Қашықтан оқудың бала психологиясы мен эмоционалдық күйіне әсері ойлантады. Әріге бармай-ақ, баласы қашықтан білім алып жатқан кез келген ата-анадан сұрасаңыз да, бұл сөздің шындығына көз жеткізесіз. «Гагарин» ықшам ауданының тұрғыны Сәбира Есмұрзаеваның екі баласы домбыра үйірмесіне барады. Олар пәндік сабақтарды қашықтан өтсе, домбыра сабақтарын мектепке барып оқып жүр. Ал кіші қызы қашықтан білім алуда.

– Онлайн оқу балаларға ұнамайды. Мектептегі достарын әбден сағынды. Диас балам «онлайн өздерің оқыңдар, мен жалықтым» деп арасында бұртиып қалады. Дәстүрлі оқытқанға не жетсін, шіркін. Балалардың мектепке барып оқығаны әлдеқайда жақсы, оқушы мен мұғалім үшін де ұтымды екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ортаның да берер жақсы жақтары көп, ол адамды тәрбиелейді. Қарым-қатынас – өсіп келе жатқан бала үшін өте қажет нәрсе, балаларымыз содан қағылып жатыр, – дейді төрт баланың анасы.

Ал биыл 11 сынып болғандықтан мектепке барып оқып жүрген Ақерке «Алғашқы кездері онлайн оқудан қиналдым. Кейбір тақырыптарды түсінбей қаласың. Бір мезетте бірнеше оқушы уатсаптағы топқа жазып, сұрақ қойғанда бір-біріміздің жазғанымызды оқимыз деп отырғанда ой басқа жаққа бұрылып кетеді» дейді.

Төрт баласы да мектепте оқитын Жадыра Нұрбекқызы балалардың білім деңгейі түсіп кетті деп алаңдаулы.

– Балалардың жаңа тақырыпты дұрыс түсінбейтіні қынжылтады. Ойын да ашық жеткізе алмайды. Мектепте болса мұғалім сол мезетте қатесін түзеп, бір балаға айта отырып, бүкіл оқушыға білім беретін. Қазір баға да қойылмайды. Оқушы тапсырманы орындаса болды, қатемен ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ, – дейді ол.

Дегенмен үйренемін, білім аламын деп талпынған бала қайдан оқыса да еш айырмашылық болмауы керек дейтін ата-аналар да бар. «Балалар мектепке барып-қайтуға да бірталай уақыт жұмсайтын. Қазір үйден оқитындықтан, жолға кететін уақытта жаңа бір нәрсе үйренеді не пайдалы тақырыпта дәрістер тыңдай алады. Ол баланың өз уақытын тиімді жұмсай білуіне байланысты. Ең бастысы, бала вирус жұқтырудан аман», – дейді олар. Өйткені пандемия жағдайында қай ата-анаға болсын баласының амандығы, денсаулығы қымбат. Жасыратыны жоқ, сабақта онлайн отырмын деп телефонның камерасын өшіріп қойып, ойын ойнап, мультфильм, кино көретін де балалар жоқ емес. Күні-түні интернетте отырып, көп уақытын ұйқымен өткізетін оқушылар да бар. Олардың өз аузынан естігенім де осы. Өйткені уатсапта онлайн отырғанымен, камераның артында кімнің не істеп жатқаны белгісіз. Өйткені ата-аналардың көбі күндіз жұмыста. Мәселен, Әлияға қашықтан оқудың бір ұнаған тұсы – үйде отырып немен айналыссаң да өз еркің. Яғни сабақтан бос кезде өзіңнің сүйікті ісіңе уақыт бөлесің. Ал ұнамайтын жағы, «достармен байланысымыз үзіліп қалды және бұрынғыдай емес, жаңа тақырыпты түсіну қиын» дейді. Одан кейін арасында жарық сөніп қалатын кездер болады, интернет желісі дұрыс ұстамай қалады дегендей, техникалық қиындықтар да бар.

Мамандар «қашықтан оқу балаларды шартты түрде озат оқитындар және үлгерімі нашарлар деп бөліп тастайды» деген пікірде. Өйткені нашар оқитын оқушылар қазір бақылаусыз болғандықтан, үлгерімі тіпті нашарлап кеткен. Бұрын «баланың сөмкесі ауыр, омыртқасы қисайып бітті» деп шулайтын едік, олардың қазіргі денсаулық жағдайы да мәз емес секілді. Өйткені телефон мен компьютердің алдында қозғалмай отыратындықтан, көру қабілеті нашарлай бастаған. Отандық офтальмологтер былтыр мектептер қалай қашықтан оқуға көшті, солай көз дәрігеріне қаралатын оқушы саны артқанын айтуда.

– Мен қарайтын науқастар 2 жастан басталып, ары қарай өсе береді. Уақытында жүргізілген терапия, аппараттық емдеу мен үнемі жүргізілетін тексеруге қарамастан, балалардың көру қабілеті айтарлықтай төмендеп барады, – дейді көз дәрігері Ақмарал Есетова.

Қашықтан оқудың балалардың психикалық денсаулығына кері әсер ететінін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да растап отыр. Олар балалық шақ және жасөспірім шақ – нейробиологиялық, мінез- құлық және әлеуметтік дамудың маңызды кезеңі болып есептелетінін айтады. Ал қашықтан оқу мен өзін-өзі оқшаулау адамдармен араласу мүмкіндігін бермейтіндіктен, бұл оқушылардың психикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!