… елдің көп дүниені еске түсірері анық. Бірақ мен  ойымды мына бір оқиғамен жеткізгім келді.  Университет қабырғасында жүргенде бір топта жиырма студент білім алдық.  Көп нәрседен бейхабар сол студенттің басым бөлігі ауылдан келген, жаны да, тілі де таза қазақ оқушылары еді. Тек арасында бірі сары, бірі қараторы келген орыстілді құрбымыз болды. Басында топқа қосылмай, шеттеп жүрген олар бізбен уақыт өте емен-жарқын араласып кетті. Бірақ орыс тілінде. Ұстаздар да лекцияны оқып отырып, екі орыс студентті көргенде сабақты үзіп-жара тілін «өзгертетін». Бір мамандықта оқитын екі топ студенттері қосылғанда қырыққа жуық студентке тақырыпты түсіндіріп шаршаған мұғалім екі студент үшін сабағын қайта бастайтын. Төрт жыл екі студенттің тіл үйренуіне көмектескен жоқ, оларға оқытушылар тарапынан «қазақ тілінде сөйле» деген талап та болмады.    

      Жақында қаладан шалғай орналасқан ауылға бардым. Бала күнгідей емес, қазір мұнда жарық, су бар. Бірақ көп мәселе сол күйі шешілмеген. Жолдың жайын, байланыстың нашарлығын, басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерген ауыл адамдары «Сен газетте істейсің ғой, неге жазбайсың?» деген сауалды төтесінен қояды. Мәселеге жауапты адам емес, редакцияда жүрген өзің не істеріңді білмей қаласың сонда… Бұл бір ғана ауылдың емес, елдің басым бөлігінде бар мәселе екенін үнсіз түсінесің.

     Тәуелсіздік дегенде ойыма тәтті тілекпен бірге осындай жан күйзелтер жай түседі. Мүмкін, уақыт өте келе бәрі шешімін табар, тіл түзелер, жемқорлық жойылар, халықтың әлеуметтік жағдайы да оңалар… Бастысы, ел Тәуелсіздігімен бірге ойымыз да, сөзіміз де, санамыз да тәуелсіз болса екен!  

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!