Фото: ашық дереккөзден

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық додасына түсіп жатқан таңдаулы туындылар қатарында Халықаралық «Алаш» Әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордені мен ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызының «Эсселер» кітабы да бар. (2020 ж. «Дәуір» баспасы)

Бірден басын ашып айтайық, бұ жолы біз «әдебиеттегі үзеңгілес дос» Ханбибінің шығармашылығын талдап-таразылауды мақсат етпедік. Ол – кәсіби сыншы, әдебиеттанушы ғалымдардың еншісіне тиесілі нәрсе. Ал біздің ниет: оның қаламынан туындаған дүниелердің өзімізге ұнаған тұстарын сол қалпында елге көрсетіп бөлісу. Болды! Біз «әдебиет айдынына» өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында кеп қосылған тұма бұлақтар едік. «Ақындар провинцияда дүниеге келіп, Парижде өледі» дейтін француз тәмсілі кең таралып жатқан сол тұстары жастар өздері тұратын аймақтан Алматыға қоныс аудара бастаған-ды. Бірақ Ханбибі ғана орнынан қозғалған жоқ. Өзінің шырайлы шаһар – Шымкентінде отырып-ақ, мұқым елге танылды. «Хан қызындай Ханбибі» атанды.

Анна да емес, Марина да емеспін,
Дала кезген аруана – елеспін.
Фариза да, Ақұштап та емеспін,
Ешкіміңмен келмес, сірә теңескім! – деп, өлең өлкесіне екпіндеп келген өжет қыздың бірден ғарышқа көз тігуі еді бұл. Өйткені оны ғарыш әлемімен байланыстырар тылсым бір күш бар-ды. Оған дәлел ретінде мына жайтты айтсақ та жеткілікті. Ханбибінің анасы түсінде екі жүзді қанжар тауып алып, үйілген құмның арасына жасырып қояды. Осы түсінен кейін ұзамай босанып, маңдайын жапқан қалың шаш, жауырынында бір қарыс жалы бар айрықша нәрестені дүниеге әкеліпті. Сол сәтте оның кіндігін кескен әйел «қызыл шақалақты» жоғары көтеріп тұрып, «Мынау ұл болғанда Есенқараның сорын кесіп жіберердей екен. Әттең, қыз болғаны-ай!» деп өкініш білдірсе керек. Ерге бергісіз сол қыз бала есейе келе, шынымен-ақ екі жүзді қанжарды қолына ұстайды. Бір жүзі – өткір өлең болса, екіншісі – қиып түсер қарасөз! Оның екеуі де осал емес. Осылай екі жанрдың ауыр жүгін көтерген нар қызымыз Ханбибі бүгінде ерлеп тұр. Қаламы сайлы, қанжығасы майлы. Талай көркем туындыларды жаратты. «Талант тағдыры», «Жібек» деректі повестері, қысқа әңгімелер, небір аңыз хикаяттар мен естелік-жазбалары жетіп-артылады. Біздің қазіргі әңгімеміз оның «Дәуір» баспасынан жарық көрген «ЭССЕЛЕР» кітабының төңірегінде өрбімекші.

Хош! Басында айтқанымыздай, жарық дүние есігін ерекше сипатта ашып кірген құрбым мектеп қабырғасында, жоғары оқу орнында жүріп ақ ерекше «тұлғалармен» өмір жолы кездейсоқ тоғысып, танысып үлгеріпті. Бұны «кездейсоқтық» деуге де болмас, турасын айтқанда бұл – Тәңір сыйы!

«…1964 жылы Сарыағаш қаласында М.Әуезов атындағы мектептің 9-шы класында оқушы едім. Үзіліс кезінде құрбыларыммен су шашып ойнап тұр едік, менен екі класс жоғары оқитұғын Гүлжамал: – Әне, ақын кетіп барады, Төлеген Айбергенов! – деді.

