Танымал тұлғалармен аттас адамдар өңірде некен саяқ. Ал сондай есім мен текті иеленген жандарды кезіктіре қалсақ, кейде қызыға көңіл бөлетініміз рас. Жаңақорған ауданына барған сәтте қызықты дерекке қанық болдық. Кенттен 50 шақырым әріде орналасқан Бесарық теміржол бекетінде 1200 халық тұрады. Аядай ауылда тұлғалармен есімі бір, бітімі бөлек бірнеше адамды кезіктіресіз. Атап айтқанда, Иманғали Тасмағамбетовпен аттас кішкентай Тасмағанбетов тұрады. 6 жастағы Иманғалиден ата-анасы зор үміт күтеді. Жамбыл Жабаев – 43 жаста, ауылда теміржолшы. Сәбит Мұқанов бүгінде Нұр-Сұлтанда құрылысшы. Өнердің майталманы болған Мәдина Ералиеваның есімін де осы ауылдан таптық. Бүгінде ол Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінің 2 курс студенті. Вокал тобында оқиды. Өмірін өнермен өрнектегісі келетін бүгінгі Мадина тұлғамен аттас болғанын мақтаныш етеді әрі оны өзіне үлкен жауапкершілік деп түсінеді.
– Елімізде Мәдина Ералиеваны білмейтін жан жоқ шығар бәлкім. Ән әлемінің ханшайымы болған әпкеміздің даусы әлі жадымызда. Қандай ән болсын жүрекпен жеткізіп, тыңдармандардың қошеметіне ие болыпты. Рас, әпкемнің көзін көрмесем де, өнерін көрдік. Әрине, белгілі тұлғамен аттас болғаныма мақтанышпен қараймын. Бейтаныс ортада есімімді айтқан кезде лезде есте қаламын. Бір жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінемін. Сондықтан Мәдина әпкемнің өнердегі жолын үлгі тұтып, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінің вокал тобына оқуға түсіп, білімімді шыңдау үстіндемін, – дейді Мәдина Ералиева.
Шығыстың жұлдызы Ғани Мұратбаевтың есімін де Жаңақорғаннан естідік. Жаңа заманның Ғаниы – полиция қызметкері. Шені – майор. Жаңақорған ауданының тәртібін жіті бақылауда ұстаған Мұратбаев адал қызметі үшін бірнеше рет марапат төрінен көрінген екен. Бүгінде ол зейнет демалысында.
Кент орталығында қоғамдық көлік жүргізушісі бар. Есімі естігенде елең еткізеді. Қарапайым қызметкердің есімі – Олжас Сүлейменов. Атақты ақынның аттасымен әңгімелесу сәтінде Олжас Сүлейменовпен жүздескісі келетінін байқадық.
– Аты-жөнімді естіген кісілер «Шынымен Олжас Сүлейменов пе?» деп таңғалып, сұрап жатады. Ұлы тұлғадай болмасам да есімін абыроймен арқалап жүрмін деп ойлаймын. Елде ақынмен аттас жалғыз емес екенімді білемін. Ғаламтор арқылы бірнешеуін көрдім. Ақынның 60 және 70 жас мерейтойында аттастардың барлығын жинаған екен. Бірақ айтулы шарадан тыс қалдық. Шақырылмағаныма өкінбеймін. Өйткені арқалы ақынның есімінің өзі үлкен шабыт сыйлайды.
Өңір жастарына үлігі болып жүрген жаңақорғандық Мұхтар Шахановты білмейтіндер кемде кем. Мұхтардың өршіл ақын Шаханов секілді өлеңмен таласы болмаса да, поэзияға деген құрметі мен ықыласы ерекше. Оған жастайынан жаттап өскен жыр жауһарлары дәлел болса керек. Ақындық ауылына мойын бұрмағанымен, ырғақты әуенге қоңыр дауысын қосып ән салатын жігіт Мұхтар Шахановты пір тұтады.
– Адамның аты затына сай болу керек деген тәмсіл бекер айтылмаған ғой! Неғұрлым атың асқақ болса, соншалықты биік белеске талпынады екенсің. Бәлкім, жастайымнан жеке орталық ашып, той бизнесті дамытып жатқаным да есіміммен байланысты болса керек. Себебі үлкендердің ылғи «Мұхтар Шаханов деген атқа лайық бол» деп айтатын сөзі жадымда жүрді. Сол әсерлі сөз әлі күнге дейін менің ар-намысымды қайрап, жігерімді жанып келеді. Соның арқасында керемет атқа дақ түсірмей, тек жақсы теңеулер есту үшін тырысып бағудамын, – дейді Мұхтар.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!