Раушан СӘЛІМҚЫЗЫ,

жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі:

“Ерікті” дегенде көз алдымызға  бизнесменнің елестейтіні белгілі. Себебі кәсіпкерлердің біреуге қолғабыс етіп, көмек қолын созатыны анық. Ал бүгінде рухани тұрғыда көмектесетін еріктілердің қатары күннен-күнге көбейіп келе жатыр. Өңірде еріктілер көп, олардың қатарында, қызметкерлер, студенттер, тіпті оқушылар да бар. Бір қызығы, олар ақысына ештеңе сұрамайды. Қарт кісілерге көмектесуді парыз санайды. Сондай жанның бірі – Раушан Сәлімқызы.

Раушан Қорқыт ата университетінде, Сәтпаев атындағы ұлттық университетінде оқыған. Қазір жастар ресурстық орталығының Neet санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімінің аға кеңесшісі болып жұмыс істейді. Бұған дейін осы орталықта ақпараттық бөлімде, жастар ұйымдарымен және оқу орындарымен жұмыс жасау бөлімінде жұмыс істеген. Сондай-ақ “Еріктілер фронт офисінің” құрылуына атсалысып, одан әрі жұмысын үйлестірген. Бір айта кетерлігі, Раушан пандемия кезінде тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек таратуға атсалысты.

– Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мәңгі болуын тілеймін. Ертедегі жер үшін жанын берген батыр-бабалардың, алаштың зиялы каhармандарының, бертіндегі желтоқсаншыл жастардың аманатына қиянат қылмай, оны қадірлей білетін ұрпақ болуымызды тілеймін, – дейді Раушан Сәлімқызы.

“Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі”, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Расымен, патриотизмді бойға қалыптастыру үшін ортаның әсері мол.

– Патриотизм – менің түсінігімде өзінің шыққан тегін, ұлты мен жерін, тілін сүю. Оның жетістіктерін мақтан тұта біліп, кемшін тұстарын мойындап, оны түзетуге тырысу. Әрбір азамат өзінің дұрыс өмір сүріп, адал және әділетті түрде қызметін шынайы атқарып, айналасындағыларға дұрыс бағытты насихаттаса бұл да – патриотизм. Алып ғимарат майда берік кірпіштерден соғылғанындай, мықты мемлекет те адал, білікті және білімді, еліне жаны ашитын азаматтардан құралады, – дейді Раушан.

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

– Тәуелсіздік батырлардың қанымен, олардың отбасының қайғысымен, табандылықпен, қайсарлықпен келді. Тәуелсіздік – әлемнің кез келген нүктесінде өз байрағыңның астында өз тіліңде өз Әнұраныңды мақтанышпен шырқай алу. Тәуелсіздік –  бейбіт өмір үшін, ашық аспан үшін шүкіршілік ете алу, – дейді кейіпкеріміз өз сөзінде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!