Бәріміз ойынды тоқтатып, соңынан аңыра қарап қалдық. Тірі ақынды тұңғыш көруім, жүрегім қатты соғып кетті. «Қуып жетіп сәлемдессем бе екен» деген ойымды батылсыздық пен дәрменсіздік жеңді. Сөйтсем, ол кісі осыдан екі жыл бұрын Сарыағашқа көшіп кеп, мен оқитын мектеп жанындағы жұмысшы-жастарға білім беретұғын кешкі мектепке директор болып орналасыпты ғой. Оны кейін білдім» – дей келе Ханбибі әңгімесін әрі жалғайды.

– «Бұл күз айы еді. Мектептегі қабырға газетіне шыққан өлеңдерімді қадағалап жүрген Рәбиға апайым: «осыларыңды аудандық газетке апарып көрсең қайтеді?» деді. Мектеп пен редакция арасын қиып өтетін бір-ақ көше бар, тіптен тиіп тұр. Жалғыз қабатты ескі үйге имене кіріп, есікті қақтым. «Кіріңіз!» дегенді естіп ішке кірсем, кілең ер кісілер. Бәрі шетінен көңілді, жүздерінен жарқын леп еседі.

– Ой, айналайын, өлең жазып жүрген қарындасымыз өзің екенсің ғой – деді сүйеулі балдағы қасында тұрған бір ағай жылы тіл қатып, – Жолың болады екен, қарағым, өзіміз де сирек көретін мына Төлеген ағаң бүгін редакциямызға бас сұққан еді, өлеңдеріңді көрсетіп ал!

Ақын маған қадалып бір қарады да, қайта көз салмады. «Өлеңдеріңді әкелші!» Сөйтті де менің талай күн жазған өлеңімді қас-қағым сәтте шолып шықты.

– Мынауың үлкен арнаның бастауы екен, қарағым, сен түбінде бір қараға жетіп жығыларсың…

Дәптерімнің ашық тұсына бірдеңе жазуға оқталып отырып, аз-кем уақыттан соң өлеңмен қолтаңбасын қалдырды.

Ұшуға қанат қомдаған,
Аққудай көкке самғаған.
Құралай көзді ақын қыз,
Ақұштап ізін жалғаған.
Сен шыққан биік – жоқ әлі,
Сен шықпақ биік – жоғары.
Алқынып туған жас жүрек,
Қиып түссем деп соғады!
Ақындықтың «алтын тағында» отырған Төлеген ағамен тұңғыш жүзбе-жүз жолығысуымыз еді бұл.

Міне, оқушы кезінде-ақ арынды ақын Айбергеновтен қолтаңба алған жас талант мектеп бітіріп, студент атанғанында батыр Бауыржан Момышұлының да батасын алып үлгеріпті. Ханбибінің «Айбарлы атам еді» эссесіне көз жүгіртейік:

«Бүгін Шымкентке Бауыржан батыр келіпті, қаласаңдар бәріміз сәлем беріп шығалық!», – деді бір әдеби кездесуден кейін жазушылар бөлімшесінің сол тұстағы жауапты хатшысы Нәсрдеддин аға. Бір ауыздан қостай кеттік. Ол кісі «Восход» қонақ үйінде екен. «Сырдаң суы сирағынан келмейтін» лапылдақ ақындардың Бауыржан аға бөлмесінің алдында пәпігі басылып қалғаны. Есікті жайлап қақтық.

– Кімсіңдер?
– Сәлемшілерміз, Бауке!
– Сәлемші болсаңдар төрлетіңдердер: Ал жай мені көруге келсеңдер зытыңдар, мен сендерге зоопарк емеспін…

Бас-аяғы 5-6 адам қатар тұрған орындықтарға жайғастық. Жолбасшымыз бәрімізді шетінен таныстырып: «мына бала Ханбибі деген қарындасыңыз» – дей беруі мұң еді, Баукең мені көзімен бір шолып өтіп:

– Сен, пұшық, не деп отырсың, қайдағы қарындас?.. Бұл – менің балам, тіпті немереммен қатарлас қой, – деп айқай салды.

