“Тәуелсіздік” дегенде ең алдымен көз алдымызға не елестейді? Әрине бұл күнге қалай жеткенімізді ой елегінен өткіземіз. Желтоқсан оқиғасындағы жастар, ел үшін құрбан болған ата-бабаларымыз ойға оралады. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл күнге жету оңайға соққан жоқ. Қуантарлығы, бүгінде еліміз тыныш. Балаларымыз дін аман. Саралап қарасақ, 30 жылда жетістігіміз көп екен. Бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың өзі не тұрады? Ынтымақты, бірлікті нығайтып, патриоттық сезімді қалыптастыруда жастардың үлесі басым. Соның ішінде аралдық Ержан Сабырбайдың елге деген сүйіспеншілігі ерекше. Ол жастарға жүктелген аманатты мүмкіндігінше арқалауға әзір.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы баршаңызға құтты болсын! 30 жылда еліміз өсіп өркендеуде. Елімізді халықаралық арена танып, көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз тек биіктерде шырқалды. Қастерлі тәуелсіздік бізге берілген тәтті сый, осы қастерлі тәуелсіздікті қарашығымыздай сақтайық, – дейді ол.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.
– Патриоттық дегеніміз – әрбір қазақстандықтың елге деген сүйіспеншілігі, ықыласы,
құрметі. Патриот – елдікті кейінгі буынға насихаттаушы. Тәуелсіз ел ғана дамиды, өркендейді, өседі. Барлық адамзат тәуелсіздіктің қадірін біліп, оған құрмет көрсетуі қажет”, – дейді Ержан.
Мақаламызды Президенттің сөзімен аяқтасақ, “Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!