фото: aimak.com.kz

Тәуелсіздік – кез келген елдің басты байлығы десек қателеспеймін. Біздер үшін де тәуелсіздік ұғымы қастерлі де, қасиетті. Олай дейтінім, ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған, аңсап кеткен егемендікке найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жеттік. Тәуелсіздікке жету жолында талай «тар жол тайғақ кешулерден» өткеніміз де анық.

Ханның да, қараның да рухани өзегі – Тәуелсіздік. Өзегінен айырылған ел өледі дегендей, өзегіміз болып отырған тәуелсіздік халқымыздың басына қонған бағы ғана емес, құт-берекесі, бірлігі, жан тыныштығы деп ойлаймын.

Тәуелсіздік бізге бейбіт өмірді сый қылды. Бұл біздер үшін ең басты байлық деп білемін. Себебі тыныштығы мен бейбітшілігі жоқ ел тозады, алға қарыштап дамымайды. Ондай елдің өмірі қорқынышпен өтеді. Тыныштық болмаған сәттерді тарихтан білеміз. Сыртқы жаулардың кесірінен тыныштығы бұзылған халқымыз жан-жаққа тарыдай шашырады емес пе? Сонау, Ақтабан шұбырындыда, ашаршылық жайлаған нәубетте, сталиндік репрессия өршіген кезде халқымыз көршілес елдерге пана іздеп көше бастады. Атақты «Елім-ай» әні сол кезден қалған ескерткіш деп білемін. Тек қана Тәуелсіздік алып, елімізде бейбіт өмір орнай бастағанда, қандастарымыз атажұртқа көшіп келе бастады. Тіпті қазірдің өзінде оралып жатқандар саны көп.

 Тәуелсіздіктің берген сыйының бірі – ұлттық құндылықтарымыз: тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, әдебиетіміз мен мәдениетіміз, тарихымыз бен шежіреміз қайтып оралды. Оларды дамыту үшін жыл сайынғы дәстүрлі Президент Жолдауында басты басымдықтары жоғалған, өшкен құндылықтарымызды орнына келтіруге бағыттап отырғаны анық. Өзіміздің рәміздеріміз бен қатар төл тарихымыз, төл оқулықтарымыз жазылды. Көршілеріміз бен қалаларымыз, елді мекендеріміз қазақша атауға ие болып, қазақ мектептерінің, оқу орындарының саны артты. Ел жадынан өше бастаған салт-дәстүріміз, ұлы тойларымыз, мерекелеріміз қайтадан жаңғыртылды. Осылайша, халқымыздың маңдайындағы бағы жарқырап, әлем елдері бізді тани бастады.

Елордамыз Астанаға көшіп, жаңа бейнесі жыл сайын асқақтап құлпыра түсті. Кез келген салада жетістіктеріміз бен жеңістеріміз толығып, көк байрағымыз аспанда еркін желбірей бастады. Тәуелсіздіктің берген бақытының дәмі «Мәңгілік ел» идеясымен, яғни, рухани жаңғырумен ұштасты. Бұл идея тағы да сонау көне тарихтан бастау алады. Осы жерде бізде «Мәңгілік ел» болу үшін не істеуміз керек?» деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, болашақты арғы ұрпаққа табыстайын жастарымыз өр тұлғалы, намысты, ұлттық сана сезімі мол, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі зор болуы тиіс деп түсінемін.

«Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» дегендей, жастар осы егемендіктің тізгінен мықтап ұстауы керек. Ол үшін еліміздің әлем елдерімен терезесін тең ету үшін басты байлық білім алып, мыкты маман иесі болуымыз қажет. Еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоссақ, еліміздің іргесі ешқашан шайқалмайтыны анық.

Тәуелсіздік – маңдайымыздағы сөнбейтін бақ жұлдызымыз. Тәуелсіздік ата бабамыздың бізге аманат етіп сыйлаған сыйы десем қателеспеймін. Оны жыл он екі ай бойы қаперден шығармағанымыз абзал.

Дильназ МОЛДАБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!