«Тәуелсіздік» деген сөздің астарына бүтін бір елдің тағдыры мен тауқыметі, қасиеті мен қасіреті тоғысады. Тәуілсіздік – киелі ұғым. Тәуелсіздік –тәңірдің тартуы. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы. Тәуелсіздік топ етіп төбеден түсе салған жоқ. Талайдың қанымен, талайдың жанымен жеткен баға жеткен байлығымыз. Ұлтарақтай жерін ұрпағына аманаттаймыз деп күн мен түнін аттың жалында, түйенің қомында өткізген ата-бабамыздың ерен еңбегі, маңдай тері, өшпес рухы.

Егемендігіміз еншіленіп, тәуелсіздігіміз есіктен енгеніне биыл 30 жыл. Жыландай жылжып өткен жылдар бодандықтан бостандыққа бастау алған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын тарих қойнауына алтын әріппен таспалайды. Азаттыққа ұмтылған азаматтардың қайсарлығына қыстың қақаған қарлы бораны бұғау бола алмады, жастардың жігерін желтоқсанның ызғары жасыта алмады. Жандарын шүберекке түйіп, баға жетпес байлықты тарту еткен ата-баба рухына, желтоқсаншы жастарға мың тағзым.

Азат елді аңсау бар, жету жолы бар, тәуелсіздікті сақтап, гүлдендіру тағы бар. Үшеуі үш түрлі ұғым, үш түрлі кезең, дәмі де бір-біріне ұқсамайды. Біз қазір үшіншісіндеміз. Кемел елдің келешегін келістіріп, аманатқа қиянат жасамай келер ұрпаққа тарихымызды, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қаз-қалпында жеткізу жауапкершілігі жүктелген кезеңдеміз. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп дөп басып, бейбіт елдің ұландарына айтылған-ау.

Отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт, ал адам өмірімен өлшесек орда бұзар жас. Жас баладай еңбектедік, тәй-тәй бастық, сүріндік, жығылдық, қайта тұрдық, еңсемізді тіктедік, елеулі жетістіктерге жеттік. Тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізді нығайттық. Экономикамызды дамытып, әл-ауқатымызды жақсарттық. Отыз жыл ішінде картадан ойып тұрып орын алдық, іргелес елдерді ғана елең еткізіп қоймай, жаһанды жалт қараттық.

Отызда орда бұздық, осы қарқынмен қадам бассақ, қырықта қамал бұзамыз, елу елдің де ауылы алыс емес. Көздеген межеміз де осы. Әр қазақстандық өркендеу жолында өлшеусіз еңбек етсе, алынбайтын асу, бұзылмайтын қамал болмайды.

Тарихымызды ұмытпайық, бейбіт елдің қадірін түсініп, тәуелсіздігімізді ұлықтайық. Өркениетті елдің өрісі кеңейіп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бақытымыз баянды болғай. Мерекелердің төресі – тәуелсіздік мерекесі баршамызға құтты болсын!

Қызылорда қалалық сотының судьясы

Шекербеков Ерғали Әмірханұлы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!