Бәріміз үнсіз қалдық. Аздан соң қайта сабасына түскен батыр ата бізбен біраз әңгімелесіп отырып, соңынан маған түксие бір қарады да: «Балам, менің адам танитыным рас болса, жолың болмай жүрген сияқтысың, бәлкім жәрдемім тиіп қалар, жасырмай айт!» − деді. «Бұ кісіде көріпкелдік бар ма?» деп таңырқамасқа амал кем. Шынында алаңдаулы едім, санаулы күннен соң мемлекеттік емтихан басталмақшы. Неге екені өзіме де белгісіз, кезінде менің ақындығымды қолдап-қолпаштап жүрген бір ұстазымның маған суық қарап: «сені емтиханнан құлатамын» дегені ойымнан шығар емес. Осы жәйтті қинала отырып атаға жеткіздім. Әлгі мені қорқытқан кісінің ныспысы таныс болса керек, қарқылдап бір күліп алды да, бірден қағаз сұрады. Ұстазымның фамилиясын бұрмалаңқырап жазып, әрі қарай тездете араб әріптерін қағазға түсіре бастағанын көзім шалып қалған-ды. «Апарып бер!» − деді сосын маған ұстатып.

…Ертеңіне ертелете сабаққа келдім. Қолымдағы қағазды ұстазыма бердім. Ол бұрмалана жазылған өз фамилиясына аздап кідіргенімен, әрі қарай тездете оқыды, сосын маған қарап «оқып берейін бе?» − деді студенттердің көзінше…

− Ал, ендеше тыңда, фамилиямды болса да түсіндің ғой, арабша жазылғаны мынау: «Балаларды саған тапсырдым, сені Құдайға тапсырдым. Құлатсаң – атыласың! Бауыржан». («Айбарлы атам еді» естелігінен.)

…Міне, жазушы, һәм батыр Бауыржан атасының тілдей қағазға түскен «пілдей» бірауыз сөзі студент Ханбибінің түйінді мәселесін бірден шешіп берген-ді: «Құлатсаң – атыласың!». Құлаққа түрпідей тисе де, қатқыл сөздің қатпарында жасырын жатқан қаншалық жанашырлық сезім, мейірім-шапағат барын есті адам білсе керек-ті. Бұл − сонысымен құнды!

«Сарыағаштың сарғалдағы − қазақтың хан қызындай Хан-апасы Есенқарақызын бастапқы өмір баспалдағында қолтығынан демеп, «тасын өрге домалатқан» кімдер еді?» дегенде, алдымен тілімізге жасын ғұмырлы Төлеген Айбергенов пен айбынды жазушы-батыр Бауыржанның ілігетіні рас. Бұлардан бөлек әр жылдары кезең-кезеңімен кезігіп Ханбибіні өздеріне магниттей тартып отырған ірі тұлғалар жетіп-артылары да шындық. Қаһарман Қасым Қайсенов, махаббат жыршысы − Әзілхан Нұршайықов, айтөбел абыз жазушы Әбіш Кекілбаев, «поэзия патшайымы» − Фариза Оңғарсынова, тағы да басқалар бар «таудай алып тұлғалар» қаншама десеңізші! Қазір сол «толағайлардың» өзімен иық теңестіруге жарап қалған Ханбибінің қашан да жұлдызы жоғары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері болуға нағыз лайықты тұлға! Біздің Сыр жастары да Хан-апаларына бойын түзей өсіп келе жатқандығы – соның бір айғағындай.

Жұлдыздай аққан жүйрігіміз өз мәресін кесіп өтеріне бек сенімдіміз!

Қатира ЖАЛЕНОВА,
Халықаралық «Алаш» Әдеби сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері, ақын

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!