрі дамытып, жетілдірсем дейді. Осылайша, ол тәуелсіз елдің қарыштап дамуына тамшыдай болсын өз үлесін қосуды қалайды.
– Қолдаушыларым көп болғандықтан да бұл іс қарқын алды. Қазір шағын ұжымымыз қалыптасқан. Алдағы уақытта туған өлкеміздің өрістеуіне күш саламыз. Кәсіпті түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы дамыту ойда бар. Тігіннің қыр-сырын үйрететін оқыту орталығын ашуды жоспарлап отырмын, – дейді шебер.
Жүрек қалауымен атқарған істің қайтарымы болатыны сөзсіз. Гүлбақыт та еңбектің еселеніп, оның игілігін көретін күн алыс емес екендігіне сенімді.
М.СНАДИНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!