«Сөздің ең ұлысы – тарих» деп А.Байтұрсынұлы айтпақшы, өткеннің өткеліне көз тастап, бүгіннің бедеріне зер салсақ, талай нәрсеге көз жеткіземіз. Шаң басқан архивті ақтарғанда өткен дәуірде орын алған көріністердің куәсі боламыз. Халықты надандықтың құрсауынан құтқарып, түзу жолда өшпестей шамшыраққа айналған Алаш арыстарының еткен еңбегі мен төккен тері қаншама?! Кемел келешекті ойлап, кейінгіні қуанышқа кеңелту де – қазақ оқығандарының айқын жоспарларының бірі болған. Олар адалдықтың жолында айқасып, әділдікті меңзеді, егеменді ел болуды көкседі. Сүрлеуі соқпақ өмірдің соқтықпалы жолымен жүріп толассыз тосқауылға, сансыз бөгетке тап болды. Жанашырлығы үшін жазықсыз жала жабылып, айып тағылды. Озбыр саясаттың құрбаны болып, запыран ішті. Иә, сұрқия саясат талайдың тағдырын талқан етті.
31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған зауалдан зардап шеккендерді еске аламыз. Деректерге сүйенсек, елімізде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері болған. Халық жауларын” анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда Алжир, Карлаг, Степлаг арнайы лагерьлері құрылды.
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы Заң алғаш рет 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған болатын. Содан бергі 30 жылдың ішінде құжат 7 рет жаңартылыпты. Соңғы жаңарту 2023 жылдың 19 сәуірінде қабылданған. Иә, ұлты үшін игі іске ұйысып, қысым мен қысастық көрсе де елім деп өткен ерлер есімі ұлықталып, таққан айыптан ақтау керек. Мұның маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тілге тиек етті.
– Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе, – деді ол.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!